Саясат • Бүгін, 08:05

Мал шаруашылығын өрістетуге қолайлы өңір

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдің шаруаларымен кездесті.

Мал шаруашылығын өрістетуге қолайлы өңір

Кездесуге кеңейтілген форматта онлайн байланыс арқылы аудандардағы шаруа қожалықтарының басшылары да қатысты. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңір ауыл шаруашылығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында егін шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.

Былтыр облыста ауыл шаруашылы­ғы өнімінің көлемі 412 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсті. 2026–2028 жылдары өңірдің аг­роөнеркәсіп кешенінде жалпы сома­сы 94,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішін­де 4 жоба биыл іске қосылады. Олардың қатарында «Жаннұр» ШҚ мен «Agroproduct development» ЖШС бор­дақылау алаңдарын салу мен кеңейту, «Рамазан құс» ЖШС құс фабрикасын іске қосу, сондай-ақ «АЙС» ЖШС сүт-тауар фермасын ашу бар.

Былтыр өңірде 554 мың тонна дәнді дақыл мен 72,4 мың тонна майлы дақыл жиналды. Сондай-ақ көкөністен, соның ішінде картоптан мол өнім алынды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайтылды.

Кездесу барысында Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысушыларды мал шаруа­шылығын дамыту жөніндегі жаңа Кешенді жоспардың негізгі пара­метрлері туралы хабардар етті.

Талқылау кезінде шаруалар бір­қатар мәселе көтерді. Атап айт­қан­да, Қазақстан фермерлері қауымдас­тығы облыстық филиалының жетекшісі Құсайын Сәрсембай «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламалары бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Серік Жұманғарин қазір осы бағдарламалар бойынша «Даму» қоры арқылы кепілдіктер беру тетігі пысықталып жатқанын айтты. Бұл құралды енгізу жөніндегі алдын ала келісімге қол жеткізілген. Алайда жекелеген шарттар мен техникалық параметрлер әлі де келісу сатысында тұр.

Сонымен қатар несие мен лизингке қатысты пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың қолжетімділігі мәсе­лесі көтерілді. «Айс плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов бюджет қара­жатының жоқтығына байланысты портал жұмысы тоқтатылғанын, сондықтан өтінім беру мүмкін еместігін мәлімдеді.

Сондай-ақ өңірдегі «Степное» ЖШС, «Құмқұдық» ЖШС, «Пригородное» ЖШС, «Меңдібай-Қарағаш» ШҚ өкілдері де өз сұрақтарын қойды. Бар­лық көтерілген мәселеге қатысты жиын барысында түсіндірме берілді.

Кездесу қорытындысында вице-премьер Ақтөбе облысы – 25,3 млн гек­тар жайылымдық жері бар елі­міз­дегі ең ірі өңір екенін атап өтті. Мемлекет шаруаларға қолдау көр­сетуді жалғастырады, сонымен қатар қарсы талаптар да күшейтіледі. Оның негізгісі – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану. Осы бағыт­та жерді пайдаланудың тиімділік көр­сеткіштерін енгізу, сондай-ақ егін шаруашылығымен айналыса­тын шаруашылықтардың мал шаруа­шылығын да қатар алып жүру мүмкіндігі қаралып жатыр.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин бюджет мәселелері туралы бөлек жиын өткізіп, онда қаржыландырудың негізгі параметрлері мен шығыстардың басым бағыттары қарастырылды. Талқылау қорытындысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен оның игерілуіне бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары аясында вице-премьер «KAZFELTEC» ЖШС-ның жүн өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын италиялық технологияларды пайдаланып, табиғи қой жүнінен жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіруге маманданған.

Соңғы жаңалықтар

Баршаға ортақ мүмкіндік

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:55

«Момақан қыз» – оқырман олжасы

Руханият • Бүгін, 08:45

Қаныштың Қытайға сапары

Тарих • Бүгін, 08:35

Қоғамдық көлік жаңарды

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Көп жылғы ізденіс нәтижесі

Пікір • Бүгін, 07:55