Адам капиталы – басты құндылық
Бүгінде Қазақстанның энергетика саласы – 100 мыңнан астам адам еңбек ететін алпауыт өндірістік кешен. Талқылау 1-МАЭС пен «Алматы электр стансаларынан» бастап, «Атырау Жарық» пен «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясының» еншілес компанияларына дейінгі еліміздің барлық өңіріндегі ірі кәсіпорын ұжымдарын біріктірді. Кездесуге еліміздің әр аймағындағы энергетикалық кәсіпорындардың ұжымдары бейнебайланыс арқылы қосылды.
Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов: «Жаңа Конституция жобасында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің іргелі қағидаты ретінде бекітілді. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі адам құқықтарын қорғаумен тең деңгейге көтерілді. Құжатта жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ өзге де табиғи ресурс-тар халыққа тиесілі екені тайға таңба басқандай жазылған. Бұл жай ғана сөз емес – бәрімізге жүктелген жауапкершілік пен ортақ бағдар», деп атап өтті.
Мәжіліс депутаты Вера Ким өз сөзінде реформаның гуманитарлық бағыттарына назар аударды. «Құжатта басты назар адамға бағытталған. Адам – еліміздің ең басты құндылығы. Қазіргі таңда негізгі басымдық адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға, жаңа технологиялар мен цифрландыруды ілгерілетуге беріліп отыр. Біз үшін адам – мемлекетіміздің ең үлкен байлығы», деді депутат.
Жиында Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Бағдат Орал энергетиктердің азаматтық ұстанымын білдірді. «Жаңа Негізгі заң жобасы – мемлекет дамуының болашақ бағытын айқындайтын тарихи құжат. Біз энергетиктер ретінде де, ел азаматы ретінде де бұл бастаманы қолдаймыз және елде жүзеге асып жатқан өзгерістердің маңызын жақсы түсінеміз», деді ол.

Еңбек адамының конституциялық мәртебесі
Кездесу барысында қатысушылар ерекше қолдаған жаңалықтардың бірі Конституцияда еңбек адамының мәртебесін бекіту болды. Тарихта алғаш рет еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтары мемлекеттік дамудың негізгі қағидаттарының қатарына енгізіліп отыр.
Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығы басқарма төрағасы Талғат Темірханов бұл өзгерістердің әлеуметтік әділеттілік тұрғысындағы маңызын атап өтті. «Еңбек адамы, жұмысшы мамандықтарының өкілдері мемлекет құндылықтарының негізгі деңгейіне көтеріліп отыр. Конституция жобасында еңбекқорлық құндылығы мемлекеттік дамудың басты қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Бұл еңбек, кәсібилік және жасампаздық қызметтің конституциялық деңгейде мойындалып, құрметтелетінін білдіреді», деді ол.
Бұл пікірді өндіріс алаңдарындағы мамандар да қолдады. «Атырау Жарық» АҚ қалалық электр желілерін таратушы компаниясының бас инженері Нұржан Жұмабаевтың айтуынша, жаңартылған заң әділдікке деген сенімді нығайтады.
«Конституция – жай ғана заңдар жиынтығы емес, құжатта қарапайым халықтың мүддесіне, құқықтарын қорғауға және күнделікті өміріне баса назар аударылған. Бұрын шешімдерді тек билік құрылымдары қабылдаса, енді маңызды мәселелерді халық мемлекетпен бірлесіп шешетіні біз үшін өте маңызды. Сонымен қатар Конституцияның халықаралық шарттардан басымдығы біздің тәуелсіздігімізді айқындап, қазақстандықтардың мүддесін бірінші орынға қояды», деп атап өтті компания қызметкері.
Экологиялық жауапкершілік
Энергетика саласы үшін экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері өндірістік қызметпен тікелей байланысты. Жаңа Конституция жобасында жер қойнауының халыққа тиесілі екені айқын көрсетіліп, ұлттық байлыққа деген жауапкершіліктің жаңа көзқарасы қалыптасады.
Осы тақырыпты жалғастырған «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ қызметкері Шолпан Елубаева бұл нормалардың салалық деңгейде іске асырылуына тоқталды.
«Конституция жобасындағы 37-бап әр азаматтың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын бекітеді. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді. «ОАЭК» тобы қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған табиғатты қорғау шараларын қазірдің өзінде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар Энергетика министрлігі және Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығымен жүргізілген диалог аясында біз Ұлттық жаңғырту жобасына көмір генерациясын декарбонизациялау стратегиясын енгізуді ұсындық. Бұл – төмен көміртекті экономикаға жасалған нақты қадам және ол енді конституция-лық тірекке ие болады», деп атап өтті спикер.

Таңдау жасайтын уақыт
Қазақстан энергетиктері өз ұстаны-мын айқын білдірді. Негізгі заңдағы жаңартылған нормалар – заман талабына берілген жауап. Олар тек өндірістік міндеттерді шешуге емес, сонымен қатар ұлттық ауқымдағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және әр азаматтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар әріптестерін азаматтық белсенділік танытып, 15 нау-рыз күні өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге қатысуға шақырды. Өйткені бүгінгі әрбір дауыс – ортақ үйіміздің жарқын әрі тұрақты болашағына қосылған үлес.