Медицина • Кеше

Кесар тілігінің зардабы қандай?

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әр мамандықтың өзіндік атқарар жүгі бар. Соның ішінде ана мен баланың амандығы үшін күн-түн демей еңбек ететін акушерлердің еңбегі ерекше. Олар аналарға жүктілік кезеңінен бастап босану сәтіне дейін кәсіби көмек көрсетіп, әр сәбидің аман-есен дүниеге келуіне атсалысады. Осы орайда Egemen.kz тілшісі Астана қаласы, №2 көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік бөлімінің қызметімен танысты.

Кесар тілігінің зардабы қандай?

Перзентханада жұмыс істейтін дәрігер екі адамның өміріне жауап береді. Олардың әр атқан таңы әрбір әйел мен баланың аман болуын, сол күні түрлі асқынулардың болмауын тілеуден басталады.

Бөлім меңгерушісі, Жоғары санатты акушер-гинеколог Сұңқар Қосманапқызының айтуынша, №2 қалалық аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесінде 25 маман жұмыс істейді. Шамамен 600 мыңға жуық әйелдер қаралады. Бұл жерде Астана қаласы медицина университеті кафедрасының мамандары мен профессорлар еңбек етеді. Ауруханада 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде күніне 70-80-ге дейін әйел босанған. Қазір бір күнде 7-8 кесар тілігімен, 18-20 табиғи жолмен босану жүзеге асады. Орта есеппен 26-27 сәби өмір есігін ашады. Перзентханада «Аңсаған сәби» бағдарламасымен сәби сүйіп жатқан аналар да бар.

1

Дәрігерлер таңғы 6-дан бастап жұмысқа кіріседі. Науқастарын қарап, жағдайларын бір тексеріп шығады. Бір дәрігердің өзі 20-25 науқасты қабылдайды. Бұдан бөлек, жедел жағдайда, түрлі асқынулармен келетін науқастар тағы бар.

«Жүкті әйелдер арасында экстрагениталды аурулары бар әйелдер көбейіп келеді. Артық салмақ жас әйелдердің өзін түрлі ауруға ұшыратады. Бұдан бөлек, акушерлік қан кетулер, әйелдердегі ауыр преэклампсия, баладағы ауыр гипоксия немесе асфиксия, босанғаннан кейінгі асқынулар тағы бар. Жалпы акушерияда эклампсия сияқты ауыр жағдайлар да кездеседі. Егер нақты таңдау жасау қажет болса баланың өмірін аман алып қалуға тырысамыз. Кейде әйелді сақтап қалу үшін оның жатырын алып тастауға тура келеді. 3 литрден 5 литрге дейін қан кететін жағдайлар болады. Мұның барлығы дәрігерлерден үлкен жауапкершілікті талап ететін жағдайлар», дейді Сұңқар Қосманапқызы.

Соңғы жылдары әйелдер арасында кесар тілігімен босану белең алып келеді. Кесар тілігі ана мен баланың өміріне қауіп төнген кезде ғана қолданыла ма әлде әр ананың өз қалауы бойынша жасала ма?

«Әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, Ресей, ТМД елдерінде босанудың 25-30 пайызы кесар тілігі арқылы жасалады. Біздің ауруханада да осы 30 пайыздан аспайды. Кесар тілігі ана мен баланың өміріне қауіп төнген кезде ғана қолданылады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жас аналар мұны қалыпты босану жолы деп ойлайды, бірақ ол олай емес. Себебі кесар тілігімен туған бала мен табиғи жолмен дүниеге келген баланың өмірге бейімділігі әртүрлі болады. Кесар тілігінің абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштері бар. Абсолютті көрсеткіштерге – тар жамбас, көпұрықтық, баланың басымен келуі, жатырдағы бұрынғы тыртықтар, плацентаның толық орналасуы, клиникалық анатомиялық жағдайлар жатады» дейді дәрігер.

акушер

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, жүкті әйелдермен жұмыс психологиялық әдісті талап етеді. Түрлі ақпарат көздерінен, әлеуметтік желілерден алған мәліметтерге сүйеніп, кей жағдайда эмоционалды тұрғыда келіп, ауыр диагноздарға байланысты ауруханаға жатудан бас тартатын әйелдер де бар көрінеді.

«Бұл жерде әйелмен жұмыс істеу – тек медицина емес, психологиямен де байланысты. Сондықтан кез келген әйелге, оның күйеуі мен ата-енесіне түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тіпті дәрі ішуден бас тартатын әйелдер де бар. Ондайда жолдасымен бірге шақырып, психологиялық сөйлесулер жүргіземіз. Соның нәтижесінде ауруханадағы 600 әйелді бір арнаға саламыз», дейді ол.

Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 11 мыңнан астам бала дүниеге келді

Соңғы жылдары елімізде акушерлік-гинекология саласын замануи құралдармен жабдықтау іске асырылып жатыр. Мұндай жабдықтау №2 көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік бөлімінде де жасалған.

«Біздің ауруханамызда қала бойынша ұрықты қорғау орталығы бар. Ол орталықта «бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылған.Оның артықшылығы – сараптамалық қорытындыны айлап күттірмейді. Барлық сараптама нәтижесі (қан, биохимия, узи, генетикалық талдау т.б) бір күнде науқастың қолына беріледі. Бұл ел медицинасы саласындағы үлкен жетістік. Сонымен қатар бізде мигегенетикалық орталық бар. Орталық мамандарының мақсаты – 12 аптадан бастап баланың туа бітті ақауларын анықтау, уақтылы әйелдің жүктілігін үзу және келесі жүктілікке дайындау. Осының нәтижесінде әйелдер бір мүшесі жоқ баланы өмірге әкелмейді. Тағы бір үлкен жетістігіміз – фетальды хирургия. Бұл – құрсақтағы нәрестеге жасалатын хирургиялық операция. Яғни дәрігерлер кейбір ауыр ақауларды бала дүниеге келмей тұрып-ақ түзетуге тырысады. Мұндай операция ТМД елдері ішінде тек Ресейде жасалатын, былтырдан бастап біздің орталыққа енгізілді», дейді Сұңқар Қосманапқызы.

Павлодарда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды

Жүктілік кезінде инфекциялардың алдын алудың маңызы өте зор. Дәрігердің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жас қыздар арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу жиі кездеседі. Бұл жүктілікке кері әсер етеді. Сондықтан жүктілікке дейінгі дайындық өте маңызды. Ол үшін емханаға барып, тексеруден өту керек.

«Инфекциялар ерте босануға, асқынуларға әкеледі. Қазіргі неонатологияның арқасында 500-700 грамм болып туған балалар да өмір сүріп жатыр. Бірақ олардың жағдайы өте күрделі. Инфекция салдарынан балада пневмония, асфиксия сияқты асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан алдын алу шаралары өте маңызды. Әйел денсаулығы тек репродуктивті жүйе ғана емес, оның денсаулығы мен менталды жағдайы да маңызды. Жалпы, қоғамға ең керегі – сауаттылық. Қазақ қоғамында, әсіресе әйелдер арасында медициналық сауаттылықты арттыру өте маңызды», дейді дәрігер.

Перзентханада төртінші баласын босанған Дельфуза Жаббарова акушерлердің еңбегі орасан екенін атап өтіп, оларға ризашылығын білдірді.

акушер

«Мен негізі Тәжікстанның тумасымын. Қазір Астанада тұрамын. Жасым 35-те. Осы №2 қалалық ауруханасына төртінші жүктілікпен түстім. Дәрігерлер өте жақсы қабылдап, жақсы күтім көрсетті. Бірден босану бөліміне орналастырды. Аллаға шүкір, аман-есен босанып, қызымды қолыма алдым. Мамандарға өте ризамын. Аурухана өте жақсы, таза әрі жайлы екен. Барлық жағдай жасалған», дейді ол.

Соңғы жаңалықтар