Аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылған «Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты іс-шара барысында жиналған қауымға балуан бабаның өмір жолы мен ерлігі кеңінен насихатталды. Аудан әкімі Азат Оралбаев даңқты балуанның қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін мақтаныш екенін атап өтті. «Ордабасы өңірі үшін Қажымұқан есімі ерекше қастерлі. Себебі бұл қасиетті мекенге бабамыздың жамбасы тиген, кесенесі орналасқан. Өткен жылы ауданымызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне заманауи мәдени-спорт кешені ашылды. Мұражай, кітапхана, көрме залы мен конференция бөлмелері бар бұл нысан бүгінде тек спорт ордасы ғана емес, жас ұрпақтың рухын көтеретін, саламатты өмір салты мен ел бірлігін насихаттайтын маңызды орталыққа айналды», деді аудан әкімі.
Сонымен қатар мәслихат депутаты Бақдәулет Жұмабеков, Қажымұқанның немересі Нұрлан Қажымұқан, спорт саласының ардагері Қуат Байқожаев та сөз алып, баба рухына тағзым етті. Көпшілік мәдени-спорт кешеніндегі мұражайда балуанға қатысты танымдық-тағылымдық деректер, фотосуреттермен танысты. Қажымұқан Мұңайтпасұлы 17 жасында палуан ретінде танылып, 18 жасында циркке шақырылады. 1905 жылы Харбинде өткен жарыста джиу-джитсудан алтын медаль алып, «Маньчжурия чемпионы» атанады. Кейін Германия, Швеция, Ресей, Америка құрлықтарында өткен ірі додаларда топ жарып, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді. Оның қарсыластары арасында атақты шетелдік балуандар болды. Соның ішінде жапон балуаны Саракикимен болған жекпе-жек ерекше есте қалған. Қанша ауыр жарақат алса да, Қажымұқан қарсыласын жеңіп шыққан. Замандастары оның бойындағы табиғи күш пен қайсарлықты ерекше бағалаған. Белгілі палуан Николай Турбас өз естелігінде: «Палуандардың көбі одан қорқатын», деп жазған.

Қажымұқан өмірінің соңғы кезеңін Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында өткізген. Қара шаңырақ та осы жерде орналасқан. Уақыт өте келе ескі үй жарамсыз күйге түскен соң, туыстары жаңадан үй тұрғызған. Қазір бұл шаңырақта балуанның шөбересі Қуанышбек Ескермесовтің отбасы тұрып жатыр. Бүгінде үйдің бір бөлмесі мұражайға айналдырылған. Мұнда Қажымұқанның көзі тірісінде қолданған заттары – су ішкен ожауы, жатқан кереуеті, сандығы, дәрет алған ыдысы, ошағы сақталған. Сонымен қатар есік алдында балуанның өзі қаздырған құдық бар. Ескі үйден алынған табалдырық пен Польшадан алып келген шамадан да осы мұражайда. Қажымұқанның немересі Нұрлан Айдарханұлының айтуынша, музейдің қалыптасуына ұрпақтары үлес қосқан. Атасының жолын жалғаған немересі Шаттық Қажымұқанов – каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал тағы бір немересі Бақытжан Қажымұқанов – танымал композитор, «Жас қанат», «Азия дауысы» байқауларының жүлдегері.
Темірланда өткен іс-шарада өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Сонымен қатар Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсетілімдері – тас сындыру, темір майыстыру секілді рекордтық шоулар көрерменге ұсынылды. Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.
Түркістан облысы