13 Қараша, 2010

Болар елдің баласы үшін

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Болар елдің тірлігі деп біліңіз, ен­дігі жерде еліміздің коммерция­лық колледждерінде оқитын кө­мекке мұқ­таж, әлеуметтік жағынан аз қорғалған студенттер “Кәсіп­қой” Президенттің бірегей ко­ман­дасы” атты стипендия бойынша 1200 талапкер тегін білім алатын болады. Әртүрлі кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттеріне ақы­сыз білім беруді куә­лан­ды­ратын серти­фи­каттар жуырда Астанадағы сауда-эко­номикалық колледжінде та­быс­талған болатын. Одан кейін бұл са­уап­ты бастама Алматыда жалғасын тапты. – Мұндай тамаша идея Ал­маты қаласының колледждері ассоциа­циясында туды. Биылғы Астана күні мен Мемлекет бас­шы­сының мерей­тойы қарсаңында аталмыш қауым­дас­тық республи­ка­мыздағы барша техникалық жә­не кәсіби білім беретін оқу ме­ке­мелеріне хабарла­сып, осы бас­та­маны қолдау мақса­тында әлеу­мет­тік жағынан қорғал­маған студент­тер үшін стипендия тағайындауды сұраған еді, – дейді Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кә­сіби білім беру департа­менті бас­қар­масының бас­тығы Ғалия Дәулетова. Колледждердің директорлар ке­ңесі дер кезінде қолға алған бұл идея­­­ны бүкіл Қазақстанға үлкен ықылас­пен таратып, бастамаларын баянды етуге қол жеткізді деуге бо­лады. Ең ғанибеті – осындай сауапты бастама мемлекеттік емес колледж­дер тарапынан қолдау тауып қана қоймай, құлашын да жая бастады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы 172 стипендия, Шығыс Қазақстан – 156, Жамбыл облысы – 108, Қостанай облысы – 84, Ақтөбе облысы – 72, Алматы қаласы 60 тегін грант бөліп отыр. Дәл осындай көлемде Маңғыс­тау, Павлодар, Қы­зылорда мен Ақмо­ла облыстарын­дағы кәсіби колледж­дерде жақсы оқитын, қаржыға зәру студенттер тегін білім алатын болады. Ал Астана қаласы бойынша 84 бала ақысыз білім алатын болса, студент­тердің 9-ы мүгедек, 45-і тұрмысы төмен немесе  көп балалы отбасыла­ры­нан шыққандар. Мұн­дай мүмкіндікке ие болғандар арасында  оралман қандастарымыз­дың да балалары бар. Қорыта айтқанда, болар елдің қолға алған  “Кәсіпқой” стипен­дия­сын тағайындау Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2008-2012 жыл­дарға арналған мемлекеттік-тех­ни­калық және кәсіби білім беруді дамыту бағдарламасына қосылған халықтық үлес деп білу керек. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.