Жемқорлық • Бүгін, 11:08

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат: Қазақстан тәжірибесі Францияда таныстырылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. 2026 жылғы 26 наурызда Францияның Страсбург қаласында өткен Еуропа Кеңесінің GRECO (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы) 102-ші пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асу барысын таныстырды. Еуропа Кеңесімен құрылған GRECO ұйымына 51 мемлекет мүшелік етеді, ал Қазақстан Республикасы аталған ұйымның толыққанды мүшесі болып саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат: Қазақстан тәжірибесі Францияда таныстырылды

Пленарлық отырыста Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстанда GRECO ұсынымдарының орындалу деңгейі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және елдегі жүйені жетілдіру бағытындағы кешенді жұмыстар туралы баяндады.

Өз сөзінде ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы ауқымды институционалдық реформаларға тоқталды. Сондай-ақ, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оған төзбеушілік қағидаларын орнықтыруға және адалдық принципін енгізуге бағытталған жаңа модель кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтті.

Жемқорлықпен күрес: Бюджетке 100 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды

Баяндамада қаржылық тергеулерді жетілдіру, құқық қорғау органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тергеуде мамандандырылған құрылымдардың рөлін күшейту мәселелері кеңінен қамтылды.

франция

Сонымен қатар, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, уәкілдер институтын енгізу, қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту бағытындағы шаралар баяндалды. Парламент қарауына енгізілген бірқатар заң жобасына ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру ұлттық ерекшеліктер мен халықаралық стандарттардың үйлесіміне негізделіп, негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалып отыр.

Шығыс Қазақстанда екі ведомствоның лауазымды тұлғалары жемқорлықпен ұсталды

GRECO іс-шарасы аясында Дархан Жазықбай Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және құқық үстемдігі жөніндегі Бас директоры Джанлука Эспозито және GRECO Бюросының мүшесі, Кипр делегациясының басшысы Алексиа Калисперамен кездесті. Кездесулер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, GRECO ұсынымдарын орындау барысындағы тиімді тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар