Энергетика • Бүгін, 16:24

Париждегі саммит: Әлем елдерінің атом саласындағы ынтымақтастығы нығая береді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде өткен Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммит әлем елдерінің атом саласындағы әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге арналды. Жиын аясында Қазақстан делегациясы бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, салалық ықпалдастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Париждегі саммит: Әлем елдерінің атом саласындағы ынтымақтастығы нығая береді

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммитке Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация қатысты. Құрамында Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев болды. Іс-шараға 50-ден астам елдің мемлекет пен үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, өнеркәсіптік компаниялар, ғылыми-сарапшылық орта өкілдері жиналды.

Жиын Франция Президенті Эммануэль Макронның төрағалығымен өткен пленарлық отырыспен ашылды. Мемлекет басшысы азаматтық атом энергетикасы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрақты экономикалық өсімді қолдауға, климаттық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін негізгі факторлардың бірі екеніне тоқталды. Бұл сала энергия жеткізілімінің сенімділігін арттырып, электр қуатының құнын бәсекеге қабілетті деңгейде ұстап тұруға жол ашады. Көміртегі шығарындыларын едәуір қысқартуға ықпал етеді.

Франция басшысы халықаралық әріптестікті кеңейту мен ядролық отын жеткізу тізбегін әртараптандырудың маңызын да тілге тиек етті. Осы бағытта уран өндіруші мемлекеттердің рөлі айрықша екені айтылды. Мұндай елдердің қатарында Қазақстанның да орны бар.

Атом энергетикасын қауіпсіз дамытудың жолдары қандай?

Саммиттің іскерлік бағдарламасында Алмасадам Сәтқалиев «Жаһандық деңгейде ядролық отын жеткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Талқылау барысында ядролық отын жеткізудің әлемдік тізбегін әртараптандыру, озық отын технологияларын дамыту, уран өндіру мен қайта өңдеу әлеуетін кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері көтерілді.

Жиын аясында агенттік төрағасы Францияның Атом мен баламалы энергетика жөніндегі комиссариатының, елдің Экономика, қаржы және өнеркәсіптік, энергетикалық әрі цифрлық егемендігі министрлігінің басшылығымен, атом саласындағы жетекші компаниялар өкілдерімен кездесулер өткізді. Әңгіме барысында азаматтық атом энергетикасы бағытындағы өзара іс-қимыл, ғылыми-технологиялық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Саммит қорытындысында қатысушылар Париж декларациясын қолдау бастамасын құптады. Құжат халықаралық әріптестікті күшейтуге, төмен көміртекті әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруда азаматтық атом энергетикасының рөлін арттыруға бағытталған.

Атом энергетикасы мамандары «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алады

Соңғы жаңалықтар