Әдебиет • Кеше

Тарихшы ғалымның хаттары кітап болып жарық көрді

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың «Уақытпен сырласу» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тарихшы ғалымның хаттары кітап болып жарық көрді

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің архиві директорының орынбасары Жәмиля Әбдіқадырова, тарихшы ғалымдар Хангелді Әбжанов, Қайдар Алдажұманов, Мәмбет Қойгелді, Мерует Әбусейітова, Нұрлан Атығаев, Светлана Смағұлова, Қанат Өскенбай, Зирабүбі Төленова және т.б. қатысты.

Тұсаукесерді жүргізген Хангелді Әбжанов Манаш Қабашұлы соңынан өшпейтін мұра қалдырып кеткен мәңгілік тұлға екенін айтты.

«Манекеңнің өмірден озғанына жиырма төрт жыл өтті. Біз осындай тұлғамен замандас болғанымызды, үлгі-өнегесін көргенімізді мақтан тұтамыз. Таусылмайтын қазына еді. Ол барда біз ештеңеден жасқанған жоқпыз. Өйткені, қамалымыз, қорғаушымыз Манекең болды» десе, академик Мәмбет Қойгелді «Тарихи уақытта тарих жасаған адам» деп баға берді. Мәмбет Құлжабайұлы өз сөзінде Манаш Қабашұлы отандық тарих ғылымының басында тұрғанын атап өтті. «Жол көрсететін тұлғамыз Манаш Қабашұлы еді. Қоғамның тарихи санасын ескі ойлардан аршу, тарих ғылымын жаңа сапаға көтеру – жеңіл-желпі дүние емес. Кеңестік билік кеткеннен кейін тарих алға шықты. Тарих ғылымының алға шығып, өз орнын табуына Қозыбаевтың атқарған еңбегі өте зор. Ол еш уақытта ұмытылмайды», деді ол.

Жинақты құрастырушы Ілияс Манашұлының айтуынша, кітапқа көрнекті тарихшының 1964-2001 жылдары қазақ және орыс тілдерінде жазған хаттары енген. Бұл хаттар академиктің ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметінің көпшілікке беймәлім қырларын ашып, қоғамдық-саяси өмірінен хабар береді. Иә, Манаш Қозыбаевтың эпистолярлық мұрасы зерттеушілер мен оқырман қауым үшін аса бағалы. Жинаққа Президент, «Ғылым ордасы», Орталық мемлекеттік мұрағаттарда, сондай-ақ Қозыбаевтар әулетінің қорында сақталған хаттар енгізілген. Белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары да тұңғыш рет жарияланып отыр. Олардың арасында – Дінмұхаммед Қонаев, Сақтаған Бәйішев, Нұртас Оңдасынов, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов, Жайық Бектұров, Мұхамедғали Сужиков, Камал Смайылов және т.б. бар.

Айта кетейік, Манаш Қабашұлы ғалымдық қызметімен қатар 1990 жылы баламалы негізде Ғылым Академиясының атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының халық депутаты болып сайланды. Ол Республикалық мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны, мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Заң мен 1993 жылғы Қазақстан Конституциясын, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерді дайындауға белсене қатысты. Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және 1930 жылдары ашаршылық жағдайларын зерттеу жөніндегі парламенттік комиссияларды басқарды.

Иә, өнегелі тұлғаның артында қалған мол мұрасын өскелең ұрпаққа таныстыру – маңызды міндет.

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ,

журналист

 

Соңғы жаңалықтар