КТК арнасының мәліметінше, 11 жастағы Әмір соңғы қоңырау мерекесіне дайындалып жүрген. Алайда қазір ол мерекенің орнына аурухана төсегіне таңылған. Бірнеше күн бұрын бала достарымен үй маңындағы ойын алаңында ойнап жүрген кезде ұшы шығып тұрған темірге сүрініп құлап, жарақаттанған.
Баланың туысы Данара Даришева жарақаттың өте ауыр болғанын айтқан.
– Жараны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Аяғындағы кесілген жер өте терең болды. Дәрігерлер оны шұғыл түрде операцияға алып кіріп, тігіс салды. Қазір бұл алаң иесіз қалғандай. Әкімдік мердігерді, мердігер әкімдікті кінәлайды. Ал жаз бойы балалар осы жерде ойнайды, бірақ мұнда қауіпсіздік жоқ, – деді ол.
Қазір Әмір сол аяғын толық баса алмайды және қатты ауырсынуға шағымданады. Дәрігерлердің айтуынша, егер темір істік артерияға тигенде жағдай әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді.
Әкімжан Әубәкіров баланың жамбас тұсынан жыртылған жарақатпен түскенін айтты. Оған алғашқы хирургиялық көмек көрсетіліп, жарасына тігіс салынған. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Таразда мектеп аумағында биіктіктен құлаған оқушы ауыр жарақат алды
Оқиға болған ойын алаңы Кеңес Нокин тұрғын алабы аумағында екі жыл бұрын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған. Алаңды орнатуға бастамашы болғандардың бірі – жарақат алған Әмірдің әкесі. Ол тұрғындарды жинап, қажетті құжаттарды рәсімдеген.
Алайда шенеуніктер ойын алаңы көптеген заңбұзушылықпен салынғанын мойындады. Сол себепті нысан әлі күнге дейін әкімдік балансына қабылданбаған.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтабай сот сараптамасы алаңның сапасыз салынғанын анықтағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мердігер компания атқарылған жұмыс үшін төлем ала алмаған. Қазір бұл мәселе бойынша іс Жоғарғы сотта қаралып жатыр.
Ойын алаңының құны 33 миллион теңгені құраған. Ал әзірге сот дауы жалғасып жатқанда, балалар қауіпті конструкциялар арасында ойнауға мәжбүр болып отыр.