04 Сәуір, 2015

Сайлаудың әділ өтуіне атсалыспақ

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде президенттік сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Жамбыл облысындағы филиалы брифинг өткізді.  Бұл ұйымның байқаушылары сайлауға қатысушы әрбір кандидаттың барлығына бірдей жағдай жасалуын қадағалайды және қандай да болмасын құқық бұзушылықтың орын алуына жол бермейді. Яғни, комиссия мүшелері сайлаудың әділ де шынайы өтуіне атсалыспақ. Атап айтқанда, президенттікке кандидаттардың сайлауалды шараларының заңдылығын, БАҚ арқылы насихаттаудағы тепе-теңдікті қадағаламақ. Жалпы облыс көлемінде 461 байқаушы жұмыс жасайтын болады. Ол үшін алдымен байқаушылар үшін семинар-тренингтер өткізіледі. «Байқаушылар сайлау күні сайлау учаскелерінде қоғамдық ұйымның атынан қатысады. Оларға қойылатын басты талаптардың бірі – «Сайлау туралы» Заңды жақсы білу. Сонымен қатар, байқаушылар үшін әдістемелік құралдар, жаднама мен хаттама үлгісімен байқаушы блокноты дайындалды. Филиал офисі жұмысы үздіксіз жүргізіледі, ал дем­алыс күндері арнайы кезекшілік ұйымдастырылған», дейді бұл жөнінде Президенттік сайлауды байқау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Парида Мамедова. Қоғамдық комиссия барлық қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен әріптестік қатынас орнатып, жалпы сайлаудың әділ және халықаралық стандарттарға сай өткізілуін қадағалайтыны жайлы ақпараттандырып отырады. Сайлау аяқталған соң өз жұмысының нәтижесін жария­лайды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.