Спорт • Бүгін, 08:45

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

Қазақстан спортшылары түрлі додаларда бақ сынап, сәтті өнер көрсетіп жатыр. Кезекті жарыс күнделігінде хоккей, теннис, күрес, футбол жаңалықтарын ұсынамыз, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жарыс күнделігі

Цюрих (Швейцария) қаласында Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) конгресі өтті. Жиында келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 14–30 мамыры аралығында Германияның Дюс­сельдорф, Мангейм қалаларында ұйым­дас­тырылатын болып белгіленді. Жарысқа елі­міздің құрамасы да қатысады. Ал әйелдер командасы 2027 жылғы 1–7 күндері Оңтүстік Кореяның Сувон қала­сында жалауы желбірейтін ІВ диви­зионындағы әлем чемпионатында бақ сынайды.

Жастардың «Ролан Гарросында» Заңғар Нұрланұлы сәтті өнер көрсе­тіп жатыр. Алғашқы айналымда ұлыбри­таниялық Марк Себанға сан соқтырған қазақ теннисшісі келесі кездесуде америкалық Агасси Рашерді 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

лш

Біріккен күрес әлемі (UWW) Ризабек Айт­мұханды мамыр айының ең үздік еркін күрес шебері деп таныды. Биыл аса ауыр салмақта өнер көрсеткен қазақ балуаны жас­тар арасындағы Азия біріншілігінде (U23) бас жүлде олжалады. Бір айта кетерлігі, Ризабек барлық бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Грек-рим күресі шеберлері арасында ондай атақ армениялық Джанес Назарянға бұйырса, әйелдер күресінен америкалық Кайли Уэлкер үздік шықты.

и

Анна Данилина мен АҚШ-тың өкілі Джеймс Трейси «Ролан Гарростың» аралас жұптар арасындағы сайыстың ширек финалында италиялық Сара Эррани мен Андреа Вавассориден ұтылды. Есеп – 2:6, 2:6. Апеннин түбегінің теннисшілері былтыр дәл осы турнирде топ жарды.

Ертең Ұлан-Батырда күрес түрлері­нен халықаралық турнирдің шымылдығы түріледі. Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастайды. Моңғолияға сапар шеккен бес балуанымыздың арасынан аса ауыр салмақтағы Әлішер Ерғали мен Олжас Сырлыбайды ерекше атап өтуге болады. Әйелдер күресінен сегіз спортшымыз бозкілемге шығады. Олардың барлығы да кіл мықтылар. Арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салған Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенова бар. Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (92 кг) бастаған 18 апайтөс күш сынасады.

Спорттық статистиканы серік еткен «Flashscore» порталы «Қайрат» клубының қақпашысы Темір­лан Анарбековті УЕФА Чемпиондар лигасының шартты құрамына енгізді. Қан­дасымыздан бөлек, мықтылар тізімінде Алессандро Бастони, Вирджил Ван Дейк, Родиней, Браим Диас, Витинья, Майкл Олисе, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе, Гарри Кейн, Хвича Кварацхелия сынды атақты футболшылар бар.

6 маусымда Англияның Борнмутын­да аса ауыр салмақтағы кәсіпқой бокс­шы Иван Дычко (15-1, 14 КО) жарыс қо­жайыны Харви Дайкспен (7-0-1, 0 КО) жұ­дырықтасады. Соңғы жекпе-жегін былтыр қыркүйек айында өткізген Қос­танайдың алыбы Лас-Вегаста америкалық Джермейн Франклиннен (24-3, 15 КО) жеңілген еді.

Соңғы жаңалықтар