Бүгінде Сарқан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұнда 60 пәтерлі 30 тұрғын үй ел игілігіне беріледі. Бұл – тек құрылыс нысаны емес, ондаған отбасының болашаққа деген үмітін үкілейтін үлкен жоба, шалғайдағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Бастаманы батыл қолға алған Оразғали Сәдуақасов туған жеріне деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеп келеді. Жобаны жүзеге асыру жұмыстарын оның ұлы Арнұр Оразғалиұлы жетекшілік ететін «Сангаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатыр. Әке мен баланың бір мақсат жолындағы еңбегі өңір тұрғындарының ризашылығына бөленіп отыр.
«Қазақ халқы ежелден туған жердің қадірін биік қойған. «Туған жерге туыңды тік» деген дана сөздің мәні де осында. Қай кезде де елінің дамуына үлес қосқан азаматтар халықтың құрметіне ие болған. Бүгінгі игі бастама да сол дәстүрдің жалғасы», дейді Арнұр Оразғалиұлы.
Құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Нысандардың барлығы заманауи талаптарға сәйкес салынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Қазірде құрылыс алаңында 30-дан астам адам тұрақты еңбек етіп жатса, жергілікті тұрғындардың да жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалған.
«Үй салынып жатқан жер телімін сатып алдық. Құрылысқа қолданылатын материалдардың барлығы елімізде өндірілген өнімдер. Әзірге бұл аумақта газ жүйесі тартылмағандықтан, тұрғын үйлер қатты отынмен жылытылады. Су, жарық, кәріз жүйелерін де өз қаражатымызға жүргізіп жатырмыз. Газблоктан тұрғызылған үйлердің сыртқы әрлеу жұмыстары толық аяқталып, есік-терезесі орнатылып, еденіне ламинат төселіп, қабырғалары кафельмен қапталып, толық дайын күйінде тапсырылады», дейді кәсіпкер.
Сайып келгенде, бұл бастаманың әлеуметтік маңызы өте зор. Өйткені тұрғын үй мәселесі қай кезде де барынша өзекті. Жаңа үйлердің пайдалануға берілуі баспанаға мұқтаж азаматтардың жағдайын жақсартып қана қоймай, қала келбетіне де оң өзгеріс әкеледі.
Ең бастысы, жобаның астарында туған жерге деген шынайы жанашырлық жатыр. Әдетте кәсіпкерлер инвестицияны ірі қалалар мен табысы жоғары жобаларға бағыттауға ұмтылады. Ал Сарқандай шағын қалада осындай ауқымды құрылыс жүргізу – туған өңірдің болашағына деген сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
«Қайырымдылық қаржылай көмек көрсетумен ғана өлшенбейді. Кейде халыққа қажетті нысан салу, жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал ету де үлкен сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алғанда Оразғали Сәдуақасовтың бастамасы – көпшілікке үлгі болатын азаматтық ұстаным», дейді Сарқан ауданының тұрғыны Еділбек Жантілеу.
Жергілікті тұрғындар игі іске ризашылықтарын білдіріп отыр. Өйткені жаңа тұрғын үйлердің салынуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік жасайды. Мұндай жобалар елді мекендердің дамуына ғана емес, жастардың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне де ықпал етеді. Құрылыс жұмысы толық аяқталған соң, ондаған отбасы жаңа қонысқа көшіп, көптен күткен қуанышқа кенеледі. Бұл – бір жағынан баспана мәселесінің шешімі болса, екінші жағынан туған жердің гүлденуіне қосылған үлес.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Сарқанда жүзеге асып жатқан игілікті іс – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, әлеуметтік жауапкершіліктің, қайырымдылықтың жарқын үлгісі. Осындай бастамалар көбейген сайын өңірлер дамып, елдің еңсесі биіктей түсері анық.
Жетісу облысы