Заң • Бүгін, 12:30

Елімізде нотариустарға бақылау күшейтіледі: Жаңа талаптар қандай?

2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат нотариат саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде нотариустарға бақылау күшейтіледі: Жаңа талаптар қандай?

Фото: yandex.kz

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, қазіргі бақылау жүйесі Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына негізделгендіктен, нотариаттың жария-құқықтық мәртебесі толық ескерілмей келген. Осыған байланысты мемлекеттік бақылау жүргізудің тәртібі мен тексеру рәсімдерін тікелей «Нотариат туралы» заңда бекіту ұсынылып отыр.

Түзетулерге сәйкес, әділет органдарының өкілеттігі кеңейтіледі. Сонымен қатар нотариус лицензиясының қолданысын 6 айға дейін тоқтата тұрудың қосымша негіздері енгізіледі.

Мұндай шаралар нотариус «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң талаптарын бұзған жағдайда қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ лицензияның қолданысын уақытша тоқтата тұрудың жаңа негіздері айқындалды. Атап айтқанда:
– нотариус мемлекеттік қызметте болған кезде;
– Қазақстан Парламентінің депутаты немесе тұрақты негізде қызмет атқаратын, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мәслихат депутаты болып сайланған кезеңде лицензияның күші тоқтатыла тұрады.

Жаңа заң: Жеке деректерді заңсыз пайдаланған нотариустар лицензиясынан айырылады

Заң жобасында электрондық құжаттар мен электрондық цифрлық қолтаңба талаптарын бұзған нотариустарды лицензиясынан айыру мәселесі де қарастырылған.

Құжатта нотариалдық электрондық архив құру тәртібі де нақтыланады. Бұдан бөлек, нотариат қызметімен айналысуға лицензиясы бола тұра, 5 жылдан астам уақыт мамандығы бойынша жұмыс істемеген азаматтарға міндетті біліктілікті арттыру талабы енгізіледі.

Депутаттардың пікірінше, бұл өзгерістер нотариат саласындағы жауапкершілікті күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Еске салайық, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар