Өнер • Бүгін, 08:40

Жүз әнмен жасалған жаһандық рекорд

7 мин
оқу үшін

Қазақтың дәстүрлі ән өнері тағы бір тарихи белесті бағындырды. Шәкәрім университетінің «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің құрметті профессоры, Мәдениет саласының үздігі, дауылпаз дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.

Жүз әнмен жасалған жаһандық рекорд

«Иә, сәт!» деп бастадық та, тарихи сәтке куә болдық. Бір қара­ғанда, қас-қағым уақыт. Ал шын мәнінде, табандатқан алты сағат бойы бір деммен, үзіліссіз әрі іркіліссіз шапты. Шапқан сайын табаны қызған тұлпардай ауыздығымен алысқан күйі көмбеден көріне бас­тады. Әуелгі меже 100 ән еді. Ең сойқаны сол – табаны күректей алты сағат отырған бойы орнынан тапжылған жоқ. Комиссия: «Әуелі сіздің денсаулығыңызға, бас амандығыңызға алаңдаймыз, екіншіден, сізде 15 минут үзіліс алуға мүмкіндігіңіз бар, тіпті тоқтату да өз еркіңізде», деген.

Сондағы әншінің жауабы төменгідей болды: «Мен осы сәтті көптен армандадым, міне, қазір жүзге жақындап қалдым. Әлі де дәл осындай ән орындауға күш-жігерім қаптал. Елім қаумалап, шаршамай, талмай, тіпті түскі асқа да тұрмай тыңдап отырғанда мен қалай тоқ­таймын», деген де зал дүрк қол соқты, бұл әншінің жігерін одан сайын жани түскен. 

100 ән деген 100 түрлі тағдыр ғой. Онда махаббат, ғадауат, селдей сезім, көлдей көңіл, таудай тарих, асқақ рух, кенерінен асып төгілген ерлік дастан, ойпыр-ай санап тауысу мүмкін емес. Әнші 100 әнді қалай жанын жеп орындап шықса, 100 әнді табан аудармай тыңдап шығудың өзі аз ерлік еместей көрінді. Ән атасы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияға жиналған жұрт, міз бақпай тыңдап бақты. Әнші қазақтың аяғы тиген күллі тарапқа шашылған ән өнерінің барлық мектептерін, халық композиторларын, халық әндерін қамтып шықты. Алғашқы ән қалай биік деңгейде орындалса, соңғы әнге дейін әнші даусы сол биік межеден бір сәт аласармай, аспандап тұрып алғаны талайды таңғалдырғаны рас. Бір шапса тоқтамайтын тұлпардай әншінің алдынан арқан кергендей әзер тоқтады. Сонымен межелеген 100 әннен бір ән артық орындап, әнші Қайрат Қабышевқа ресми түрде рекорд сертификаты мен статуэтка табысталды. Ережеге сәйкес әр 25 ән сайын 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі болғанымен, әнші бұл жеңілдікті місе тұтпады. Осы тарихи сәтке арнайы қатысқан халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бо­йынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген бұл жетістіктің әлемдік деңгейдегі сирек құбылыс екенін айтты.

– Бүгін жаңа әлемдік рекорд ресми түрде тіркелді. Бұл – тек бір адамның ғана емес, осы бастамаға қолдау көрсеткен тұтас ұжымның еңбегі. Сондықтан ұйымдастырушы мекемелердің де есімі 2026 жылғы дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізіледі, – деді өкіл.

Жобаға сарапшылық жасаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұржан Жанпейісов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман сынды белгілі өнер қайраткерлері де бұл жетістіктің тарихи сәт екенін айтып ағынан жарылды. Елімізге белгілі эпик-жыршы, Берік Жүсіпов ағамыздың айтуынша бұл дәл бір ғасырдан кейін жаңарып тұрған рекорд.

– Суық қандылау халықпыз ғой, қандай таңдай қағарлық жойқын жаңалық болса да селқостау қабыл­даймыз. Өзге жұрт болса бөркін аспанға атып, атой салар еді. Әйтпесе, Абай елінде, қасиетті Семей жерінде қазақ ән өнерінің тарихында тұңғыш рет әлемдік рекорд орнатылды – әнші Қайрат Қабышев ересен тәуекелге барып, сахнада бір деммен, 5 сағат 29 минут ішінде 101 әнді шырқап шықты. Осыдан 101 жыл бұрын, Ташкентте әнші Құрманбек Жандарбеков 101 ән айтуды межелеп, алпыс сегізінші әнге келгенде даусы сыр беріп, амалсыз тоқтаған болатын. Сол рекорд арада 101 жыл өткенде нар тәуекелдің арқасында өз межесіне жетті, – дейді ол.

Фольклортанушы ғалымның айтуына қарағанда, әншінің мық­тылығының өлшем-барометрі оның жинаған репертуары.

– Бұл тарапта біз әнші Қайрат Қабышевтің репертуарының шет-шепірін көріп қалдық. Ойлан­бастан 101 әнді ақтара салды, соның бәрін үздіксіз, үзіліссіз, бір деммен айтып шықты. Екіншіден, ол өзінің алысқа шабатын аламан бәйгеге жаратылған күлік тектес әнші екенін дәлелдеді. Үшіншіден, бұрынғы өткен әйгілі сал-серілер қас қарайған мезгілден, таң сар­ғайғанша – қазақ бір күн деп есеп қылатын мерзімде қанша ән айтуы мүмкін екеніне нақты тәжірибе жасау арқылы көз жеткізді. Төр­тіншіден, ол нағыз әнші психо-физиологиялық тұрғыда қандай тегеурінді болу керектігін көрсетіп, өзін дәстүрлі әнші санайтын өнерпаздардың құбыласына айналды. Жалпы, Қайрат бауырымыз қойған бұл рекордты қайталау немесе қайта жаңғырту – оңай шаруа емес. Мұндай тәуекелден бел кетеді немесе белбеу кетуі де ғажап емес, – дейді Берік Жүсіпов.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші Еркін Шүкіманның айтуынша, арғы сал-серілер дәуі­рінде де, кейінгі кәсіби қазақ ән­ші­лері арасында да бір мезетте 100 ән орындап, рекордтық көрсет­кіш жасаған орындаушы болған емес.

Өз кезегінде рекордсмен әнші Қайрат Қабышев бұл жетістіктің түп-тамыры ұстаздар тағылы­мын­да жатқанын тебіреніспен жеткізді.

– Жәнібек Кәрменовтей дара тұлғаның шәкірті болу, Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухан сынды ұстаздардың тәлімі – бүгінгі жетістікке жеткізген үлкен мектеп. Бұл бастама менен кейінгі жастарға ұлттық өнерді насихаттауға серпін берсе екен деймін, – деді әнші.

Іс-шараның ұйымдастыру­шысы Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан қасиетті Абай жерінде осындай рекордтың орнатылуы өңірдің рухани әлеуетінің айқын дәлелі екенін айта келе, ел абыройын асқақтатқан әншіге қазақы дәстүрмен ат мінгізетінін жеткізді.

 

СЕМЕЙ 

Соңғы жаңалықтар