06 Қараша, 2010

“Нұр Отан” және “Әділет”: жемқорлықпен күрес жолдары жетілдіріледі

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыда “Көп бейнелі жемқорлық: қазіргі жағдайы және онымен күрес тәсіл­дері” атты дөңгелек үстел болып өтті. “Әді­лет” демо­кра­тиялық партиясының “Нұр Отан” халық­тық-демократиялық партиясы­мен бірлесіп өткізген жиынында негізінен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқынын арттыру мен оны одан әрі жетілдіру туралы кеңінен сөз болды. Бүгінгі таңдағы басты мәселелердің біріне, аны­ғырақ айтқанда, қоғамның дер­тіне айналып отырған сыбайлас жем­қорлықты жоюға бағытталған іс-шаралар қатары көбей­генімен, нәтиже көңіл көншітпейтіндігі жасырын емес. Бұл жөнінде дөңгелек үстелде сөз алған “Әділет” демократиялық партиясы төр­ағасы­ның орынбасары Төлеген Сыдық атап айтты. Төлеген Сыдықтың пікірінше, “мем­лекеттің жемқорлықпен, өзге де қылмыс­тармен күреске деген ықпалы, дайындығы бүгінде оның демократиялық құндылық­тарға, өркениеттілікке деген маңызды көрсеткіші ретінде қаралатындығы сөзсіз”. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес­тегі ең өзекті жағдай, халықаралық тәжіри­бе­де атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік биліктің саяси ерік-жігері болып табылады. Ал, енді мемлекет басшылығының жемқор­лықпен күрестегі ерік-жігерінің жоғары деңгейде екендігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Мәселен, “Транспаренси интер­нэшнл” үкіметтік емес ұйымының мәлі­метіне қарағанда, біздің елімізде “жемқор­лықты қабылдау индексі” бойынша көрсет­кіш биылғы 2010 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жақсарғаны анық­талды, – дейді Төлеген Сыдық. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда бұл көрсеткіштерге тоқмейілсудің қажетсіздігін тәжірибе көрсетіп отыр. Оның басты себебі, әсіресе, қылмыспен, оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелілікті және жауап­кершілікті талап етеді. “Нұр Отан” партиясы жанындағы Сыбайлас жемқор­лықпен күрес жөніндегі респуб­ликалық кеңестің мүшесі Мұрат Қалма­таевтың есептеуінше, “парақор­лық күресте қоғамның қалың бұқара тобын тартудың, сондай-ақ көпшіліктің бойында жемқор­лыққа төзгісіздік қасиетті тәрбиелеудің қажеттілігі зор”. “Нұр Отан” ХДП сыбай­лас жемқор­лықпен күрестің арнаулы бағдар­ламасын жасады. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, бұл бағдарламаға мемле­кеттік құрылымдар жұмысын азаматтық белсенді бақылау, сонымен қатар, көпшілік арасында жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптас­тыру сияқты маңызды мәселелер енгізілді. “Нұр Отан” және “Әділет” партиялары өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығын төмен­детуге ықпал ететін көлеңкелі құбылыс жемқор­лыққа тосқауыл қою – мемлекеттің ғана емес, сондай-ақ қоғамның барлық мүше­лерінің де басты әрі өзекті міндеті. Әлеу­меттік олқылықты тұрғындардың заңнама­лық біліктілігін арттырғанда жеңуге болатындығы айтпаса да түсінікті. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.