Сараптама • Бүгін, 08:48

Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мейрамгүл ИМАШЕВА, Астана қаласы әкімдігі «Еңбек мобильділігі орталығы» жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы:

Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?

«Мемлекет жұмыссыз азаматтарға көп қолдау көрсетеді. Соны пайдаланып, еңбек нарығында өз орнын табуды ойлағандар «жұмыссыз» екенін растап, жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларына қол жеткізуге жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуден өтуі қажет. Осыдан кейін ғана жұмыссыз азамат жұмысынан айырылғанына орай әлеуметтік төлем алуға, өзіне лайықты бос жұмыс орындарын іздеп, жұ­мыс­қа орналасуға жәрдем­де­су­дің мүмкіндігін толық пайдалана алады. Ол аз десеңіз, мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына баруға мүмкіндік туады. Осындай жоба­лардың бірнешеуіне аз-кем тоқтала кетейік.

Жыл сайын 18-35 жас аралығындағы жастар мен әлеуметтік осал топтарға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Оны алуға жұмыссыз ретінде тіркелмесе болмайды. Тіркелген соң «Бастау бизнес» курсынан өтіп, өзінің бизнес-жоспарын қорғауы қажет. Өтініштер business.enbek.kz порталы ар­қылы онлайн қабылданады. Грант қайтарымсыз негізде беріледі. Бірақ азаматтардан қаражатты тек бизнес-жоспарда көрсетілген мақсаттарға пайдалану талап етіледі.

Жұмысынан айырыл­ған жағдайда төленетін әлеу­мет­тік төлемге міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінің қаты­су­шылары, мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдары бар азаматтар үміткер бола алады. Жұмысынан айырылған аза­маттарға әлеуметтік төлем­нің ұзақтығы 6 айға дейін жалғасуы мүмкін. Төлемнің мөлшері табыстың орташа айлық көле­міне, міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесіне қатысу өті­ліне байланысты.

Мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына қатысты да бірнеше жоба бар. Айталық, «Күміс жас» жобасы. Оған зейнет жасқа толмаған, 50 жастан асқан тұлғалар қатыса алады. Жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды. Тағы бір үлкен артықшылығы, жобаның мерзімі өткен соң, оған қатысқан тұлғаға зейнетке шыққанша тұрақты жұмыс орны беріледі. Қоғамдық жұмысты мансап орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамта­масыз ету мақсатында ұйым­дастырады. Қоғамдық жұ­мыс­тар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді әрі әлеуметтік пай­далы бағытта болады. Сол секілді «Жастар практикасы» жобасымен тәжірибе шыңдап, кейін тұ­рақты жұмысқа ор­ныққан аза­мат­­тардың шо­ғыры қалып­тас­ты. Бағдар­ла­ма­ның игілігін көр­ген тол­қын­ның алғашқы легі бүгінде еңбек нарығында өз орнын тауып, орнығып үлгерді. Осыған ұқсас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына да 35 жасқа дейінгі тұлғалар қатыса алады. Осындай, мемлекет субсидиялайтын бастамалардың ішінде «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Ұрпақтар келісімшарты» сынды тиімділігін көрсеткен жобалар бар.

Былтыр тек Астана қала­сында 10 мыңнан астам азамат жұмыссыз ретінде тіркелді. Оның ішінде 8 мыңнан астамы тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Бұл қатарда мүгедектігі бар 720 адам жұмыспен қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, жобалар жемісін беріп жатыр. Мемлекеттен көрсетілетін қолдаулардың шапағатын көргісі келетін жұмыссыз азамат Enbek.kz порталы арқылы жеке кабинет ашып, «Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу» бөлімінде онлайн өтінім беруі керек. Жұмыссыз ретінде тіркелетін аза­маттардың тұрақты жұмы­сы, табысы болмауға тиіс. 

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53

Атыраудағы бірегей зауыт

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?

Сараптама • Бүгін, 08:48

MIT-ке қабылданған оқушы

Білім • Бүгін, 08:38