Айтулы тұлға 1926 жылы ел еңсесін езген ауыр кезеңде Гурьев қаласында дүниеге келген. О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде хат таныды. Орта білімді Алматы қаласында бітірген ол жерасты құпиясын ашып, ресурсын адамзат игілігіне жарататын мамандықты таңдады. Сол жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының мұнай факультетіне оқуға түседі. 1945 жылы мұнай факультеті жабылып, Сәкен Шақабаев И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтының «Мұнай және газ кен орындарының геологиясы және барлау» мамандығына ауысады.
Мұнай-газ саласы бойынша одаққа танылған тұлғалар білім алған оқу ордасында Сәкен Ержанұлының өмір жолының сәтті қадамы басталды десек, қателеспейміз. Өйткені оның салаға сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Тарихтың алтын көмбесі – архивтерде Сәкен Шақабаевтың тегіне қатысты құжаттары сақталған. Атырау облысы мемлекеттік архив қорындағы құжаттарды сөйлетсек, 1949 жылы Мәскеу мұнай институтында «Ұңғымаларды каротаждау деректері мен қосымша барлау жобасы негізінде Оңтүстік Қошқар кен орнының геологиялық құрылысын және мұнайлылық перспективаларын зерттеу» тақырыбымен диплом жұмысын үздік қорғаған. Ізденімпаздығына көз жеткізген мемлекеттік емтихан комиссиясы оны бірауыздан КСРО Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі М.Ф.Мирчинк жетекшілік ететін кафедра жанындағы аспирантураға білімін жетілдіруге қалдырады. Мемлекеттік комиссия Сәкен Шақабаевтың диплом жұмысын өндірісте пайдалану туралы ұсыныс береді. Ал жас ғалымның өзі аспирантурада оқи жүріп кафедрада ассистент және оған қосымша КСРО Ғылым академиясының Геология институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады.
Сәкен Шақабаевтың өмірбаянында төрт жылға жуық уақыт Саратов Поволжье мұнай-газ аудандарында далалық және тақырыптық зерттеу жүргізіп, сол ізденістердің қорытындысы негізінде 1953 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, сенім артқан ғалымдардың үмітін ақтағаны жазылған. Ол диссертациясын қорғаған соң да Мәскеу қаласындағы КСРО ғылым академиясындағы жұмысын жалғастыра берді.
Білім мен қызметті қатар алып жүрген білікті жас маманға 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумы шешімімен «Мұнай геологиясы» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер атағы беріледі. Ұлт мақтанышы, геолог-ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың ұсынысы бойынша Сәкен Шақабаев Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтына қызметке жіберіледі. Еліміздің оңтүстік-шығыс аймақтарының мұнай-газ саласындағы болашағын бағалау тақырыбы бойынша зерттеу бастаған С.Шақабаев осылайша ғылымдағы даңғыл жолға нық қадам жасады.

Атырау облыстық мемлекеттік архивінің кітап қорында қаламгер Жұмабай Құлиевтің «Мұнайшы» қоғамдық қорының сериясымен 2011 жылы шыққан еңбегінде Сәкен Шақабаевтың мұрағатынан алған деректер көркем баяндалыпты. Студент кезінен-ақ ғылымға деген қабілетімен мәскеулік ұстаздарын таңғалдырып, Қаныш Сәтбаевтың назарына жиі түскен Сәкен Шақабаев 1960 жылы туған жері Гурьевке (қазіргі Атырау) басшылық қызметке тағайындалды.
«Осы жылы Гурьевтегі мұнай зерттеу институты: Геология және геофизика; Мұнай химиясы мен табиғи тұздар институты болып екіге бөлінді. Қаныш ағамыз тағы да қолқа салып, мені Геология және геофизика институтына директор етіп жіберді. Сонда жүріп, ғылыми жағынан көмек ретінде карталар жасап, экспедициядағы жігіттерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Алайда қара жұмыстағы жігіттердің көбі қалам-қағаз ұстап жүрген бізге менсінбей қарайды. Экспедиция бастығы Х. Өзбекқалиев, бас инженері С. Балғымбаев ғылымды жақсы түсінетін. Ғылымсыз қиын болатынын біледі. Олардан қолдау таптық. Ұңғыны қайдан қазамыз, қандай геофизикалық жұмыстарды күшейту керек, оның методикасы, технологиясы сияқты мәселелерді қозғайтын бірнеше ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырдық. Оған сол кездегі одақтың білімді деген ғалымдары шақырылып, Каспий ойпаты тұз асты мұнайының жағдайы секілді ірі-ірі мәселелер талқыланып отырды. Мұның жаңа жұмыс бастауда маңызы зор. 1972 жылы министрдің мұнай жөніндегі орынбасары, 1978 жылы министр болып тағайындалдым. Мұнай жөніндегі орынбасар лауазымына Х.Өзбекқалиевті шақырдым. Ол келген соң мұнай саласы күшейе түсті. Кейінгі 35 жыл көлемінде еліміз жер жүзіндегі мұнайлы елдердің қатарына қосылды. Мұнаймен шұғылданып жүрген жігіттердің айтуынша, қазір 2 млрд 200 млн тонна мұнай қорымыз белгілі болса, ол 8-10 млрд тоннадай мұнай, газ 8 триллиондай болуы мүмкін дейді. Цифрдан сәл қателік кетсе, кетер. Дегенмен мұнайдың мол қоры бары рас қой. Бірақ геология қазір қиын жағдайда. Бүйте берсе барлау жұмысы ондаған жылға кері кетіп, келешек талабына жауап бере алмай қалады. Сондықтан менің тілегім, ғылымды суалтып алмайық», деген естелігі қазіргі кезде де өткір өзекті мәселе екені сөзсіз.
Жаңа ірі мұнай мен газ игерудің бастапқы кезеңінде Қазақ КСР Геология министрі болып тағайындалған Сәкен Шақабаев кәсіби геолог-мұнайшы ретінде іздеу және барлау жұмысын тиімді басқарды. Ол Каспий маңы ойпатының тұзасты қабаттарына ерекше назар аударды. Қарашығанақ, Жаңажол, Урихтау, Кенқияқ, Қожасай, Әлібекмола сияқты ірі және алып кен орындарын ашу, барлау және қорларын бағалау КСРО мен Қазақ КСР-дің көптеген өндірістік және ғылыми зерттеу ұйымдарының күшін біріктіруді, олардың өзара іс-қимылын нақты үйлестіруді талап етті. Жаңа әлемдік деңгейдегі кен орындарын игерудің күрделі міндеттерін табысты шешу сенімді ғылыми зерттеуді қамтамасыз етудің арқасында мүмкін болды. Соның нәтижесінде Қазақстан мұнай мен газ қоры бойынша одақтағы жетекші республикалардың қатарына кірді. Сол кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі – Торғай ойпатында жаңа мұнай және газ-мұнай кен орындарының ашылуы болды. Олардың ішінде мұнай қоры бойынша ең ірісі – Құмкөл кен орны. Бұл С.Шақабаев еңбек жолының басында зерттеген Шығыс Қазақстанның шөгінді бассейндерінде өнеркәсіптік мұнай мен газдың бар екені туралы болжамының дұрыстығын дәлелдеді. Бұл кезеңде геологиялық барлау ұйымдары қатты пайдалы қазбаларды және жерасты суларын іздеу мен барлауда да, әсіресе Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорындары орналасқан аймақтарда зор жетістікке жетті. Қара, түсті, сирек және бағалы металдардың, техникалық алмаздардың, флюориттің, бариттің, тағы басқа бейметалл шикізаттардың, энергетикалық көмір мен жерасты суларының ірі кен орындары ашылып, барлау жүргізілген.
Сәкен Шақабаев – мұнай-газ геологиясы саласындағы көрнекті ғалым. Өмірбаянында қазақ тілі мен орыс тілін еркін меңгергенін, ал ағылшын тілінде оқи алатыны жазылған. Сәкен Ержанұлы сексеннен астам ғылыми еңбек, оның ішінде бес монография жазған.
Мұнай-геология саласында қызмет ететін мамандар өзін оның шәкірті санап, мақтаныш етеді. Мемлекет оның еліміздің экономикалық қуатын дамытуға, саланың қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалады. «Парасат», Октябрь революциясы ордендерінің, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, сондай-ақ республика Жоғарғы Кеңесінің медальдары мен грамоталары да бар КСРО-ның Құрметті жер қойнауын барлаушысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Сәкен Шақабаев – КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ол жемісті еңбек қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра білді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып екі рет сайланды, Қазақстан – Болгария достық қоғамын басқарды, Геологтердің ұлттық комитетінің және басқа да ұйымдардың құрамында болды.
Оның еңбек жолы мен ел мүддесі үшін қызмет еткен азаматтық тұлғасы жыл өткен сайын санамызда мәңгі жаңғырып тұру мақсатында Сәкен Шақабаевтың архивіміздегі жеке тектік қорындағы құжаттарды ғасыр жасында «сөйлетіп» оқырманға ұсындық. Сайып келгенде, С.Шақабаевтың геологиялық терең зерттеу еңбектері қашанда өзекті.
Тұрсын Қалимова,
Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары