Аймақтар • Бүгін, 08:02

Шалғай ауылдарға шипа сыйлаған нысандар

3 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының шалғай ауылдарында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы игі бастаманың аясында облыстың екі ауданындағы елді мекендерде жаңа медициналық пункттер пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың қатары толықты.

Шалғай ауылдарға шипа сыйлаған нысандар

Жаңаарқа ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында бой көтерген жаңа медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан про­курорының орынбасары Жігер Малтиков, аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов, аудандық аурухананың басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл жұртшылығы үшін көптен күткен нысанның ашылуы жергілікті тұрғындардың қуа­ны­шын еселей түсті.

Заманауи талаптарға сай са­лын­ған медициналық пункт қа­жетті құрал-жабдықтармен толық қам­тамасыз етілген. Енді ауыл тұрғын­да­ры алғашқы меди­циналық көмек­ті алу үшін аудан орталығына сабыл­май, өз ауылында сапалы ме­ди­­циналық қызметке қол жеткізе алады.

Жалпы, ауданда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту және дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асыры­лып келеді. Қазіргі уақытта бір фельдшерлік-акушерлік пункттің, бес медициналық пункттің және бір дәрігерлік амбулаторияның құ­рылысы толық аяқталып, барлық қа­жетті рұқсат құжаттары рәсім­дел­ген. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуге лицензиялар алынған.

Бұдан бөлек, Жаңаарқа аудан­дық ауруханасының 90 орындық стацио­нарлық ғимаратында жос­парға сәйкес күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Бұл өз кезе­гінде аудан тұрғындарына көрсе­ті­летін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осындай игі бастама Ұлытау ауданының Шеңбер ауылында да жалғасын тапты. Мұнда да жаңа медициналық пункт ел игілігіне берілді. Ашылу рәсіміне Ұлытау ауданы прокурорының міндетін атқарушы, әділет кеңесшісі Сәбит Серимбетов, Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Нысамбаев, ­аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек және ауыл ақсақалдары қатысты.

Ұлытау ауданында да денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Кейінгі жылдары аудан көлемінде бірқатар медициналық нысанның құрылысы қолға алынып, нәтижесінде тоғыз фельдшерлік-акушерлік пункт пен үш медициналық пункттің құ­ры­лы­сы толық аяқталды. Қажет­ті құ­жаттары рәсімделіп, меди­ци­на­лық қызмет көрсетуге лицензиялар алынды.

Сонымен қатар аудан орталы­ғын­да бір мезетте 100 келушіні қабылдай алатын және 20 төсектік орынға арналған жаңа аудандық аурухананың құрылысы қарқынды жүр­гізіліп келеді. Қазіргі таңда құ­рылыс жұмысының 70 пайызы аяқ­талған. Нысанды биыл қараша айын­да пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жа­ңадан ашылған қос ме­ди­­ци­налық пункт ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағыт­талған маңызды әлеуметтік жо­балардың бірі саналады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған нысандар халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті өз елді мекенінде дер кезінде алып, денсаулығына қатысты мәселелерді жедел шешуге жағдай жасалмақ.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай маңызды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға қызмет ете бермек.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:07

Қос шөнжік өмірге келді

Жануарлар • Бүгін, 09:05

Роналдудан қайран болмады...

Футбол • Бүгін, 09:03