Ата заң • Бүгін, 08:15

Ел өркендеуінің айтулы кезеңі

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз биыл жаңа Конституция қабылдап, саяси-құқықтық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл құжат заңнамалық өзгеріс қана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың жаңа моделін айқындайтын стратегиялық акт ретінде бағаланып отыр. Сарапшылар пікірі де осыған саяды. Қысқасы, жаңа Негізгі заңымыз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге қарай бет бұрғанымен ерекшеленді.

Ел өркендеуінің айтулы кезеңі

Жаңа Конституцияның негізгі жаңалығы ретінде оның толықтай адам мүддесі қағидатына құрылғанын айтуға болады. Яғни адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты өлшеміне айналмақ.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды артықшылығын айтар болсақ, ол – құқықтардың декларативті сипаттан нақ­ты іске асатын механизмдерге көшуі. Мәселен, адамның бостандығын шектеу тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылатыны, кінәсіздік презумпциясы қағидатының күшейтілуі, әркімнің өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу құқығының нақты бекітілуі – құқықтық жүйенің әділеттілігін арттыратын маңызды қадамдар.

Қазіргі әлем цифрландыру кезеңіне аяқ басқан тұста жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Үкімет басшысының орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ететін маңызды норма екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда әлем цифрлық өзгерістердің қарқынды кезеңіне қадам басты. Мемлекеттік қызметтер, қаржы операциялары, білім беру, медицина және әлеуметтік қатынастың басым бөлігі электрондық форматқа көшті. Бұл азаматтардың мүмкіндігін кеңейтіп, қызметтердің қолжетімділігін арттырғанымен, жаңа қауіптерді де қатар алып келеді. Осыған байланысты цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Яғни Конституциялық деңгейде дербес деректердің қорғалуына ерекше мән беру цифрлық кеңістікте қауіпсіз құқықтық орта қалыптастырады. Жалпы алғанда, цифрландыру үдерісін құқықтық тұрғыдан бекіту болашаққа жасалған маңызды қадам деп білемін. Ол елдің қауіпсіз дамуын қам­тамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді. Бұл бағыттағы өзгерістер қоғамның заманауи, қауіпсіз әрі әділетті болашағына жол ашады, – дейді министр Ж.Мәдиев.

Сонымен қатар Негізгі заңымыздан алғаш рет білім мен ғылым саласы мем­лекеттің стратегиялық құндылықтарының бірі ретінде айқындалып отыр. Бір ғана мысал, «тегін білім» ұғымының орнына «ақы төлемей, білім алуға кепілдік беріледі» деген нақты норма енгізілді. Саясаткер, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, бұл норма білім беру саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, азаматтардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

– Бұрынғы Конституцияның 30-бабында білім алу «тегін» деп көрсетілген. Шындығында, «тегін» деген ұғым кейде абстракт болып көрінуі мүмкін. Өйткені оқу тегін болғанымен, оған қосымша кейбір білім беру қызметтері ақылы болуы ықтимал. Мысалы, мемлекеттік мектептерде негізгі сабақтар тегін болғанымен, қосымша курстар немесе үйірмелер ақылы болуы мүмкін. Ал жаңа Ата заңда «ақы төлемей білім алуға кепілдік беріледі» деп нақты әрі түсінікті түрде жазылған. Бұл – білім саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді күшейтетін маңызды қадам. Әрине, барлық жүйе бірден толықтай ақысыз форматқа ауысады деп айту қиын. Себебі білім беру жүйесі – өте үлкен құрылым. Оған өзгеріс енгізу уақыт пен үлкен еңбекті талап етеді. Дегенмен Конституцияның жаңа жобасында еліміздің білім беру жүйесінің болашақта ақысыз болатыны, оның ішінде бастауыш және негізгі орта білім міндетті екені нақты көрсетілген, – дейді саясаткер.

Бұған қоса жаңа Конституция экономикалық өсімді қамтамасыз ететін институционалдық негіздерді де қамтиды. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер орталығы Ғаламдық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы Нұрдәулет Нариманов Ата заңда арнайы құқықтық режімдер енгізу арқылы инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және технологиялық кластерлерді дамыту мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті.

– Экономикалық тұрғыдан бұл – инвес-тициялар мен салалық дамуға арналған бейімделген шарттары бар аймақтарды қалыптастыру механизмі. Мұндай режімдер капитал мен инфрақұрылымды шоғырландырып, жаңа өндірістерді тез іске қосуға және технологиялық кластерлерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, осындай шешімдер көп жағдайда құрылымдық модернизация мен өнімділіктің өсуіне ықпал етеді. Мұндай өзгерістердің экономикалық логикасы жинақтаушы сипатқа ие. Тұрақты әрі алдын ала болжанатын институционалдық орта инвестициялық белсенділікті ынталандырады, инвестициялар өндірістік қуаттарды кеңейтеді және еңбек сұранысын арттырады, ал өнімділіктің өсуі жалақы мен үй шаруашылықтарының кірісін ұлғайтуға жағдай жасайды. Кірістер өсумен бірге білімге және дағдыларды дамытуға салынатын инвестициялар күшейеді, бұл адам капиталын нығайтып, экономиканың ұзақмерзімді әлеуетін арттырады. Жаңа Конституция тұрғысынан алғанда, мемлекетімізге аталған тетіктер экономиканы әртараптандыру мен еңбек нарығын кеңейтуге арналған институционалдық негіз болмақ. Жаңа салалар мен өсу орталықтарының дамуы жұмыс орындарының пайда болуына, кірістің өсуіне әрі экономиканың тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді. Азаматтарға кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі дамытуына кең мүмкіндіктер қалыптастырады, сондай-ақ келесі ұрпақ қамының экономикалық келешегін айқындайды, – дейді сарапшы.

Жалпы, жаңа Конституция еліміздің саяси-құқықтық жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын жоғарыда айттық. Ата заңдағы адам құқықтарының басымдығы, құқықтық кепілдіктердің күшеюі, цифрлық дәуір талаптарының ескерілуі, экономикалық дамуға арналған жаңа мүмкіндіктер осы құжаттың басты артықшылықтары ретінде елімізді заманауи әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптастыруға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар

Баршаға ортақ мүмкіндік

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:55

«Момақан қыз» – оқырман олжасы

Руханият • Бүгін, 08:45

Қаныштың Қытайға сапары

Тарих • Бүгін, 08:35

Қоғамдық көлік жаңарды

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Көп жылғы ізденіс нәтижесі

Пікір • Бүгін, 07:55