Жамбыл облысында су жаңа қант зауыты салынады деген ақжолтай хабарды естігенде елмен бірге біз де қуанғанбыз. Ендігәрі аптап ыстыққа бір күйіп, қайбір жылы өнімі далада шіріп шырылдап қалған шаруалардың мәселесі оңынан шешіледі деп топшыладық. Көпті толғандырған мәселе мәжіліс депутаттарының да назарынан тыс қалған жоқ. Ай бұрын «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары осы бір өзекті мәселені көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған еді.
«Жамбыл облысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі. Бүгінде облыс республикадағы қант қызылшасының шамамен 50%-ын өндіреді. Алайда кейінгі жылдары бұл салада бірқатар проблема туындап отыр.
Мәселен, 2024 жылы Жамбыл облысында қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналды, ол шамамен 600–640 мың тонна. Алайда өңдеу қуатының жеткіліксіздігі салдарынан өнімнің едәуір бөлігі уақытында қабылданбады. Меркі қант зауытының жобалық қуаты 450 мың тонна болғанымен, зауыттың физикалық және моральдық тұрғыдан ескіруіне байланысты мұндай көлемді іс жүзінде толық игеру мүмкін емес. Осы себептен қант қызылшасы бірнеше апта бойы алқаптарда сақталып, 20–30%-ға дейін салмақ жоғалтты.
Артық өнім басқа өңірлерге, көршілес Қырғызстанға тасымалданды. Соның салдарынан 2025 жылы қант қызылшасының егіс алқаптары екі есеге қысқарып, шамамен 6 мың гектарды құрады. Күтілетін өнім көлемі 250 мың тоннаға дейін төмендеді. 2026 жылы егіс көлемін 8,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, шамамен 450 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.
Бұл ретте Жамбыл облысына Тараз қаласындағы «Доминант» қант зауытының құрылысы аса маңызды. Аталған зауыттың құрылысы биыл аяқталуға тиіс еді. Алайда құрылыстың жоспарланған мерзімде аяқталуын қатаң бақылау мен жұмысты үйлестіру жағы жеткіліксіз. Бұл жоба кешіктірілсе, өңірдегі қант қызылшасын өңдеу мәселесі одан әрі күрделене түседі деген қауіп бар.
Сонымен қатар қытайлық инвесторлардың Жамбыл облысында жаңа қант зауытының құрылысын салуы жоспарда болатын. Бұл жұмыс биыл басталуға тиіс еді. Алайда инвестициялық келісімдерге қарамастан, ішкі ұйымдастыру мәселелеріне байланысты нақты құрылыс жұмысы әлі басталған жоқ. Бұл да өңірдегі қант өнеркәсібін дамыту қарқынын тежеп отыр», деген Ерболат Саурықов бастаған депутаттардың сауалы шынында да толғандырмай қоймайды.
Мәжіліс депутаттарының сауалына толыққанды жауап берген Үкімет басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмысты тілге тиек етіп, қант зауыттарының технологиялық жабдықтарының тозуы сала жұмысына айтарлықтай кері әсер етіп отырғанын да жасырған жоқ.
«Жамбыл облысында биыл қант қызылшасының егіс алқабын 8,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, 450 мың тоннаға дейін өнім жиналуға тиіс. Аталған өнімдер Меркі және биыл іске қосу жоспарланған Тараз қант зауытында өңделетін болады. Қазір Тараз қант зауыты қуаты тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін құрал-жабдықтарды жеткізу мен орнату жұмысын жүргізіп жатыр.
Биыл қазан айында қант қызылшасын өңдеуді бастауға зауыт облыстың 6 ауданындағы 90-ға жуық шаруашылықпен шикізат қабылдауға келісіп, 25 шаруашылықты тұқыммен қамтамасыз етті. Сонымен қатар өңірдегі Байзақ ауданында «Zhongkai Kazakhstan» компаниясы қуаты 130 мың тонна қант өндіретін жаңа зауыт салу жобасын іске асырып отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, инвестициялық келісім, жер учаскесін ресімдеу және қаржыландыру мәселелері пысықталып жатыр. Облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес 2028 жылға қарай өңірде қант қызылшасы өндірісін 1,5 млн тоннаға, қант өндірісін жылына 180 мың тоннаға жеткізу көзделген.
Фермерлер мен өңдеу кәсіпорындары арасында ұзақмерзімді келісімшарт жүйесін енгізу мәселесіне қатысты Жамбыл облысында Меркі қант зауыты қант қызылшасын өндіруші фермерлермен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Зауыт жыл сайын фермерлермен кездесу өткізіп, шарт негізінде тұқыммен қамтамасыз ету және өнім қабылдау жұмысын ұйымдастырады. Мысалы, осындай шарт негізінде 2025 жылы Меркі қант зауыты фермерлерден 221 мың тонна қант қызылшасын қабылдады.
Сонымен қатар қант зауыттарының технологиялық жабдықтарының тозуы, әлемдік нарықтағы бағаның құбылмалылығы мен ішкі нарықтағы импорттық арзан қант үлесі отандық қант саласына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан салаға жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы, жоғарыда айтылған мәселелер Үкіметтің және Жамбыл облысы әкімдігінің бақылауында, оларды шешуге бағытталған жұмыс жалғасады», деген Үкімет басшысы салада атқарылып жатқан жұмысты да, кемшілікті де назардан тыс қалдырмады.
Жаңа зауыт қашан іске қосылады?
Бірер күн бұрын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңірдегі ірі инвестициялық жоба саналатын қант зауытының құрылысы тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Айтуынша, қаржылық мәселе туындаған көрінеді. Ол аталған мәселені оңынан шешу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен болатын. Жағдайдың қалай өрбіп жатқанын білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманымен сөйлестік.
«Осы жылы 8,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы дақылын орналастыру жоспарланған. Қазір бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 450 мың тонна қант қызылшасы жиналады деп отырмыз. Өнім өңірдегі екі қант зауытында өңделеді.
Біріншісі, 2020 жылдан бастап қант құрағын өндіріп келген Тараздағы зауыт екенін айта кеткен жөн. Биыл бұл зауытта қант өндіру жұмысы да іске аспақ. Екінші өндірістік база – Меркі ауданындағы Меркі қант қызылшасы зауыты. Жоспарға сай Тараздағы зауыттың биылғы қуаттылығы 200 мың тонна болса, Меркідегі зауыт 250 мың тоннаны құрайды», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Қанқожаев.
2024 жылы рекордтық көрсеткіште қант қызылшасын жинаған шаруалардың мәселесі ушығып, диқандар дабыл қаққаны баршаға мәлім. Сол жылмен салыстырғанда биыл диқандар қанша гектар егіс алқабын қысқартқанын да сұрап білдік.
«Ол жылы шаруалар 11,2 мың гектарға қант қызылшасы дақылын орналастырған еді. Осы жылы қант зауыттарының қуаттылығын ескере отырып, жалпы көлемі 8,5 мың гектарға орналастырып отырмыз», дейді маман.
Н.Қанқожаев келтірген мәліметке қарап-ақ алқаптан алынатын қант қызылшасы дақылы екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 150 мың тоннаға азаятынын аңғару қиын емес. Осыдан-ақ жергілікті билік 2024 жылы айтарлықтай қателікке бой алдырғанын мойындап отырғандай көрінеді.
Бұдан бөлек, вице-министрден зауыт құрылысы қашан жалғасатынын сұрадық.
«Байзақ ауданында қытайлық инвесторлардың 200 гектар алқапқа жаңа қант зауытын салуы жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір оларға керекті жер телімі берілген. Бұл жерде құрылыстың арнайы капсуласы салынған. Қазір қаражатты аудару жұмысы істі кідіртіп тұрған шығар. Соған байланысты жұмыс тоқтап тұр деген болар. Жоспар бойынша бұл зауыттың құрылысы биыл басталып, келесі жылы іске қосылуға тиіс», дейді ол.
Қалай десек те қант қызылшасын өсіруге дағдыланған шаруалар екі жыл бұрын кәдімгідей секем алып қалғаны жадымызда. Шүмектеп төккен тердің өтеуін күтіп жүргенде таудай мәселемен тап болған олардың жағдайын түсінуге болады. Алған өнімің жарамсыз бола бастаса, күйінбей қайтесің? Ал өңірдегі зауыттардың қуаттылығы артса, шаруалар ештеңеден бас тартпақ емес.
Сонымен зауыттың келер жылы қай айда іске қосылатыны әлі де белгісіз, салаға жауапты мамандар да нақты айта алмады. Соған қарағанда мұндағы жұмыс расында да қаңтарылып тұрған секілді. Бәлкім, тиісті қаражат тым кеш рәсімделсе, мұндағы жұмыс келесі жылы да аяқталмай қала ма деген іште бір күдік қылаң берді.
Байзақтағы зауыт келесі жылы іске қосылатынына басқарма өкілдері де сендіріп бақты. Іс жүзінде қалай болатынын алдағы уақытта байқап көрерміз. Тек өнім жиналған кезде атқамінерлер шаруалардың жүйкесіне ши жүгіртпесе болғаны.
Жамбыл облысы