Білім • Кеше

Білімді өрістететін бастама

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат білім саласын цифрлық дәуір талаптарына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам.

Білімді өрістететін бастама

Себебі мектеп – елдегі ең ауқымды әлеуметтік жүйелердің бірі. 2024–2025 оқу жылының басында елімізде шамамен 8 мың мектеп, 3,9 миллионнан аса оқушы және 406 мың мұғалім болды. Демек, жасанды интеллектіні білім саласына енгізу белгілі бір шағын тәжірибелік алаң­мен шектелмейді. Бұл – әрбір отбасыға тікелей әсер ететін ауқымды өзгеріс.

Президент көтерген баста­ма­ның негізгі мәні – жасанды ин­тел­лектіні нақты бі­лім мәселелерін шешуге көмек­тесе­тін құрал ретінде пайдалану. ЖИ баланың біліміндегі олқылықтарды ерте анықтауға, жеке тапсырмалар ұсынуға, оқу қарқынын бақылауға, мұғалімге тек қорытынды бағаны емес, оқу­шының сол нәтижеге қалай жет­кенін көруге көмектеседі. Мысалы, бала белгілі бір есеп түрінен жиі қате­лессе, цифрлық жүйе оның себе­бін лезде анықтап береді. Осы­лайша, оқыту әр баланың жеке ерекшелігіне бейімделе түседі.

Сонымен қатар Президент тапсырмасында жасанды ин­теллектінің мұғалімді алмас-тыратын емес, оның жұмысын күшейтетін қосымша құрал болуға тиіс екені басты назарға алынған. Бұл да – өте орынды әрі жауапты ұстаным. Ең озық технологияның өзі ұстаз­дың тәжірибесін, балаға деген жанашырлығын, тәрбиелік ықпалын, шынайы қарым-қатынасын алмастыра алмайтыны сөзсіз. Керісінше, технология мұғалімді қағазбастылықтан, қайталанатын техникалық жұмыс­тан жеңілдетіп, педагогтің басты миссиясына, яғни балаға білім беру мен тұлға қалыптастыру ісіне көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасағаны жөн.

Мектептерімізде мұндай өз­ге­рісті жүзеге асыруға қажетті әлеует бар. PISA деректеріне сүйенсек, еліміздегі оқушылардың 77 пайызы математика мұғалімі әр баланың оқуына шынайы қызығушылық танытаты­нын айтқан. Ал 82 пайызы мұға­лім қажет кезде қосымша кө­мек көрсететінін атап өткен. Бұл – ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен жоғары нәтиже. Демек, мектептеріміздің басты артықшылығы – мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен адамдық байланыс. Сондықтан технологияның мақсаты мұғалімді алмастыру емес, оның мүмкіндігін күшейту.

Жасанды интеллект мұғалімге оқу­шылардың үлгерімін талдауға, оқу материалдарын таңдауға, әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар әзірлеуге, сабақ барысын тиімді жоспарлауға көмектесе алады. Бірақ баламен қалай сөйлесіп, оның ынтасын қайтіп ояту ке­ректігін бәрібір мұғалім шешеді. Сондықтан жаңа реформадағы ­басты тұлға бұрынғыдай ұстаз болып қала бермек.

Мемлекет басшысы ауыл мектеп­теріне де ерекше назар аударып отыр. Бұл да құжаттың әлеуметтік салмағын арттыра түседі. Қала мен ауыл баласының білім мүмкіндіктеріндегі айыр­машылық көбіне инфра­құ­рылымға, заманауи ресурстарға және интернет сапасына бай­ланыс­ты. Кейінгі жылдары осы бағыт­та елеулі ілгерілеу бар. Ұлт­тық баяндама деректеріне сәйкес, 2022 жылы интернетке қосылған мектептер саны 2 306 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 7 120 мектепке жеткен.

Сондықтан қанатқақты жо­ба­ға қатысатын мектептерді 2026 жылдың 1 тамызына дейін қажетті техникамен және тұрақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырма реформаның өзегіне айналып отыр. Мұндағы мақсат мектептерді тек компьютермен немесе интернетпен қамтамасыз ету емес. Ең бастысы – заманауи білім беру мүмкіндіктері ірі қаладағы таңдаулы мектептермен ғана шектелмей, ауыл мен өңірдегі оқушыларға да бірдей қолжетім­ді болуы. Осылайша, цифрлық жаңғыру білім сапасындағы ал­шақтықты азайтып, әлеуметтік теңдікті күшейтудің нақты тетігіне айналмақ.

Бұл бастама мектеп инфра­құрылы­мын жаңарту бағытын­дағы ауқымды жұмыстармен де сабақтасып жатыр. 2026 жылы химия, физика, биология, роботтехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пән кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр. Ал 2029 жылға дейін 1 300 мектепті, соның ішінде 900 ауыл мектебін жаңарту көзделген.

Жаңа технологияны енгізуде ортақ тәртіп пен айқын талаптың болуы да аса маңызды. 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітілуге тиіс. Бұл стандарттар білім беру контентін әзірлеу, оқу нәтижелерін бағалау және академиялық адалдықты сақтау мәселелерін қамтиды.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының пре­зиденті Зүлфия Төребекова­ның айтуынша, жасанды интеллект орта білім беру жүйесін­де оқытуды дараландыруға, педа­гогтер­дің жұмысын жеңілде­туге және оқу­шылардың цифр­лық құзыреттерін дамытуға бағыт­талады. Бұл жұмыстар жаңар­тылған білім беру стандарты мен оқу бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Ал 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіле бастады.

«Қазақстан жасанды интел­лектіні білім беру жүйесіне енгі­зу­де Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Эстония және Финлян­дия сияқты елдердің тәжі­ри­бесін зерттеп отыр. Бұл мемлекеттер оқытуды дараландыру, цифр­лық инфрақұрылымды дамыту, мұғалімдердің ЖИ құзыретте­рін арттыру және оқушылар­дың цифрлық сауаттылығын қа­лыптастыру бағы­тында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар UNESCO, OECD және UNICEF ұйымдарының жасанды интеллектіні білім беру саласында қауіп­сіз әрі этикалық қолдану жөніндегі ұсынымдары да ескеріледі. Мәселен, Қытай тәжірибесі ЖИ элементтерін мек­тепке ерте енгізуімен және мұғалімдерді жүйелі даяр­­лауымен ерекшеленсе, Синга­пур мен Оңтүстік Корея цифр­лық экожүйені дамытуға басым­дық береді. Қазақстан осы тә­жірибелерді сол күйінде көшіруді емес, ұлттық білім беру жүйесіне бейімдеуді көздейді», деді Зүлфия Төребекова.

Тағы бір маңызды мәселе – оқу­шы­лардың дербес деректерінің қауіпсіздігі. Мектептерде бала­ның үлгерімі, оқу қарқыны, қабі­леті, пәндер бойынша жетістігі мен қиындықтары туралы үлкен көлемдегі мәлімет жинақтала­ды. Жасанды интеллект жүйелері осындай деректермен жұмыс істейтіндіктен, олардың қорға­луы ерекше назарды талап етеді. Сондықтан оқушылардың жеке деректерін қорғауды күшейту жөніндегі тапсырма реформа­ның тек технологиялық емес, құқықтық және қауіпсіздік те­тік­тері де қатар қарас­ты­рылып жатқанын көрсетеді.

Президент тапсырмасының басты ерекшелігі – бірнеше бағытты бір жүйеге біріктіруін­де. Біріншісі – стратегиялық ба­ғыт. Мұнда елдің адам капиталын күшей­тіп, болашақ ұрпақтың білім сапасын арттыру мақсаты тұр. Екіншісі – басқару деңгейі. Үкімет пен жергілікті әкімдік­терге нақты мерзімдер, міндеттер және жауапкершілік жүктеледі. Үшіншісі – мектептің күнде­лікті жұмысы. Яғни қабылданған шешімдердің нәтижесі ең алдымен оқушының біліміне, мұға­лім жұмысының сапасына және сыныптағы оқу үдерісіне әсер етуі керек.

Соңғы жаңалықтар