Руханият • Бүгін, 08:25

Төрт кітаптың тұсаукесері

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан – жаңғырудың жаңа кезеңінде» атты маңызды іс-шара өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғылыми-зерттеу институттары мен музей өкілдері, тарихшы-ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Төрт кітаптың тұсаукесері

Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еуразия ұлт­тық университеті, Та­рих­шылардың ұлттық конгресі ұйымдастырған бұл жиында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғиб­раты» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төрт бірдей кітап­тың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған еңбектер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ұлттық идеология сала­сындағы стратегиялық бастамаларды қолдау мақсатында әзірленген. Кітаптардың бас редакторы – мерейлі жасқа толып отырған Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерлан Сыдықов.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты алғашқы кітап Мемлекет бас­шысының осы аттас мақаласы негізінде дайындалған. Ғылыми-танымдық жинаққа кейінгі бес жыл ішінде мерзімді басылымдарда жарық көрген, тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен даму тарихына арналған мазмұнды мақала­лар топтастырылған. Еңбекте ел тәуелсіздігінің құндылықтары, оны нығайту жолындағы жетістіктер мен сын-қатерлер жан-жақты сараланған. Бұл кітап – егемендіктің мәнін терең түсінуге бағытталған салмақты ғылыми еңбек.

 «Адамзаттың Абайы» атты екінші кітап қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мақалалар жинағын қамтиды. Онда ғалым­дардың зерттеу еңбектері, ақын-жазушылардың пайымдаулары, белгілі абайтанушылармен сұхбаттар және тарихи-деректі материалдар енгізілген.

Ал «Абай ғибраты» атты үшінші кітапта ұлы ақынның 180 жыл­дығына орай жарық көр­ген ғылыми және мерзімді басы­лым­дардағы мақалалар топтас­тырылған. Бұл жинақта абайтанушылар мен қаламгерлердің терең талдаулары ұсынылып, хакім мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы айқындалған. Аталған екі еңбек ұлттық зерттеулер, персонология және әдебиеттану саласындағы мамандарға, жоғары оқу орындарының білім алушыларына және жалпы оқырман қауымға арналған.

 «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төртінші кітапта Ұлы далада өмір сүріп, ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қайраткер­лер туралы материалдар жинақтал­ған. Ғылыми еңбекте олардың қоғам­дық-саяси қызметі, мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегі мен ғылыми мұралары жан-жақ­ты қарастырылған. Атал­ған жинақ – қазақ мемлекеттілігі­нің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың өне­гелі өмір жолын танытатын құн­ды зерттеу.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, атал­ған еңбектердің ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызына тоқталды.

«Ерлан Бәтташұлының басшы­лығымен жүзеге асып жатқан бастамалар, жаңа жобалар мен жүйелі реформалар жоғары білім мен ғылым саласының дамуына тың серпін беріп келеді. Университет әлеуетін арттыру, басқару сапасын жетілдіру, халықаралық серіктестікті кеңейту бағытындағы еңбегіңіз зор құрметке лайық. Қазіргі таңда еліміз жасанды интеллект, жаңа технологиялар және инновациялық экономика дәуіріне қадам басты. Осы үдерісте білім мен ғылымның рөлі айрықша. Сіз қолға алып отырған жобалар ұлттық мүддеге қызмет ететін, ел бо­лашағын айқындайтын стра­тегиялық қадамдар», деді министр.

Одан кейін сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қала әкімі Жеңіс Қасым­бектің құттықтау хатын жеткізді.

 «Саналы ғұмырыңыз бен са­лиқалы қызметіңіз еліміздің білім беру жүйесінің дамуына, ғылым мен руханияттың өркендеуіне және елордамыздың зияткер­лік әлеуетінің артуына зор үлес қо­сып келеді. Сіз қалыптастырған ғылыми мектеп пен тәрбиеле­ген білікті шәкірттеріңіз – өлшеу­сіз еңбегіңіздің айқын нәтижесі. Алдағы уақытта да мол тәжіри­беңізді ел игілігіне жұмсап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, үлкен буынға серпін сыйлай беретіні­ңіз­ге сенім мол», делінген құттық­тау хатта.

Ал «Қазақ газеттері» серіктес­тігі­нің директоры, академик Дихан Қамзабекұлы елорданың рухани тәуелсіздігі Кенесары хан ескерткіші мен Еуразия ұлттық университетінен басталғанын айта келіп, өзі басқарып отырған серіктестіктің атынан мерейтой иесін құттықтады.

«Отандық тарих ғылымы, зия­лы қауым өзіңізді Шәкәрім университетіне, Еуразия ұлттық университетіне, Тарихшылардың ұлттық конгресіне, Абай академиясына, жалпы ғылым саласына еңбегімен, шығармашылығымен, белсенділігімен еңбек сіңірген ғалым, қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі. Ұлт тарихын елдік жаңаруымыздың игілігіне айналдыру жолындағы ізденісі­ңіз, ұйымдастыру шеберлігіңіз жаңа буын үшін қашанда өнеге. Мемлекет тарихын салаландыру мен танымалдандырудағы ерен бастамаңызды, сондай-ақ құнанбайтану, абайтану, шәкә­рімтану, алаштану, тағы басқа бағыт­тағы зерттеулеріңізді әріп­тес­теріңіз лайықты бағалайды», деді Д.Қамзабекұлы.

Соңғы жаңалықтар