Экономика • Бүгін, 09:05

Гонконгпен байланыс беки түсті

5 мин
оқу үшін

Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Ли бастаған ауқымды іскерлік делегация елімізге жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында делегация өкілдері БАҚ өкілдерімен кездесіп, еліміздегі келіссөздердің нәтижесі туралы медиа-брифинг өткізді.

Гонконгпен байланыс беки түсті

Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан, Қытай және Гонконг арасындағы сауда-эко­номикалық, инвестициялық, өнер­кәсіп­тік ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Орталық Азиядағы жаңа мүм­кін­діктерді бірлесіп игеру. Жиында қаржы, кә­сіби қыз­мет көрсету, логистика мен көлік, ин­новация және технология, сауда, жасыл экономика, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, биофармацев­тика, автомобиль өндірісі, медиа сала­ла­ры сөз болды. Еліміздегі кездесулер аяқ­тал­ғаннан кейін делегация Өзбекстанға барып, «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық бағыттарды талқылауды жалғастырады. Гонконг сау­да дамыту кеңесінің төрағасы Фредерик Ма еліміздің өңірдегі орнына ерекше тоқталды.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономикасы бар мемлекет. 2025 жылы өңірдің ішкі жалпы өнімінің 53 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі болды. «Қазақстан–2050» стратегия­сы аясында мемлекет экономика­ны әртараптандыруды жүйелі түрде жүр­гізіп келеді әрі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат ете­ді. Ба­ғамдап қарасақ, өсу әлеуеті де жоғары. Біз ло­гистикалық инфра­құрылым, цифр­лық экономика, ауыл шаруашылы­ғын жаңғырту мен азық-түлік өңдеу салаларында үлкен белестерге жетеді деп сенеміз», деді ол.

Еліміздегі сапар барысында делега­ция «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының, «Бәйтерек» ұлттық бас­қару­­шы холдингінің, Halyk Bank пен «Самұ­­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры­­ның бас­шыларымен кездесті. Соны­мен қа­тар «Astana Hub» халықаралық технопар­кі мен «Астана» халықаралық қаржы орта­лығында болып, еліміздегі инновациялық экожүйе мен қаржы сек­торындағы жаңа бастамалармен та­нысты. Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының бас­шысы Джон Ли екіжақты ынты­мақ­­тастықтың болашағына жоғары баға берді.

«Бұл – менің жетекшілігіммен ұйымдастырылған Орталық Азиядағы алғашқы әрі ең ірі іскерлік миссия. Қазақстанды сапардың алғашқы бағыты ретінде кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бүгінде әлем күрделі геосаяси және экономикалық өзгерістер кезеңін бас­тан өткеріп отыр. Осындай жағдайда Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан маңызды өңірге айналды. Ал Қазақстан осы өңірдегі ең ірі экономика ретінде ерекше орын алады. Кейінгі жылдары ел ауқымды реформалар жүргізіп, инвестициялық тартымдылығын күшейтті. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет мүшелерімен мазмұнды кездесулер өткіздік. Қазақстанның даму бағыты мен Гонконгтың экономикалық көзқарастарының арасында ұқсастық көп екенін байқадық», деді Д.Ли.

Делегация мүшелерінің сөзінше, екі ел арасындағы білім беру бағытында да жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Қазір шамамен 500 отандық студент Гонконгта білім алады. Сапар барысында қонақтар Назарбаев университетіне барып, жоғары оқу орындары арасындағы жаңа келісімдерге қол қоймақ. Бұл студенттер алмасуын, бірлескен зерттеулерді әрі қос диплом бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік береді.

«Гонконг халықаралық қаржы орта­лығы ретінде әлемдік капитал мен технологияларды біріктіретін алаңға айналған. Біз Қазақстан компанияларының халықаралық нарықтарға шығуына көмектесуге дайынбыз. Қазақстандық бизнес үшін Гонконг Қытайға жол ашатын қақпа болса, Гонконг үшін Қазақстан Орталық Азияға шығатын маңызды әріптес. Сондықтан біздің ойымызша, екі тараптың ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары», деді Джон Ли.

Тараптар сауда, қаржы, технология, білім беру, авиация және жасыл экономика салаларын қамтитын 43 өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселесін талқылады. Бұл құжаттар инвестиция тартуға, жаңа өндірістік жобаларды іске қосуға әрі іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар келесі жылдың бірінші тоқсанында Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе қатынасын ашу жос­пары қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде бизнес өкілдерінің, турис­тер мен студенттердің қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

2026 жылы Қазақстанның  ішкі жалпы өнімі 4,6 пайызға өсіп, 360,5 млрд долларға жетеді. Ал Халықаралық валюта қоры Орталық Азия мен Кавказ өңірінің экономикасы 2025 жылы 6,2 пайызға, 2026 жылы 4,8 пайызға өседі деп болжап отыр. Мұның өзі өңірдің халықаралық инвесторларды қызықтырып, еліміздің экономикалық хаб ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар

Шыңғыстаудың шежірелі тастары

Аймақтар • Бүгін, 09:37