Реформаның мақсаты – Тәуелсіздікті күшейту
Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру аясында сенаторлардың өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысын талқылау кезінде Сенат төрағасы соңғы апталарда депутаттардың қатысуымен елдің барлық облысында ауқымды аудиторияны қамтыған 600-ге жуық кездесу мен іс-шара өткізілгенін айтты.
Сонымен қатар М.Әшімбаев Мемлекет басшысының жаңа Конституция саяси институттарды жүйелі түрде жаңғыртуға және елімізді заманауи әрі тиімді басқару моделіне кезең-кезеңімен көшіруге бағытталған тарихи қадам екені туралы айтқан сөзіне назар аударды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кейінгі жылдарда ауқымды жаңғырту жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа – осы жүйелі өзгерістердің дәйекті жалғасы. Бұл еліміз үшін тарихи шешім болды. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – Тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың өмір сапасын арттыру. Сондай-ақ жаңа Конституция – жаңа сын-қатерлерге уақтылы берілген жауап және мемлекеттің орнықтылығының негізі. Аталған реформа азаматтардың құқығын қорғауға және қоғаммен шынайы диалог орнатуға бағытталған заманауи әрі тиімді саяси модель қалыптастырады», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы әрі негізгі басымдығы ретінде жариялау жаңа Ата заң жобасындағы маңызды өзгерістердің бірі екені айтылды.
«Жаңа Конституция саяси жүйені жетілдіріп қана қоймай, мемлекеттіліктің парадигмасын түбегейлі жаңғыртады. Реформаның негізгі басымдығы – адам. Оның өмірі, құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалып отыр. Осылайша, жаңа Ата заң билік жүйесін азаматтардың мүддесін қорғаудың тиімді тетігіне айналдырады. Сенаторлар қоғам өкілдерімен, сарапшылармен, азаматтық сектор және жастармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, жаңа Конституцияға байланысты референдум өткізуді толық қолдайды. Еліміз үшін осы тарихи кезеңде халқымыздың бірлігі мен ынтымағы айрықша маңызға ие. Сондықтан 15 нау-рызда өтетін референдумға әрбір қазақстандықтың қатысуы Әділетті, әлеуметтік әрі өркендеген Қазақстан құруға қосылған үлес екені сөзсіз», деді Сенат төрағасы.
Өңір халқы өзгерістерді қолдайды
Конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында жуырда сенаторлар өңірлерге сапарға шығып, халықпен кездесіп қайтқан болатын. Отырыс барысында бірқатар депутат сөз алып, сол кездесулердің нәтижесі жайында мәлімет берді.
Сенатор Руслан Рүстемов халықтың пікірлері мен ұсыныстары жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында нақты ескерілгені туралы айтты.
«Өңірлердегі кездесулер барысында азаматтар Президентіміз бастамашы болған ауқымды саяси реформаға толық қолдау білдіріп, жаңа Конституцияны қабылдауды еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде бағалады. Халық өкілдері алдағы республикалық референдумға қатысуға дайын екенін жеткізіп, Ата заңды жаңарту мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Мәселен, Қызылорда облысының тұрғыны Махамбетәлі Әбдіхамитұлы Конституция мәтініндегі «Гимн» терминін ана тіліміздегі «Әнұран» сөзімен алмастыруды ұсынады. Алғашында ұсынысының назарға алынарына күмәнмен қараған 33 жастағы жас ұстаз көп ұзамай Конституциялық реформа жөніндегі комиссиядан ресми жауап алғанын, оның ұсынысы қолдау тапқанын айтады. Нәтижесінде, жаңа Конституция жобасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы 11-бапта «Гимн» термині «Әнұран» деп өзгертілді», деді ол.
Сенатор Бибігүл Аққожина сапар барысында шағын және орта бизнес өкілдерімен, аграршылармен, жастармен, сондай-ақ кәсіпорындар және білім ұйымдарының ұжымдарымен кездесулер өткенін айтты.
«Ел экономикасының өсуі мен жаңғыруының қозғаушы күші болып табылатын кәсіпкерлік қауымдастығымен диалогке ерекше назар аударылды. Кездесулер барысында жерлестеріміз жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын белсенді түрде білдірді. Көптеген алаңда жүргізіліп жатқан реформаларға және Мемлекет басшысының әділетті, ашық әрі тиімді мемлекет құруға бағытталған саясатына жоғары қолдау білдірілді», деді депутат.
Нұрлан Бекназаров өңірлерде жергілікті мәслихаттармен бірлесіп, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, қоғамдық ұйымдар өкілдері және жастармен ауқымды кездесу өткенін тілге тиек етті.
«Барлық іс-шара орталық және жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, белсенді ақпараттық қолдау тапты. Комитет мүшелерінің аймақтарда атқарған жұмыстары Комитет отырысында да талқыланып, қорытындыланды. Кездесулер Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Түркістан, Ұлытау, Жамбыл облыстарында ұйымдастырылды», деп негізгі көтерілген мәселелерге егжей-тегжей тоқталды.
Депутат Сұлтанбек Мәкежанов өңір тұрғындарымен басқосуларда Ата заң жобасы, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделіп, мемлекеттің жаңа басқару жүйесі, саяси архитектурасын түбегейлі өзгертіп, Әділетті Қазақстанның конституциялық көрінісіне енген ең жоғары нормалар жинағы деп ерекше аталғанын айтты.
«Бұл ретте біраз аудандардың облыс орталығынан қашықтығына қарамастан, мысалы, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының, Қостанай облысы Федоров ауданының, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғындары Конституцияның жаңа нормаларын қолдай отырып, білім, ауылдық инфрақұрылым мәселелерін шешу бойынша және қарапайым жұмысшының өміріне әсер ететін әлеуметтік кепілдіктер мәселелері көтеріліп, қанағаттанарлық жа-уап алды. Еңбек ұжымдарымен, ардагерлермен, студенттермен және тұрғындармен өткен барлық кездесу барысында референдум өткізуге белсенді қатысу қажеттігі туралы үндеулер мен қолдау сөздері айтылды», деді ол.
Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар Сәкен Арубаев пен Андрей Лукин де сөз алып, өңірлерге сапар барысынан тұщымды мәліметтер берді.
Азаматтық қорғаныстың жаңа тетігі
Палата отырысында сенаторлар «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарады. Құжат табиғи апаттарға қарсы бірлесіп әрекет етуді және дағдарыс жағдайларында түркі мемлекеттері арасындағы өзара көмекті нығайтуды көздейді. Депутаттардың айтуынша, бұл заңды қабылдау халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Ол төтенше жағдайлар кезінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ресурстарын жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадамдар өңірлік тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, құтқару технологиялары саласындағы экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтеді.
«Қаралған келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің аумағында апаттармен және төтенше жағдайлармен тиімді күресу үшін жасалып отыр. Осы мақсатпен бірлескен іс-шараларды үйлестіруді көздейтін тетіктер қабылданды. Жалпы, бұл заң құтқару қызметтерінің кәсіби даярлығын күшейтуге, сондай-ақ бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.