Саясат • Бүгін, 07:55

Адам қауіпсіздігіне қатысты заңдар қаралды

10 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елімізде психологтердің қызметін реттейтін дербес заң қабылданбақ. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста депутаттар «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізді.

Адам қауіпсіздігіне қатысты заңдар қаралды

Кез келген адам психолог бола алмайды

«Психологиялық қызметтер нарығы әлі күнге дейін реттелмеген күйде қалып отыр. Бүгінде тиісті білімі жоқ, біліктілігі расталмаған, клиент алдында ешқандай жауапкершілік алмайтындар өзін психологпін деп жүр. Ал бұл нақты адамдар­дың тағдырына әсер етіп жатыр. Сапасыз кеңес адамның жағдайын нашарлатып, жалпы жүйеге деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Психологиялық көмек – жалпы адамның осал күйімен жұмыс істеу деген сөз. Сондықтан бұл сала құқықтық реттеуден тыс қалмауға тиіс», деді «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы жөнінде баян­дама жасаған депутат Айна Мысырәлімова.

Сонымен қатар Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заңға психологтердің кім екені, кім психологиялық жұмыспен айналыса алатыны туралы нақты ережелер алғаш рет енгізіліп отыр.

«Заңның мақсаты – психолог мамандарға нақты талап қою. Әлеуметтік желіні аша қал­сақ, әрқайсысы сарапшы, психолог. Осы тұста психолог пен пси­хиатрдың аражігін ажыратып алуымыз керек. Одан соң ішкі мұңын айтып барған адамның құпия ақпараты жұртшылыққа тарап жататын жағдайлар өте көп. Өйткені заңда кәсіби құпиялылық туралы норма болған жоқ, қазір осыны енгізіп жатырмыз. Егер психологтер адамдардың құпия айтқан ақпаратын сақтамай, таратып жіберетін болса, айыппұл салумен қатар, Қылмыстық кодекс бойынша да жауапқа тартылады», деді А.Аймағамбетов.

Осылайша, Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасында «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы», «кәсіби құпиялылық» сияқты ұғымдарға түсініктеме берілді. Негізі бұл құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзе­ге асыру мақсатында әзірле­ніп, саладағы құқықтық база­ны қалып­тастырып, психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар психолог қабылдауына келген адамдарға психиатр маманның ғана рұқсаты бар медициналық препараттарды тағайындауға құқығы жоқ. Яғни медициналық қызметті жүзеге асырып, дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Психолог халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсартуға ғана үлесін қосу қажет. Осы орайда заң жобасында заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік, зиян келтіру­ге жол бермеу қағидаттары белгіленген. Мемлекеттік реттеу мәселелеріне жеке бөлім арнал­ған. Заң жобасы Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігі­нің психологтердің білікті­лігін тану, мемлекеттік тізілім­ді жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін айқындайды. Құжатты талқылау барысында депутаттар аталған тізілімді электрондық форматта жүргізу тәртібін нақтылап, тіркелуге жататын психологтер санаттарын белгіледі. Мәліметтер ашық болып, олар уәкілетті органның интернет ресурсында орналастырылады.

Психологтер мемлекеттік тізілімге тіркелуге міндетті. Мақұлданған заң жобасында психологтердің біліміне, қайта даярлауға, біліктілігін растауға қойылатын талаптар белгіленеді. Сондай-ақ кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, психологтер кемінде бес жылда бір рет біліктіліктерін арттыруға міндетті. Заң жобасында психологтердің құзыреттері мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар да енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасында психологтердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олар этикалық нормаларды сақтауға, ақпараттандырылған келісім алуға, құпиялылықты қамтамасыз етуге, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.

Құжатта психологиялық көмек алу­шылардың құқықтары да ай­қындалған. Атап айтқанда, олар ма­манды таңдауға, толық ақпарат алуға, көмектен бас тартуға, өз құ­қықтарын қорғауға құқылы. Бұдан бөлек, психологиялық қыз­мет туралы жалған ақпарат тара­туға, қызмет нәтижесіне кепілдік берілетінін мәлімдеуге жол берілмейді.

Сондай-ақ А.Аймағамбетов қазір коучтар көбіне өздерін психолог маман ретінде атап жүргенін айтты. Бұларға да заң талабы қатаң болмақ. 

«Енді арнайы білімі жоқ, реестр­де тіркелмеген, қызметі арнайы талаптарға сәйкес келмейтін азаматтар өздерін психологпін деп айта алмайды, қызмет ұсына алмайды. Мұндай азаматтар коуч, энерго-практик бола алады, алайда оларға да кәсіби стандарт әзірленді. Маңыздысы коуч психологтердің жұмысын жүргізе алмайды. Өйт­кені оларда терең күйзелісте жүр­ген азаматтармен жұмыс істеу дағды­лары жоқ. Коуч деген негізі мүлдем басқа», деп түсіндірді депутат.

Отырыста депутат Нұргүл Тау­дың қойған сұрағына жауап берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың мәліметіне сәйкес, қазір елімізде психолог мамандарын 42 ЖОО даярлайды. Онда бакалавриат, магистратура, докторантураны қосқанда 17 мың студент білім алып жатыр. Жыл сайын шамамен 3,5-4 мың студент осы бағыт бойын­ша оқуын аяқтайды. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші – 73-76 пайыз шамасында.

Басты орында – адамның өмірі мен амандығы

Елімізде шамамен үш сағаттың ішінде кемінде 15 адамды ит қабады екен. Ал орташа есеппен бір сағатта бес адам иттердің шабуылына ұшырап, таланады. Мұндай деректі жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин баяндамасында келтірді.

«Біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, мемлекеттің жауапкершілігі, ең бастысы – адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде ел бұралқы иттердің мә­селесін шешуді бізге аманаттады», деді Е.Жаңбыршин.

Баяндамада келтірілген жер­гілікті атқарушы органдардың мә­ліметіне сәйкес, кейінгі бір жыл­дың ішінде 41 366 адамды ит қа­уып­ты. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылы­ның 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы – бұралқы иттердің шабуы­лы.

Депутат Е.Жаңбыршин ит­тердің азаймағанын, бұл түйт­кілдің әлі де жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отырғанын атап өтті.

«Бұл цифрлардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жара­қаты, азаматтардың қор­қы­нышы, психологиялық күй­зеліс, мүгедектікке алып келген жағ­дайлар, ал кейде адам өлімі тұр», деген баяндамашы осы көкейкесті мәселеге қатысты бірнеше мысал келтірді.

Мәселен, Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы баланы қауып алған. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай ауылында, Қосшыда да болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты.

«Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қояды: адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді? Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және бас­қару­шылық вакуумда. 2023 жыл­дың 19 сәуірінде Мемлекет басшысы өте нақты ұстаным білдірді: «Біз жануарларға жанашырлықпен қарауға міндеттіміз, алайда азамат­тар­дың, әсіресе балалардың қауіп­сіздігі мемлекеттің сөзсіз ба­сым­дығы болуға тиіс». Міне, дәл осы ұстаным осы заң жобасын қа­раудағы негізгі саяси әрі консти­туциялық өлшем болуға тиіс», деп сөзін толықтырды Е.Жаңбыршин.

Бұл заңның еліміз, қоғам үшін маңыздылығын депутат Ата заңның басты логикасымен байланыстырды.

«Біз заң шығарушы ретінде бір нәрсені анық айтуымыз керек: мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл – эмоция емес. Бұл – Конституциямыздың тікелей логикасы», деді ол.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, қолданыстағы заңға заманауи, гуманистік, өркениетті деп ұсынылған тәсілдер – қаңғыбас жануарлар санын реттеудегі аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайтадан сол ортаға қайтару сынды негізгі тетіктер елдегі бұралқы иттердің санын азайта алмапты. Айталық, 2022 жылы 243 574 қаңғыбас жануар ауланса, биылғы 1 қаңтардағы жағдайдың көрсеткіші 276 282-ге жеткен. Яғни азаймақ түгілі, көбейіп кеткен. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алмағаны деген сөз.

«Егер тетік қараусыз жануар­лардың санын азайтпаса, адамдарға шабуыл санын төмендетпесе, азаматтар үшін қауіп-қатерді азайтпаса, онда ол тетік қажетті деңгейде жұмыс істемейді», деді Е.Жаңбыршин.

Осы заңға бастамашы бол­ған депутаттар бұл мәселе бо­йын­ша ішкі жағдайды ғана емес, халықаралық құқықтық және практикалық тәжірибені де зерт­тепті. Баяндамашының айтуынша, әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі мо­делі бар: біріншісі – қайтарым­ды аулау, екіншісі – қайтарымсыз аулау.

Осының ішіндегі қай­та­­рым­ды аулау тәсіліне жүгінген Түркия мен Үндістанда ел болып күткен нәтижеге қол жеткізе алмай, бұ­рынғы тәсілден бас тартып, қай­тарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болыпты.

Жалпы, жаңа заң жобасына сүйенсек ауланған иесіз иттерді ұстау мерзімі өзгереді. Яғни ауланған жануарларды ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарларға 15 күн мерзім ұсынылған еді. Алайда заң жобасын талқылау барысында ең төменгі уақытша ұстау мерзімі – кемінде 5 күн деген шешім қабылданды, сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарларға 60 күндік мерзім көзделіп отыр.

Сондай-ақ иттер мен мысық­тарды міндетті чиптеу енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтіледі. Заң жобасымен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына: жануарлардың агрессиясын дереу тоқтатуға ба­ғыт­талған шұғыл әрекет ету шараларын ұйымдастыру құзы­реті беріледі. Одан бөлек, жануар­ларға жауапкершілікпен қарау саласындағы әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілікті күшейту нормалары ұсынылған. 

Мемлекеттік қызметшілер «Е-қызметпен» іріктеледі

Бұған қоса, Мәжіліс екін­ші оқылымда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік қызметі туралы» заңды жаңа редакцияда, ілеспе түзетулермен қабылдады. Құжаттар Мемлекет басшысының мемлекеттік қыз­мет жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді.

Енді мемлекеттік қызметке түсуге дайындық институты енгізіледі. HR-процестері цифр­ландырылып, үміткерлер толы­ғымен цифрлық форматта «Е-қыз­мет» ақпараттық жүйесі арқылы іріктеледі. Жаңарған Заңда мем­лекеттік қызметтің тартым­дылығын арттырып, білікті кадр­ларды тартуға, оларды ұстап қалуға бағытталған нормалар көздел­ген. Осылайша, үш жылда кемінде бір рет жалақыны индекстеу теті­гі белгіленеді. Үстеме жұмыс уақы­тында, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтем­ақы төленіп, жеңілдетілген тұ­рғын үй бағдарламаларына қаты­суға мүмкіндік алады. Жұмыс уақы­тының режімі де реттеледі. Атап айтқанда, қалыпты жұмыс ұзақ­тығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек, ал кей санаттағы қызмет­шілердің жұмыс уақыты қысқарады.

Сондай-ақ елімізде қыз­меткерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтіледі. Мәжіліс депутаттар бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Атап айтқанда, еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормалары бекітіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келген жағдайда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақты белгіленеді. Сонымен қатар жұмыс беруші еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерді жазбаша хабардар етуге міндетті. Бұған қоса, құжат қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін реттейді.

Түзетулердің жеке блогі әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, өңірлерде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдері­мен өзара іс-қимыл жасау функ­циялары әкімдіктерге жүктеледі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік салаларында біліктілікті тұрақты арттыру­ға міндетті. Сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары бекітіледі. Құжатты қарау барысында депутаттар қосымша түзетулер ұсынды. Оған сәйкес, медицина­лық ұйымдар қызметкерлер­дің тіркелген жері бойынша оларды цифрлық технологиялар арқылы скринингтік тексерулерден өту қажеттігі туралы хабардар етуге және осындай тексерулерден өтуге жататын тұлғалар туралы мәліметтерді жұмыс берушілерге жолдауға міндеттеледі. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингтен өтуге жіберуді қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялады. Келісім екі елдің әскери мүлкі мен персоналының әуе транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындауға бағытталған. Әуе кеңістігін пайдалану шарттары, рұқсат беру тетіктері мен ұшуды үйлестіру тәртібі белгіленеді. Құжатқа сәйкес, әскери транзитті жүзеге асыру үшін біржолғы рұқсат немесе бір жылдық дипломатиялық рұқсат нөмірі беріледі. Келісімге сәйкес, мемлекеттердің әуе кеңістігін пайдалану Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қағидаларына, ұлттық заңнамаға және аэронавигациялық ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібі қарастырылған. Ұшу барысында форс-мажор жағдай туындаса, әуе кемесі тиісті мемлекеттің аэродромына қонуға құқылы. Бұл ретте қабылдаушы ел қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тиісті органдарды хабардар етеді. Өтемақы талап етілетін жағдайлар туындаса, 2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің ережелері қолданылады. Келісімді қолдану, түсіндіру барысында туындайтын даулар екі ел арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.

 

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»