Әлем • Бүгін, 10:25

АҚШ-та Трамптың жақтаушысын атып кетті

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-та белгілі консервативті блогер және саясаткер Чарли Кирк оққа ұшты. Ол Юта штатының Utah Valley University университетінде өткен «American Comeback Tour» атты сапары кезінде жараланып, ауруханада көз жұмды. Оқиғаға шамамен 3 мыңға жуық адам куә болды, деп жазады Egemen.kz.

АҚШ-та Трамптың жақтаушысын атып кетті

Оқиға қалай болды?

Юта штатының қоғамдық қауіпсіздік департаментінің хабарлауынша, оқ 12:20 шамасында (Астана уақытымен 01:20) атылған. Алдын ала деректер бойынша, шабуылшы университет кампусының ішкі алаңына жақын маңдағы ғимараттың шатырынан оқ жаудырған.

Кирк мойын тұсынан жараланып, ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Дегенмен көп ұзамай АҚШ президенті Дональд Трамп оның қаза тапқанын растады. CNN-нің хабарлауынша, атыс сәтінде Чарли Кирк аудиториядан түскен сұраққа жауап беріп тұрған.

 

Чарли Кирк кім еді?

1993 жылы 14 қазанда Иллинойс штатында дүниеге келген Кирк АҚШ-тағы консервативті қозғалыстың алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі болды. Ол Дональд Трамптың серіктесі әрі Make America Great Again қозғалысының белсенді қолдаушысы ретінде танылды.

Чарли Кирк – Turning Point USA ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл ұйым жастарға еркін нарық, қаржылық жауапкершілік және мемлекеттің шектелген араласуы идеясын насихаттайды. Қазіргі таңда ұйымның бөлімшелері АҚШ-тағы 850-ден астам колледжде жұмыс істейді.

Кирк түрлі университеттерде жиі сөз сөйлеп, подкаст жүргізіп, әлеуметтік желілерде миллиондаған аудитория жинады. Ол Украинаға беріліп жатқан әскери көмекке қарсы пікір білдіріп, иммиграция, ЛГБТ-қозғалысы және гендерлік саясатты сынады.

BBC жазғандай, оның қызметі әсіресе Аризона штатында республикалық сайлаушыларды жұмылдыруда маңызды рөл атқарды. Кирк Ақ үйге жиі барып, осы жылдың қаңтарында Дональд Трамптың инаугурациясына қатысқан.

Тергеу мен зерттеу

Алғашында полиция күдікті ретінде басқа адамды ұстағанымен, кейін ол оқиғаға қатысы жоқ екені анықталды. ФБР дерегінше, негізгі күдікті қолға түсті. Қазір федералдық органдар мен Юта штатының құқық қорғаушылары бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр.

Қаза тапқан блогерді еске алу шаралары елдің бірнеше өңірінде өтті. Аризонада діни ұйымдар мен жергілікті тұрғындар дұға оқып, Нью-Йорк Yankees бейсбол командасы ойын алдында бір минут үнсіздік жариялады. Конгрессте де Чарли Киркті еске алуға арналған үнсіздік сәті өткізіледі.

Дональд Трамп бүкіл ел аумағында жексенбіге дейін мемлекеттік жалауларды төмен түсіруге тапсырма берді.

«Ешкім жастарды Чарли секілді түсініп, оларға қамқор бола алған жоқ. Біз оны сүйдік һәм сүйіп өтеміз», деді Трамп Truth Social парақшасында.

Ал бұрынғы президент Джо Байден мұндай қанды оқиғалардың АҚШ-та тоқтауы қажеттігін айтып, Кирктің отбасына көңіл айтты. Юта штатының губернаторы бұл оқиғаны «саяси қылмыс» деп бағалады.

Еске сала кетейік, өткен жылы Дональд Трамптың өзіне де қастандық жасалған болатын.