06 Қараша, 2010

Жапон іскерлерінің қызығушылығы

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Осака қаласында Қазақстан Рес­публикасының Жапониядағы елшілігінің бастамашылығымен және Қазақстан Республикасының Кансай өңіріндегі Құрметті консулдығымен, сондай-ақ Осака қаласының сауда-өнеркәсіп пала­тасының ынтымақтастығымен Қазақ­станға арналған экономикалық форум болып өтті. Оған Жапонияның іскер топтарының, Сыртқы істер, Эко­номика, сауда және индустрия министр­ліктері­нің, академиялық топтардың және БАҚ-тардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, аталған өңірдегі ірі, орта және ша­ғын бизнестің 150-ден астам өкілі келді. Шара барысында Қазақстанның Жапониядағы елшісі А.Камалдинов жапон бизнесмендерінің назарына Қазақ­станның инвестициялық мүмкін­дік­терін ұсынып, Индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламалары және Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңнен соң алда тұрған міндеттері туралы әңгімеледі. Шара аясында арнайы дайындалып, еліміздің экономикалық дамуына, инвестициялық ахуалына және туристік әлеуетіне арналған ақпараттық-имидждік материалдар ұсынылды. Кансай Жапониядағы аса дамыған қаржы-экономикалық орталық және өнеркәсіптік өңір болып табылады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.