13 Қараша, 2010

Сыбайластықпен күрес саябырсымайды

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Оның жұмысын ашқан Қа­нат Саудабаев өзінің кіріспе сө­зінде жыл қорытындысы бойын­ша жемқорлықпен күресті зерт­тейтін халықаралық ұйымдардың рей­тин­гі бойынша Қазақстан­ның бұл істе жоғарырақ көте­ріл­генін атап өтті. Осы орайда ол Сыбайлас жемқор­лық пен эко­но­микалық қылмысқа қарсы кү­рес агент­ті­гінің жемқор­лыққа тосқауыл қою тұрғысындағы оңтайлы жұмыстар атқарғанын ау­ызға алды. Осы агенттіктің бас­шысы Қайрат Қо­жам­жаров өзінің сөзінде Қа­зақ­станның халықаралық рейтингте 120-шы орыннан 105-ші орынға көтеріл­генін жеткізді. Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ша­ра­ларының аграрлық сектор мен құрылыс индустриясында қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде атал­ған сала басшылары Ақыл­бек Күрішбаев пен Серік Нокин баяндама жасады. Олардың ба­ян­дамаларын қорытқан сөзінде Қ.Саудабаев ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқор­лық­ты болдырмау – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және отандастарымыздың әл-ауқатын арттыратын маңыз­ды фактор екенін атап өтті. Сон­дықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық секторды дамытуды маңызды басымдық­тар­дың біріне қосып отыр. Ел­басының тапсырмасына сәйкес, бұл салаға бюджеттен аса қо­мақ­ты қаражат бөлінуде. Біз олар­дың орнына жұмсалып, әрбір теңгенің саланың дамуына, ау­ыл­дың гүл­денуіне қызмет ет­ке­нін қалаймыз, деді Мемлекеттік хат­­шы – Сыртқы істер министрі. Ал Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин­нің баяндамасы бойынша сөйле­ген сөзінде Қанат Бекмыр­заұлы әлемдік экономикалық дағдарыс­тың салдарынан Қазақ­станның құрылыс индустрия­сын­дағы ауыр проблемаларды еске алды. Осын­­дай ауыр ке­зеңде Елбасы Н.На­зарбаев сек­тор­ды қиын жағдайдан шығаруға үлкен күш жұмсап, айтарлықтай қаражат бөлдірді. Президент тарапынан осындай қамқор­лық­қа бөленген салада ешқандай сы­байлас жемқорлыққа жол бер­меу­ге міндеттіміз. Барлық құ­ры­лыс нысандары сапалы әрі өзінің уақытында салынып бітуге тиіс, деп атап өтті ол. Отырыс қорытындысы бой­ын­ша комиссия мемлекеттік орган­дарға агроөнеркәсіп кешені са­ла­сындағы сыбайлас жемқор­лық­ты жоюға бағытталған шара­лар қол­да­нуға, осыған сәйкес жа­ңа кадрлық саясат жүргізуге, сон­дай-ақ инвес­тициялық жоба­ларды іске асыру бағытында мем­­лекеттік органдар­дың бақы­лау­­­ын күшейтуге ұсы­ныстар жасады. Осы отырыста басшы қыз­мет­керлер өкілеттіктерін қайта­дан бөлудің нәтижелеріне орай Қау­іпсіздік Кеңесінің хатшысы Ма­рат Тәжин Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес жөніндегі ко­мис­сияның мүшесі қызметінен оның төрағасының орынба­сар­лы­ғына ауыстырылғаны белгілі болды. ХАЛЫҚПЕН “КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫҢ” ҰТЫМДЫ ТЕТІГІ Халықпен “кері бай­ла­ныс” қа­лып­тас­ты­ру­дың ма­ңызды те­­тікте­рінің бірі – партияның қо­ғамдық қа­был­­дау бө­лім­де­рі. Бүгінгі кү­ні “Нұр Отан” партиясы 16 об­лыста, Астана мен Алматы қала­ларында және 241 аудандық және қалалық құрылымдарда қоғамдық қабылдау бөлімдерін ашқан. Партияның Орталық аппара­тын­да азаматтарды қабылдаудан бас­қа, Парламент Мәжілісіндегі “Нұр Отан” ХДП фракциясы мүшелері тұрақты түрде қабылдау өткізіп, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, банктер мен басқа да ұйымдардың жетекшілері, Қазақстан Адвокаттар одағының, “Қоғамдық қорғау” РҚБ-нің өк­ілдері азаматтарға тегін консуль­та­тивтік-құқықтық кеңес береді. Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдауында партия Төрағасы­­ның бірінші орынбасары Нұрлан Ны­ғ­­­­матулин кезекті рет азамат­тарды жеке мәселелері бойынша қабыл­дады. Адамдар түрлі мәселе­лермен келеді. Атап айтар болсақ, ТЖМ ардагер-қызметкерлер кеңе­сінің төрағасы Нұрпейіс Ақпаров Ас­та­надағы емханалар мен госпи­­таль құ­рылысына көмек көрсетуді өтін­се, “Қазақстан мүгедектер одағы” Рес­публикалық ұйымының төр­­ағасы Әли Аманбаев Парламент Мәжілісіндегі “Нұр Отан” ХДП фрак­циясына мүше депутаттардың кө­мегімен Мүгедектердің құқығы ту­ралы конвенцияны ратифика­ция­лау жөнінде, сондай-ақ мүге­дек­тер­дің халықаралық қоғамдық кеңе­сін құру туралы тілегін алға тартты. Қоғамдық қабылдауға кел­гендер сонымен қатар, “Бизнестің жол кар­тасы – 2020” және үде­мелі индус­­­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламаларын жүзеге асы­ру ая­сын­­да­ғы маңызды өндірістік нысан­дар­дың құрылысы мәселе­ле­рін сөз етті. Қабылдау барысында Нұрлан Нығматулин: “Елбасы, партиямыз­дың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға халық пробле­масын шешудің тиімді жүйесін табу, барлық жерде партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысын күшейту туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан бүгінгі күні кез келген азаматтың өтінішін жауапсыз қалдырмау – біздің басты мақса­тымыз”, – деп баса атап өтті. Жалпы, ағымдағы жылдың ба­сынан бері партияның қоғамдық қа­­­былдау бөлімдеріне барлығы 69397 өтініш түскен. Осы орайда мем­­лекеттік және өкілетті орган­дар­дың қарауына 21070 өтініш жібе­ріл­­­се, оның 17001-і бойынша, яғни қа­­рауға жіберілгендердің 81%-ына жау­ап алынған, оның – 8894-і не­­месе 52 %-ы қанағаттандырылған. Жақсыбай САМРАТ,  “Егемен-ақпарат”.