Білім • Бүгін, 08:52

Ағартушылық мұраты мен мұрасы

5 мин
оқу үшін

Арқа төріндегі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ұлт мақтанышы, қазақ ағартушылығының атасы Ыбырай Алтынсариннің мұрасына арналған «Ыбырай Алтынсарин – ұлы ағартушы-педагог, этнограф, тарихи тұлға» атты республикалық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиын ұлт ұстазының рухымен сырласқан, оның өлшеусіз мұрасын бүгінгі күннің биігінен зерделеген рухани кеш болды.

Ағартушылық мұраты мен мұрасы

Жиынның шы­мыл­ды­ғын ашқан акаде­мия­­лық мәселелер жө­нін­дегі проректор Бекболат Нүсіп­беков алқалы топқа жылы лебізін білдіріп, Ыбырай салған сара жолдың бү­гінгі техникалық білім саласында да маңызы зор екенін атап өтті. Ра­сында да, Ыбырай тек әліппе жазушы емес, ол қазақ баласының қолы­на технология мен ғылымның кілтін ұстатқысы келген реформатор еді.

Профессор Али Мехтиев маз­мұнды баяндамасында Алтын­са­рин феноменіне тоқталып, ағар­ту­­шының өмі­­ріндегі бұрын-соң­ды көп айтыла бермейтін де­рек­­терді тізбеледі. Оның ай­туын­­ша, Ыбырайдың әр­бір ісі – елдің бола­шағы­на салынған инвестиция. Жиын­ға қатысушылар осы сәт­те ұлы тұлғаның «Бір құдай­ға сыйы­­нып, кел, бала­лар, оқылық!» деген асыл сөзінің астарындағы терең философияны тағы бір мәр­те сезінгендей болды.

Дөңгелек үстелдің ғы­лыми сал­мағын еліміздің түк­пір-түкпірі­нен келген ға­лым­дар арттыра түсті. Ыбы­рай Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академия­сы Орта білім мазмұны инс­ти­туты Қазақ филология­сы зертханасының ғылы­ми қызметкері Біржан Ахмер ағарту­шы шығарма­ларын бүгінгі мектеп бағ­дар­ламасында оқытудың соны әдістерін ұсынды. Ол Ыбырайды тек тарихи тұлға ретінде емес, бүгінгі білім беру ісінің кеңесшісі ретін­де қабылдау қажеттігін алға тартты. Оның үстіне, Бір­жан мырзаның өз өлеңдерін оқып, жиынды поэзия нәрі­мен сусындатуы кештің көркін аша түсті.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Төлеубекова Ал­тын­сарин идеяларының өмір­­шең­дігі туралы терең тол­ғанды. «Ыбы­райдың педа­­гогикасы – жүрек педагогикасы» деген ұстанымды алға тартқан ғалым, оның гу­манистік көзқарастары­ның ЮНЕСКО дең­гейінде­гі құндылықтармен үндес еке­нін дәлелдеді. Е.Бөкетов атын­­дағы Қарағанды ұлт­тық зерттеу университетінің про­­фессоры, тарих ғылым­дарының докторы Зәуреш Сақтағанова «ХІХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени өзгерістері кон­тек­сіндегі Ыбырай Алтын­са­рин» тақырыбында баяндама жасады.

Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды ұлттық зерттеу уни­­­верситетінің профес­соры, тарих ғылымдарының кандидаты Ляззат Шотба­қова «XX ғасырдың бірін­ші жартысындағы Орталық Қазақстандағы орта арнаулы білім берудің қалыптасуы мен дамуындағы Қарқаралы зоо­ветеринарлық технику­мы­ның рөлі» деген тақы­рыпты аша білді. Бұл жол­ғы басқосудың ең айрықша ерекшелігі – ағартушының кіндік қаны тамған Тор­ғай өңірімен тіке­лей бай­ланысқа шығу болды. «Тор­ғай музейлерінің кешені» мекемесінің басшысы Гүл­бану Сәрсекей экран арқы­лы музей экспонаттарын көр­­сетіп, Ыбырай ашқан мек­тептің әрбір кірпіші мен та­рихынан сыр шертті. Вир­туалды саяхат жасаған қатысушылар өздерін сол бір киелі мекенде жүргендей сезінді.

Жанкелдин ауданында­ғы Ыбы­рай Алтын­сарин атын­дағы жалпы білім бере­тін мектебі директоры­ның орынбасары Әсем Серік­баева киелі Торғай топы­рағындағы мектептің маңы­зына тоқталды. Ол өз баяндамасында аталған мектеп­тің тек білім беретін мекеме ғана емес, соны­мен қатар «білімнің шамын жаққан, болашаққа жол ашқан біре­гей орда» екендігін тілге тиек етті. Ұлы ұстаздың ізі қалған мекеннің бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше екені айқын сезілді.

Рухани эстафетаны облыс ор­та­лығын­дағы Ыбы­рай Алтынсарин аты­нда­­ғы ма­ман­дандырылған мек­­теп-гимназия-интер­на­ты­ның ди­­рек­торы Ырсалды Ержа­нова жал­ғас­тырды. Ол өз білім ордасын «Ыбы­рай жаққан шамшырақ» деп си­пат­тай отырып, мектептің заманауи же­тістіктері мен ағартушылық идея­ларының сабақтастығын баяндады.

Алқалы жиынның маз­­мұнын Қараған­ды­дағы Жамбыл атын­дағы маман­дан­дырыл­ған мек­теп-ин­тер­наттың қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Шол­пан Тойжанова толықтыра түсті. Тә­жірибелі педагог өз сөзін­де Ыбырай Алтынсариннің ағарту­шы­лық мұрасын жай ғана насихат­тап қоймай, ұлы ұстаздың иннова­циялық оқыту тәсілдерін бүгінгі заман талабына сай жаң­ғыр­ту мәселесін өткір қозғады. Ұстаз­дың пайымды пікірі мен ұсын­ған әдістемелік шешімдері қаты­су­шы­лар ара­сында үлкен қызы­ғу­шы­лық тудырды.

Жиынның танымдық дең­гейін Қарағанды техника­лық универ­ситетінің сту­дент­тері бұрынғыдан да аша түсті. Арх-25-1 тобы­ның білімгерлері Жан Тілеу­бекова мен Іңкәр Шаханова дайындаған «Қазақстан­да­ғы ал­ғашқы білім ор­дала­ры» ат­ты тарихи-таным­­дық шолу көп­шіліктің ерекше қы­зы­ғушылығын тудырды. Бола­шақ мамандар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы ағартушы­лық қозғалыстың бастауларын архив­тік деректермен сөйлетті. Студент­тер өз баяндамасында алғашқы мектеп­тердің ашылу хронология­сын, тарихи ғимараттар­дың сәулет­тік ерекшеліктерін, Ұлы ағарту­шылардың білім жүйесін қалып­тастыру­дағы рөлін нақты слайдтармен жүйелі түрде көрсетіп берді.

Жиынның соңы тек ғы­лыми баяндамалармен шектелмей, мазмұн­ды мәде­ни композицияға ұлас­ты. Ә.Сағынов атындағы Қара­ғанды тех­никалық уни­вер­ситетінің сәулет және құ­рылыс, сондай-ақ тау-кен фа­культеттерінің студенттері да­йындаған «Өнер, білім бар жұрт­тар» атты қойылымы кеш­тің шырайын келтірді.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Шыңғыстаудың шежірелі тастары

Аймақтар • Бүгін, 09:37