Футбол • Бүгін, 10:11

Роналду «Аль-Наср» сапындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды: Клуб Сауд Арабиясы лигасының чемпионы атанды

1 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясы чемпионатының соңғы турында Криштиану Роналду бастаған «Аль-Наср» клубы өз алаңында Дамак командасын 4:1 есебімен жеңіп, алты жылдан кейін ел чемпионы атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Роналду «Аль-Наср» сапындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды: Клуб Сауд Арабиясы лигасының чемпионы атанды

Фото: Ашық дереккөз

Кездесудің 34-минутында Садио Мане есеп ашса, 52-минутта Кингсли Коман басымдылықты арттырды. 58 минутта қақпашы Морлае Сулла пенальтиден бір гол қайтарды. Ал матчтың басты қаһарманы Криштиану Роналду дубль авторы атанып, жеңіске жетелеген жолды одан әрі қысқарта түсті.

Осы нәтижеден кейін «Аль-Наср» маусымды 86 ұпаймен аяқтап, Сауд Арабиясы лигасының чемпионы атанды. Екінші сатыға 84 ұпаймен «Аль-Хиляль» жайғасса, 81 ұпай еншілеген «Аль-Ахли» қола жүлдеге ие болды.

«Аль-Наср» клубы соңғы чемпиондық атағынан кейін бірнеше маусым бойы тұрақсыз нәтиже көрсетіп келді. Команда екі рет Сауд Арабиясы Про-лигасында күміс жүлдегер атанса, тағы екі маусымда үшінші орынмен шектелді. Сондай-ақ бір рет турнирді алтыншы сатыда аяқтаған болатын.

Айта кетейік, 41 жастағы Роналдудың саудиялық клуб сапындағы алғашқы ресми чемпиондық атағы. Ол командаға 2022 жылдың желтоқсанында ауысқан еді.

Португалдық шабуылшы мен аргентиналық Лионель Месси биыл алтыншы рет Әлем чемпионатына барады. Еске салсақ, бұған дейін Бавария клубының қақпашы Мануель Нойердің де бесінші мәрте әлем біріншілігіне аттанатынын жазған едік. Футбол аңызына айналып үлгерген ойыншылар үшін биылғы ала доп аламаны ең соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін.   

Соңғы жаңалықтар