Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Өкінішке қарай, бірінші күні бозкілемде белдескен Нұрзат Қабдарқымов (55 кг), Сайфолла Құрман (63 кг), Қаһарман Қисыметов (77 кг) көрермен қатарын толықтырды.
35 жастағы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) тұсаукесер кездесуінде Оңтүстік Кореяның оғыланы Сеунгхван Лиді еш қиналмай жыққанымен, жартылай финалда 20 жастағы жергілікті жас дарын Асан Жанышевтан ойсырай жеңілді. Қандасымыз қола медаль бәсекесінде түрікменстандық Давлетмұрат Байрамовты ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Солардың арасынан финалға тек Алматбек Аманбек (72 кг) шықты. Қытайлық Донжу Ли мен қырғыз Амантұр Исмайыловты жолынан ығыстырған қандасымыз шешуші бәсекеде жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы, ирандық Мохаммад Джавад Резаимен күш сынасты. Сын сағатта Боранбек Қоңыратовтың шәкірті өзін жақсы қырынан танытты. Қарсыласы алға ұмтылған сәтте қарымта шабуылға жүгінген ол оны жығып алды да, астында тырп еткізбей ұстады. Алматбек – Азия чемпионы!
Жартылай финалда жеңіліс тапқан Ибрагим Магомадов (82 кг) пен Ислам Евлоев (97 кг) қола медаль үшін күресті. Ибрагим аса шиеленісті бәсекеде қытайлық Руи Лиуді екі ұпай айырмашылығымен ұтса, Ислам оңтүстіккореялық Минху Лиді 1 минут 27 секундта тас-талқанын шығарды. Ербол Камалиев (60 кг) ирандық Әли Абдоллах Ахмади Вафадан ұтылып, бесінші орынды қанағат тұтты.
Ал қыздар арасында сынға түскен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) мен Зейнеп Баянова (53 кг) алғашқы айналымнан аса алмады. Сондай-ақ Шұғыла Өмірбек (55 кг), Нилуфар Раимова (57 кг), Виктория Хусаинова (59 кг), Айжан Сүйдуова (65 кг) тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Марал Тәңірбергенова (50 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) да шу дегеннен сүрінді.
Бішкекте өнер көрсеткен 10 бұрымдымыздың екеуі ғана жартылай финалға дейін жетті. 76 кг салмақтағы Гүлмарал Еркебаева Оңтүстік Кореяның өкілі Еунжу Хванды қапы қалдырып, қола медаль еншіледі. 62 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Тыныс Дүбек үшінші орынға таласта моңғолиялық Цереншимед Секхенің осал тұсын таба алмады. Сөйтіп, Қырғызстан сапарынан әйелдер құрамасы жалғыз жүлдемен оралды.
Азия чемпионатын еркін күрес шеберлері қорытындылады. Әди Серікұлы (65 кг), Санжар Досжанов (70 кг), Мерей Базарбаев (57 кг), Дәулет Ергеш (79 кг) және Бекзат Үркімбай (97 кг), Асыл Айтақын (61 кг), Ернұр Нұрғазы (74 кг) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Жастары 30-дың бел ортасына таяған сақа спортшылар Болат Сақаев (86 кг) пен Азамат Дәулетбеков (92 кг) жартылай финалға дейін еркін жетті. Осы межеге Болат Мукул Дахиядан (Үндістан) 6:12 есебімен, Азамат Мохаммадмобин Азимиден (Иран) 0:6 есебімен ұтылды. Үшінші орын бәсекесінде Қыдыр Сайпуддинов (Бахрейн) Б.Сақаевқа сан соқтырса, А.Дәулетбеков Такаши Ишагуроны (Жапония) еш күмәнсіз ұтты.
Былтыр 18 жасқа толған шағында өзінен бір-екі жас үлкен балуандарды тегістей ұтып, әлем чемпионы (U20) атанған Едіге Қасымбек (125 кг) ересектер дуына биыл ғана қатыса бастады. Едіге тұсаукесер кездесуінде Намбардагва Батбаярдан (Моңғолия) басым түсті. Келесі кезеңде Токио Олимпиадасының қола, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Әмір Хоссейн Заремен (Иран) күш сынасты. Едіге азулы қарсыласпен батыл күресіп, мінезді балуан екенін байқатты. Бұл бәсекеде Заренің мерейі үстем болғанымен, қазақтың өр мінезді ұлының өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Қола медаль жолындағы белдесуде Бухееердун Бухееердунды (Қытай) ұтты. Сөйтіп, еліміздің еркін күрес шеберлері сары құрлықтың басты додасын екі қоламен қорытындалады.