06 Қараша, 2010

Дүбірге толы дүние

522 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ДОСТЫҚ ЖАҚСЫ, АЛ ПАРАСАТТЫЛЫҚ ОДАН ЖОҒАРЫ Соңғы кезде Абхазия республикасы мен Оңтүстік Осетия республикасының тәуелсіздігін Ресейдің дос, одақтас елдері неге танымайды деген әңгіме көбірек айтылып жүр. Және әртүрлі тұжырым жасалады. Біріне қосыласың, біріне қосылу қиын. Расында да бір ел өзінің тә­уел­­­сіздігін жария­ласа, оны танығаны мақұл-ақ көрінеді. Абхазия мен Оң­түстік Осетия жақ­­­сы жолмен өзі­­нің тәуел­сізді­гін жариялап жат­са, оны құттық­таған, таныған елдер талайға жетер еді-ау дейсің. Ал шындығы бас­қаша. Ресей оларды Грузия дейтін тәуелсіз елдің қоң етінен кесіп алғандай етіп, соғыспен бөліп алған соң, ешкімнің ондай тәуелсіздікке жүрегі елжірей қойған жоқ. Жалпы, Грузияны бөлшектеу, оны өзіне кіріптар ету Ресей сая­саты болғаны даусыз. Сол Абхазия мен Оңтүстік Осетияға өз төл­құжат­тарын таратқаны, сөйтіп, олардың тұрғындарының түгелге жуығы Ресей азаматтары санал­ғаны да шындық, кейін оны өз азаматтарын қорғадық деп бас­қын­шылық әрекеттерін ақтағаны да белгілі. Сөйтіп, бұлардың Гру­зияның аумағынан бөлшектенуін тәуелсіздік деп тануға көп елдің бармағанына да әбден түсініс­тікпен қарауға болады. Рас, Ресейдің осынау екі құ­ры­лымның тәуелсіздігін тану жөнінде өзінің жақын елдеріне айтарлықтай қолқа салғаны да, әртүрлі жолдар­мен ықпал еткісі келгені де анық. Бұған бай­ланыс­ты Ресей мен Бело­руссия ара­сындағы келіспеушілік туралы бұрын толығырақ тоқтал­ғанбыз. ТМД-ға мүше басқа да елдермен бұл мәселеге байланысты ұсыныс­тар ашып айтылмағанымен, қи­сын ондай әңгіме, ұсыныстардың болғанын аңғартады. Айталық, Қырғызстанға берілген қыруар қаржының арғы жағында АҚШ-тың қырғыз әуежайын пайда­лануын шектеумен қатар, Ресейдің Кавказ саясатын қолдау да тұрғаны күмәнсіздей көрінеді. Өзінің ең жақын әскери одақтасы Арме­ниямен бұл жайында әңгіме болмауы мүмкін еместей. Бірақ посткеңестік аймақтағы ешбір ел Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты сая­сатын құптамады. Бұған байла­ныс­ты батыс сарапшылары біраз болжам айтады. Украина Ресейді қолдап, Батыспен жүз шайысқысы ке­лмеді, сондай-ақ Қырым мәсе­лесі де оған жол бермес еді, дейді. Армения болса, көр­шісі жә­не сырт­­қа шыға­тын көпір іспеттес Гру­зиямен араз­даса алмайды. Ал Әзірбайжан Аб­хазия мен Оңтүстік Осетияны таныса, Таулы Қара­бақ­тан біржола күдер үзер еді деген­ді алға тосады. Молдова болса, оның танылмаған бөлшегі Прид­не­стровье­сі бар. Сол сарапшылар орта­азиялық елдердің де аталған екі “тәуелсіз мемлекетті” танымауы­ның біраз себептерін келтіреді. Ал Қазақстан Ресейді қолдап, Гру­зияны, Еуроодақты, АҚШ-ты, тағы басқа елдерді өзіне қарсы қойғысы келмеген көрінеді. Белгілі дәрежеде жоғарыда ай­тылған себептердің қисыны да бар шығар, бірақ басты себеп басқада – парасатқа жүгінгендер 2008 жылғы тамыздағы “бес күн­дік со­ғысты” да, ондағы Ресей­дің жеңі­сін де, сол жеңіс арқасында кел­ген Абхазия мен Оңтүстік Осетия­ның тәуелсіздігін де қолдауы қиын. Ресейдің дос елдері түрлі се­беп­терге байланысты қолда­маған күнде, Ресейге ешқандай кіріптарлығы жоқ басқа мемлекет­тер қолдауы мүмкін еді ғой. Қолдамады. Бұл қолдайтындай саясат емес еді. Жоқ, біз кейбір қолдағандар­дың болғанын ұмытып отыр­ғанымыз жоқ. Олар бар, саны да белгілі – үшеу: Венесуэла, Ника­рагуа және Науру. Бірақ Ресей дипломаттары осыған орай біздерді қолдайтындар бар деп айтуға ұялар еді. Бұл қолдағандық емес, қолдамаған­дықтың жарқын мысалы. Бәлкім, Мәскеудің бұл елдерді тауып алғанының өзін ерлікке санауға болар, сонау Океаниядағы үлкен бір ауылдай ғана Наурудың (халқы – 13,4 мың, жері – 21 шаршы ша­қы­рым) үлкен саясатқа құлақ түріп, Ресейдің саясатын қолда­ғаны­на таңданасың. Күлкің келеді. Антикалық ұлы философтың “Платон менің досым, бірақ шын­дық қымбатырақ” деген қара­пайым да ұлы қағидасы, сірә, осындайда айтылған-ау дейсің. Дос елді сыйлауың керек, бірақ парасаттан аттау қиын. АЛЫП ЕЛДІ ӘЙЕЛ ҚАЙРАТКЕР БАСҚАРАДЫ Бразилияда өткен президент сайлауында елдегі билеуші Еңбекшілер партиясының өкілі 62 жастағы Дилма Руссефф жеңіске жетті. Оңтүстік Америкадағы ең алып елді алғаш рет әйел қайраткер басқаратын болып отыр. Жұрт оны ал­ғашқы турда-ақ жеңеді деген. Сон­­­да ол 47 па­йыз ғана дауыс алып, 33 пайыз дауыс жинаған социал-демо­кра­тиялық пар­­тия­ның кө­семі Жозе Серра­мен екін­ші турға шық­­қан. Атап айтатын жәйт: екінші тур­да Серра өзіне көбірек дауыс қосты. Бірақ бәрі­бір қорытын­ды­сында Руссефф одан 12 пайыздай артық дауыс жинады. Руссеффтің жеңісіне күмән тумағандығы – ол қазіргі прези­дент Луис Инасиу Лула да Силва­ның қолдауына арқа сүйеді. Ал Силваның халық арасындағы беделі айрықша күшті. Ол екі мер­зім билік тізгінін ұстаған кезеңде Бразилия барлық салада, тіпті сая­сатта да, айтарлықтай алға басты. Соған орай халық арасын­да оның үшінші мерзімге сайлануы жайын­да сөз де болған. Бірақ президент оған бармады. Дилма Руссеффті толық ма­ғы­насында да Силваның адамы деген жөн. Бүгінге дейін бес жыл мерзімде ол президент ап­параты­ның жетекшісі болды. Жалпы, Силваны жақтаған адам Рус­сеффті де қолдауға тиіс еді. Осы жерде президент те Сил­ваның халық арасынан шық­қа­нын, сол халықтың мұң-мұқта­жын жақсы түсінетінін айтқан жөн. Ол аяқ киім тазалайтын бала­­дан, фабриканың қатардағы жұмысшысынан Оңтүстік Амери­ка дейтін құрлықтағы ең үлкен елдің басшысына дейін көтеріл­генде, өз тегін ұмытқан жоқ. Ең алдымен сол қарапайым халық­тың жағдайын жақсартуды көз­деді. 20 миллион адамды қайыр­шылық жағ­дайдан алып шықты, 30 мил­лион адамды төменгі тап деңгейі­нен орташа тап деңгейіне көтерді. Дилма Руссеффтің өз өмір­баяны да, ұстанған бағыты да жұртқа жаққандай еді. Ол – Бразилияға эми­грацияланған бол­гар коммунисі Петр Русевтің қы­зы. Әкесі осын­­дағы бір байдың қызына үйленіп, таршылықсыз өмір кешті. Сөйт­се де Дилма сая­сатқа ертерек ара­ласып, елдегі сол кездегі дик­татор­лық билікке қарсы күресті. Түрмеге де қамалды, азап та шек­ті. Түрмеден шыққан соң, эконо­микалық білім алып, біршама қаржылық, энерге­тикалық салада басшылық жұмыс­қа араласты. Солшыл көзқарас оны да Сил­ваның Еңбекшілер партия­сына алып келді. Оның көсемі прези­дент болып сайланғанда, Дилмаға бірден энергетика ми­нистрлігін ұсынып, онан соң өз аппаратын басқаруды тапсыр­ды. Өзінің сай­лау науқаны кезіндегі сөздерінде қазіргі прези­денттің жолын жалғастырамын дегенде, Руссефф сол бағдарламаны жасау­ға да өзі тікелей қатысқан. Күрес бар жерде өз қарсы­ласын мұқату да жүреді. Оған қар­сылар оның моральдық бей­не­сін сөз етті: Дилма екі рет ажырасқан екен, тіпті сайлау қарсаңында бетіне пластикалық операция жасатып, жұртқа жақсы көрінгісі келді деп те айыптаған. Бәрібір жұрт Дилманы таңдады. Бәлкім, біраз сайлаушының көңілінде әйел азаматтың қа­рыш­тап өркендеп келе жатқан Бра­зилиядай алып елді бас­қаруына күмән де болған шығар. Әйел аза­мат­тардың ел басқарған мысалы та­рихта аз емес. Кешегі Индира Ган­диді, Маргарет Тэт­черді айтпа­ғанда, қазіргі күнде ел басқарып отырған әйел азаматтар ондап са­на­лады. Олардың ішінде ГФР канц­­лері Ангела Меркельді, Бра­зи­лияға көр­ші Аргентинаның прези­денті Крис­тина де Кирш­нерді, Бангладештей мұсылман мемлекеті­нің басшысы шейх Хасина Вазетті, Австралиядай құр­лық-мемлекеттің премьер-министрі Джулия Гил­лард­ты ата­сақ та біраз ой тұжырым­дауға бо­лар. Сол мықтылардың қатары­нан енді Дилма Руссеффті де көреміз. Мамадияр ЖАҚЫП