Сарапшылардың айтуынша, логистика мен қойма операциялары жаһандық қосылған құн тізбегінің шамамен 25%-ын құрайды. Заманауи қоймалар логистикалық шығындарды азайтып, тауар айналымын жеделдетеді және компанияларды аймақтық өндірістік тізбектерге енгізеді.
Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуров қазіргі қойма кешендері жоғары технологиялы бизнеске айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен роботтандыруды енгізу бұл саланың әлеуетін арттырады. Сонымен қатар электронды сауданың дамуы мен арнайы салқындатқыш қоймаларға сұраныстың өсуі секторды экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналдыруы мүмкін.
Қазақстанда қойма тапшылығы бар ма?
Зерттеу деректері Қазақстанда қойма инфрақұрылымы жеткіліксіз екенін көрсетеді. Дамыған елдерде бір адамға 0,8-4 шаршы метр қойма алаңы келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 8 шаршы сантиметр шамасында.
Қойма алаңдарының тапшылығы жаңа нысандарға жоғары сұраныс қалыптастырып отыр. 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы бос қойма алаңы небәрі 5,4% болған. Бұл жаңа қоймалар пайдалануға берілген бойда жалға алушылар табатынын көрсетеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда қойма құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. 2021-2025 жылдары қойма алаңы 1,3 млн шаршы метрден 1,6 млн шаршы метрге дейін өсті, ал 2025 жылдың үшінші тоқсанына қарай 1,8 млн шаршы метрге жетті.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, осы кезеңде қойма жалдау және басқару секторына 5,9 трлн теңгеден астам инвестиция салынған.
2024 жылдың соңында Қазақстанда тағы 1,1 млн шаршы метр қойма салу жоспарланған. Негізгі жобалар Алматы маңында, жаңа Alatau City жобасы аумағында іске асырылып жатыр.
Ірі логистикалық жобалардың қатарында:
-
Wildberries логистикалық орталығы;
-
Continental Logistics мультимодальды хабы;
-
Focus Logistics логопаркі бар.
Қоймаларда картоп жеткілікті
Көрші елдердегі даму қарқыны
Еуразия елдері арасында қойма инфрақұрылымы бойынша Ресей көш бастап тұр, онда қойма алаңы 52,9 млн шаршы метрге жеткен.
Ал Өзбекстан соңғы төрт жылда қойма көлемін 89%-ға арттырып, ең қарқынды өсімді көрсеткен.
Басқа елдерде өсім баяу:
-
Қырғызстан – 7%,
-
Әзербайжан – 10%,
-
Армения – 10%.
Ал Тәжікстан бойынша өсім байқалмаған.
2022 жылдан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін қойма жалдау құны 23,5%-ға өсіп, орташа есеппен айына шаршы метріне 10,3 доллар болған. Ал Алматы мен Астана қалаларында премиум санаттағы қоймалар үшін жалдау бағасы айына шамамен 5,1-5,2 мың теңге (9,4-9,6 доллар) деңгейінде.
Болашақтағы даму болжамы
Сарапшылардың болжамынша, Еуразиядағы қойма инфрақұрылымы 2040 жылға қарай 74%-дан 111%-ға дейін өседі. Ал Орталық Азияда бұл өсім әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Базалық сценарий бойынша өңірдегі қойма қоры 7 есе, ал оптимистік сценарийде 9,4 есе ұлғаяды. Орташа жылдық өсім 16% шамасында болады.
Қазақстанда қойма алаңы 2040 жылға қарай 12,6 млн шаршы метрге дейін жетуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, ең үлкен сұраныс тоңазытқыш қоймаларға болады. Оптимистік сценарийде олардың көлемі 27 есе өсіп, қазіргі 29 мың шаршы метрден 804 мың шаршы метрге дейін ұлғаюы мүмкін.
Осылайша, қойма инфрақұрылымының дамуы алдағы жылдары Еуразиядағы логистика мен сауда саласының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы мүмкін.