27 Маусым, 2015

Миланда Қазақстанның ұлттық күні басталды (фото)

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

26-06-15-Павильон Казахстана-1

МИЛАН. 27 маусым. Бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да (Астана уақытымен – 02:00) «EXPO Milano-2015» көрмесінің баспасөз орталығында Қазақстанның ұлттық күні ресми түрде ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия ауыл шаруашылығы министрі Маурицио Мартина қатысып, сөз сөйледі. Шара екі елдің гимндері ойналып, мемлекеттік  туларының көтерілуімен аяқталды. Келесі кезекте Мемлекет басшысы бастаған делегация көрмедегі Қазақстан павильонын аралап көрді. Бұдан кейін Италия павильонын акт залында өткен екі елдің ресми және іскер тұлғаларының бизнес-форумына қатысуымен бизнес-форум өтті. Жиынға сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-министрі Матео Ренци қатысты. Жиын қорытындысында мемлекет аралық 20-ға жуық бірлескен құжатқа қол қойылды. Олардың жалпы сомасы 500 млн. аса долларды құрайды. ЭКСПО аясында көрмеге қатысушы елдердің ұлттық күндерін өткізу дәстүрге айналған. Expo Milano 2015 көрмесіне қатысушы 147 елдің 110-ында өз елдеріне арналған павильондар бар. Қазірге дейін бұлардың арасындағы Түрікменстан, Марокко, Аргентина, Тунис, Қырғызстан, Конго және Ұлыбританияның ұлттық күндерін өткізіп үлгерген. Ұлттық күн – өз еліңді таныстыруға, оның тарихы мен дәстүрлері туралы баяндап беруге мүмкіндік беретін ЭКСПО көрмелерінің ажырамас бір бөлігі. Қазақстан Дүниежүзілік көрмеге 2005 жылдан бері қатысып келеді. Алайда, дәл осы жылы еліміздің павильоны айрықша орынға ие болып отыр. Қазақстан павильонының EXPO Milano 2015 көрмесіндегі алғашқы екі ай ішіндегі жұмысы туристер мен көрме қонақтарының елімізге деген қызығушылықтары аса жоғары екендігін байқатты. Немістің FactsandFiction компаниясы салған Қазақстан павильоны «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» деген тақырып бойынша таныстырылды. Италияның БАҚ-тары мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан павильоны адамдар ең көп келетін павильондардың бестігіне кіріп отыр. Мұны бір мезгілде 80 адамды қабылдап ала алатын павильонға келушілер санының күніне 4500 адамға жететінінен де байқауға болады. Сонымен қатар, итальяндық Reppublica газетінің платформасында ұйымдастырылған дауыс берудің нәтижесінде алынған мәліметтер бойынша Қазақстан павильоны бүгінгі күнге дейін Колумбиядан кейін екінші орынды иеленіп келді. Қазақстан павильоны өз алдына екі мақсатты қойып отыр. Оның біріншісі  өзгелерге елімізді лайықты деңгейде танытып, дүниежүзілік жәрмеңкедегі басты көрікті орынға айналу болса, екіншісі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде қонақтарды осы көрмеден еш кем түспейтін үлкен шоу күтіп тұрғанын дәлелдеуге саяды. «ЭКСПО-ның Миланнан кейінгі көрмесі Астанада өтетіндіктен, Қазақстан павильоны екі міндетті ойдағыдай атқарып шығуы тиіс, ол ЭКСПО-2015 көрмесіндегі басты көрнекі орын ретінде танылып, еліміздің осындай ауқымдағы іс-шараны 2017 жылы өз аумағында өткізуге дайын екендігін көрсетуі керек», - деп атап өтті «Expo Milano 2015» Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин. Көрме жұмыс жасап жатқан уақыт ішінде Қазақстан павильонын бірқатар мемлекеттердің саяси, мәдени зиялы қауым өкілдері – Монако ханзадасы, Қытай премьер-министрі, Германия, Венгрия экономика министрлері, Лондон мәрі көруге келген. 3000-нан аса шаршы метр аумақты алып жатқан екі қабатты ғимарат «Жер шаруашылығы», «Мал шаруашылығы», «Қазақстан туралы қызықты деректер», «Қазақстандағы аквамәдениет», «Қазақстан экологиясы» және «Ауылшаруашылықтың келешегі» деген түрлі тақырыптарға арналған бірнеше экспозициялық аймақтарға бөлінген. Павильонға келушілер табиғат және ауылшаруашылық қорларын қорғау мәселесімен, Қазақстан мәдениетімен және еліміздің ұмтылып отырған тұрақту даму туралы идеяларымен таныса алады. Соңынан Қазақстан өнер шеберлері мерекелік концерт қойды.

27-06-15-Форум-1 27-06-15-Форум-2 27-06-15-Форум-3 27-06-15-Форум-4 27-06-15-Форум-5 27-06-15-Форум-6 27-06-15-Форум-7 27-06-15-Форум-8