Басылым • Бүгін, 09:55

Бекзат болмысы – түрік тілінде

1 мин
оқу үшін

Түркия астанасы Анкарада Олим­пиада чемпионы Бекзат Саттар­хановқа арналған кітап жарық көрді. «Ақындардың көзінде һәм сөзінде Бекзат Саттарханов» атты еңбек түрік тілінде басылып шықты.

Бекзат болмысы – түрік тілінде

Кітапта боксшының өмір жолы қысқаша баяндалып, оған арналған 35 автордың 45 өлеңі түрік тіліне аударылып берілген. Сонымен қатар еңбекте Бекзат Саттарханов туралы жарияланған кітаптардың тізімі енгізілген. Оқырмандар чемпион туралы еліміздің белгілі тұлғаларының, спортшылардың, Сидней Олимпиа­дасындағы қарсылас­тарының пікірле­рімен де таныса алады.

Жинақты құрастырушы – Ержан Арғынбаев. Автор әр жылдары газет-журналдарда жарияланған өлеңдерді жинақтап, алдымен қазақ тілінде кітап етіп шығарған. Кейін еңбекті өзі түрік тіліне аударып, Түркияда жариялауға ұсынған.

Жинақ Еуразия Жазушылар одағына қарасты «Bengü» баспасынан жарық көрді. Анкарада орналасқан бұл ұйым түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті мен тарихына қатысты еңбектерді түрік тілінде шығарып келеді. Осы уақытқа дейін баспадан түркі дүниесіне арналған мыңға жуық кітап жарық көрсе, олардың сексенге жуығы Қазақстан тақырыбына арналған.

Кітаптың түрік тілінде шығуына Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, ғалым-аудармашы Уфук Тузман қолдау көрсеткен.

Автордың айтуынша, кітаптың басты мақсаты – чемпионның өнегелі өмірін кейінгі буынға танытып, үлгі ету. Түркі халықтарына ортақ құндылықтарды насихаттауға бағытталған бұл жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да үлес қоспақ.

Соңғы жаңалықтар