Әскердегі ұлынан тосын қоңырау алған аналар бұл сәтті күтпегенін айтып, эмоцияларына ерік берді. Кейбірі көз жасына ие бола алмай, перзентіне деген сағынышы мен аналық мейірімін жеткізді.
Ұлттық ұланда қызмет етіп жүрген жас сарбаздар үшін де бұл ерекше сәт болды. Олар әскери қызмет барысында әрдайым қолдау білдіріп, сенім артқан аналарына алғыс айтып, мерекемен құттықтады.
Қатардағы жауынгер Саят Қойшыбаевтың айтуынша, анасына жылы сөз айту – әр перзенттің парызы.
«Әскери қызметке келгеннен бері анамды қатты сағындым. Ол әрдайым маған қолдау көрсетіп, сенім білдіреді. Бүгін телефон арқылы хабарласып, мерекемен құттықтап, жақсы көретінімді айту мен үшін ерекше сәт болды. Бұл сөзді бұрын айтып көрмеппін. Барлық аналарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», деді сарбаз.
Мұндай шаралар сарбаздардың рухын көтеріп қана қоймай, олардың отбасы мүшелерімен байланысын нығайтуға да ықпал етеді. Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери бөлімдерінде тұрақты түрде түрлі іс-шаралар мен акциялар өткізіліп тұрады. Соның ішінде ата-аналар мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне арналған ашық есік күндері ұйымдастырылып, олар сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады.
8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?