«Таза Қазақстан» • Бүгін, 10:20

ЕҰУ жастары «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік көрсетті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған ауқымды сенбілікке қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ жастары «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік көрсетті

Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, университет аумағын абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сенбілікке университеттің барлық факультеттері, институттары мен мектептері белсенді түрде жұмылдырылды. Алдын ала тазалық жұмыстары жүргізілетін негізгі аумақтар белгіленіп, қатысушылар бірлесе жұмыс атқарды. Атап айтқанда, университет аумағын және студенттік жатақханаларға жақын жерлерді қоқыстан тазартып,  студенттік спорт орталығының маңына ағаш көшеттері отырғызылды. Университет әкімшілігі сенбілікті ұйымдастырумен қатар, қатысушылар үшін жайлы әрі көтеріңкі көңіл күй қалыптастыруға да ерекше мән берді.

«Таза Қазақстан»: Алматыда 550-ден астам адам сенбілікке шықты

Акцияға Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов та қатысты. Ол мұндай бастамалардың студенттік ортада экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

− «Таза Қазақстан» республикалық акциясын жүзеге асыру – Мемлекет басшысы ерекше назар аударатын экологиялық жауапты қоғам қалыптастырудағы маңызды қадам. Еуразия ұлттық университеті студенттер мен қызметкерлерді тұрақты даму құндылықтары төңірегінде біріктіретін осындай бастамаларды қолдайды. Студенттердің «Таза Қазақстан»  акциясына қатысуы олардың саналы ұстанымын және қоғамның экологиялық мәдениетін дамытуға үлес қосуға дайын екенін көрсетеді, − деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Ректор студенттер мен университет қызметкерлерімен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын жеке үлгісімен көрсетті.

«Мұндай акциялар тек экология тұрғысынан ғана емес, жалпы мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі ретінде де маңызды. Студенттермен және әріптестермен бірге қатысқанда, бірлік пен үлкен іске қатыстылық сезімі пайда болады, бұл шынымен де шабыттандырады», деп атап өтті Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев.

Қатысушылар үшін бұл жай ғана сенбілік емес, экологияға өз үлесін қосу мүмкіндігі болды. Студенттердің айтуынша, мұндай шаралар адамдарды біріктіріп қана қоймай, командалық рухты нығайтады, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және күнделікті өмірде тазалықты сақтауға ынталандырады.

«Сенбілікке қатысу мен үшін өте маңызды әрі пайдалы тәжірибе болды. Біз тек университет аумағын тазалап қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілігімізді арттырдық. Осындай шаралар студенттерді біріктіріп, ортақ іске жұмылдырады. Болашақта да мұндай игі бастамаларға белсенді түрде қатысамын», деді Заң факультетінің 2 курс студенті Гүлмаржан Ибрагимова.

«Таза Қазақстан»: Орманшылар оқушылармен бірге ағаш екті

Еуразия ұлттық университетінде тұрақты даму мен экологиялық жауапкершілік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Университет «Таза Қазақстан» республикалық акциясына белсенді қатысып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған өз бастамаларын да жүзеге асырып келеді. ЕҰУ-да тұрақты даму саясаты бекітілген, оның аясында студенттер мен оқытушылар қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Мұндай игі шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ел тазалығы – ұлттық мәдениеттің айнасы екенін дәлелдейді. ЕҰУ ұжымы алдағы уақытта да экологиялық бастамаларды қолдап, сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар