Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне қарағанда, 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша – 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді, 140 балды құрайды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Сонымен қатар талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеу күнін, уақытын, пунктін өздері таңдайды.
ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысу өтінімін бергендердің ең көп таңдаған бейінді пәндер комбинациясы – «Математика-физика», оны талапкерлердің 18,7%-ы таңдаған. Яғни бұл – болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтер, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 16,6%-ы – «Биология-Химия», 10,3%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медициналық қызметкерлер мен шығармашылық саласының мамандары.
Айта кету керек, биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге лайықты мамандық таңдауға көмектесетін «Edunavigator.kz» кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты. Платформа болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындарына түсу кезінде сенімділікті арттырады.
ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында байқау сынақтары іске қосылды. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланды. Атап айтқанда, ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалардың тізбесі ұсынылды.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ел азамат- тары, мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.