06 Қараша, 2010

Сындарлы сәттер таяп келеді

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биылғы “Шабыт – 2010”-ның басталғанына да 3 күннің жүзі бол­­ды. Дәлірек айтсақ, үміт пен күдікке, толғаныс пен сенімге толы сәттер екінші күнінен басталды десек әбден болады. Өйткені, дәл осы күнде бай­қаудың барлық аталымдары бойын­ша қазылардың жауапкершілік пен ұқыптылыққа толы қызу жұмыстары басталған еді. Осы күндері халықаралық бай­қаудың бірінші және екінші кезең­дері болды. Сегіз номинация бой­ынша қазылар алқасы қатысушы жас­тардың шығармашылық дең­гей­лерін анық­тады. Нақты тоқталатын болсақ, эс­трада өнері номинация­сы­ның хо­реография мен вокал түр­ле­рінен өтетін байқау Конгресс-Холл са­райында, бейнелеу өнері Тәуел­сіздік сарайында, журналистика – Бейбіт­шілік және келісім сарайында, поэзия – орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде, халық му­зы­касы – Президенттік мәдениет ор­та­лығында, классикалық музыка­ның вокал және камералық ансамбль түр­лерінен болатын байқау Қазақ ұлт­тық өнер университетінде бағаланды. Бейбітшілік және келісім са­рай­ында журналистика номинациясы бойынша байқауға қатысқан жас журналистерге арнап қазылар ал­қа­сының мүшесі, танымал қаламгер Амангелді Мырза­бе­ков “Батыс журналистикасының ережелері” атты шеберлік сабағын өт­кізді. “Қазақ журналистикасын­дағы үлкен бір кемшілік – ол кез келген жа­ңа­­­­лықты беру тәсілдері бір-бірінен айнымайтындығында. Журналист әрбір нәрсеге күмәнмен қарау ке­­­рек”, деп өз сөзін бас­таған ол батыс журна­лис­тикасының көп­теген қырларымен бө­лісті. Біраз жылдардан бері шетелдік БАҚ-пен етене таныс Аман­­гелді Мыр­за­беков бү­гінгі таңдағы қазақ жур­­­­налисти­­ка­сына ке­рек қағидат­тар қан­дай деңгейге жеткеніне тоқталды. Оның ай­туы бой­ынша, қазіргі қазақ жур­налисти­касында нақтылық, бей­тараптылық, тәуелсіз­дік жетіспейді. Алайда, қазақ жур­налистикасының дамуына үзілді-кесілді теріс баға беруге болмай­тындығын, бұл салада да талпыныс пен ізденістер, құл­шыныстардың барын тілге тиек етті. “Шабыт – 2010” байқауының аясында өткізілген мәдени шаралар қа­тарында әнші Гүлзира Бөкей­­хан­ның “Әнім саған, туған ел” атты шы­­­ғармашылық кеші мен Астана қала­лық “Көңілді тапқырлар” теат­рының және “Шабыт” фестивалі лауреат­тарының әзіл-сықақ көрсеті­лімін айтуға болады. “Әнім саған, туған ел” атты Гүл­зира Бөкейханның шығармашылық кеші Конгресс-Холл сарайында шы­мылдығын ашты. Халық әндерінен бастап, фольклорлық және эстрада жанрында ән әуелеткен Гүлзираның алуан әуені жиналған көпшілік қау­ымның ыстық ықыласына бөленді. Оның орындауындағы халық әнде­рі ерекше әсерлі шықты. Ойға батырды, жүрек қылын, сезім пер­несін тербеп, көңілге шуақ ұялатты. Кеш ортасында Гүлзираның шы­найы жанашыры Мырзатай Жол­дасбековтің “Қыз дәурен Ақбота” әнінің желісіне түсірілген Гүлзи­ра­ның алғашқы бейнебаянының тұң­ғыш көрсетілімі қаумалаған қауым назарына ұсынылды. Концерт со­ңын­да Президенттік мәдениет орта­лығының директоры, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков сахна төріне шығып, әнші шығармашылығына ақ тілегін арнады. Ал Жастар сарайында өткен Ас­таналық “Көңілді тапқырлар” театры жас өнерпаздарының жарасымды әзілдері мен келісті ән шашулары көрермен ықыласына бөленді. Әр күнгі іріктеуде рухани бай, шығармашылық күш-жігері мықты жастар өнері әділ сарапталуда. Осы жерде мына жағымды жаңалықты айта кетсек дейміз. Биылғы байқауда ең дарынды қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы тапсырылады. Бұл зор жауапкер­шілік жүктейтіні сөзсіз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. --------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.