21 Қазан, 2015

Отан қамбасына 5,4 миллион тонна дән құйылды

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
элеваторСолтүстікқазақстандықтар орақ науқанын ұйым­шыл­дықпен аяқтап, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бұл туралы облыс басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров макарон өнімдерін шығаратын «Сұлтан» ЗММК акционерлік қоғамында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. – 3,2 миллион гектар егістік алқаптарынан 5 миллион 425 мың тонна астық жиналып, орташа түсім 16,9 центнер болды. Жауапты науқанға 4 мыңға жуық серіктестік пен фермерлік шаруашылық белсене атсалысты. Жамбыл, Айыртау, Қызылжар, Есіл аудандарында шығымдылық 20 центнерден айналды. Отан қамбасына жөнелтілген алтын дәннің 40 пайыздан астамы 3-ші, қалғандары 4-5-ші сыныптарды құрайды. Ауа райының құбылмалы болғанын ескерсек, бұл – жақсы көрсеткіш. Келер жыл тұқыммен толық қамтамасыз етілді. Мемлекеттің қуатты қол­дауы арқасында бітік егін өс­кенін айта кеткім келеді. Биыл агроқұрылымдар 17,5 мил­лиард теңге мөлшерінде жеңіл­дікті демеуқаржы алды. Көктемгі-дала жұмыстарына 73 мың тонна арзандатылған дизель отыны алынып, әр литрі 84 теңгеден босатылды. Та­нап­тарға 45 мың тонна мине­ралдық тыңайтқыш сіңі­ріліп, 3 миллион гектар жер герби­­цид­­пен өңделді,–деді Айдар­бек Сей­пілұлы. Ол журналистердің бидайдың сату бағасы қандай болмақ деген сауалына былай жауап берді. Бір тонна 3-ші сыныпты бидай бағасы 38-42 мың теңге төңірегінде. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жергілікті филиалы 42 мың теңгеден сатып алуда. Бүгінде берілген несиенің үштен бірі қайтарылды. Бұл бағытта жұмыс жан-жақты жүргізіліп жатқандықтан, ешқандай проб­лема туындамауы тиіс. Ол қазіргі кезеңде жаңа астықтың өнімдерін қабылдаумен сыйымдылығы 3,4 миллион тонналық 54 элеватор айналысатынын, бұдан тысқары агроқұрылымдарда сыйымдылығы 3,1 миллион тоннаны құрайтын қоймалар орналасқанын, экспортқа 2-2,5 миллион тоннадайы шығарылатынын жеткізді. Бұдан кейін БАҚ өкілдері ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бой көтерген «Сұлтан» элеватор-диірмен-макарон фабрикасында кең өріс алған қызу еңбек барысымен танысты. Лаборатория меңгерушісі Анна Хламованың айтуынша, мұнда күніне 1500-1700 тонна ел ризығы қабылданып, 50-ге жуық макарон өнімдері дайындалады екен. Ол үшін астықтың ақуызы, құрғақтығы секілді сапалық қасиеттері қатты қадағаланады. Осында астық өткізуге келген «Новомихайловка-2003» ЖШС-нің директоры Геннадий Щеголев гектар берекелілігін 23,3 центнерге жеткізген қуанышын БАҚ өкілдерімен бөлісті. Ораққа 14 комбайн жұмылдырылып, қысқа мерзімде еңсеріп шығыпты. Осылайша, астықты өлкенің диқан-механизаторлары берген серттен көрініп, абырой биігінен сүрінбей өтті. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.