Сурет: facebook.com/groups/1915368298676527/
Өскемен қаласындағы «Қазцинк» ЖШС ұжымымен кездесу барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева металлургия саласының Қазақстан экономикасындағы шешуші рөлін атап өтті. Бұл – елдің экспорттық әлеуетін айқындайтын, халықты жұмыспен қамти алатын және құрылыс, машина жасау және энергетиканың дамуына ықпал ететін негізгі салалардың бірі. Ол Ата заңның жаңа редакциясы еңбек, қауіпсіздік және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу мәселелерін тікелей қамтитынын ерекше айтты.
«Көп жылдан бері «Қазцинк» компаниясы – Қазақстанның түсті металдар экспорттық нарығында ең жоғары бәсекелестікке төтеп беріп, қарқынды дамып жатқан ұжым. кәсібиліктің нәтижесі. Алайда өнеркәсіптің әрі қарай дамуы, білікті мамандардың жұмыс істеуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін ішкі саяси тұрақтылық бізге бұрыннан да маңызды болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Бұл – жай ресми рәсім емес. Әр азаматтың мемлекеттік маңызы бар мәселелерге атсалысып, өз ұстанымын тікелей білдіру мүмкіндігі», деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормаларға тоқталды.
«Ата заңда еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әділ еңбекақы алу құқығы бекітіледі. Бұл нормалар өндірістік жарақатты азайтуға және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни еңбек жағдайы үшін жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі. Заң үстемдігі орныққан елде тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім мол болады. Демек, кәсіпорындар мен қызметкерлер отбасыларына жағдай жасай алады. Негізгі өзгеріс ретінде Конституцияда басты орынға азамат – оның құқықтары мен қажеттіліктері, еңбегі қойылғанын көруге болады», деді А.Балаева.
Кәсіпорын қызметкерлері алдында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев те сөз сөйледі. Ол жаңа Конституция жобасы цифрлық дәуір кезеңінде және онлайн ортада адам құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтты.
Өнеркәсіп саласының өкілдері де алдағы референдум экономиканың орнықты дамуы мен еңбек ұжымдарының болашағы үшін маңызды екенін сөз етті. «Қазцинк» Өскемен металлургия кешенінің директоры Тимур Тоқжігітов те пікір білдірді.
«Қазцинкте 19 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 4 мыңы Өскемен металлургия алаңында қызмет етеді. Жұмысшылардың төрттен бірі – жалпы нәтижеге баршамен тең үлес қосып жүрген әйелдер. Біздің еңбек ұжымы үшін алдағы референдум – жай қоғамдық-саяси оқиға емес, біз еңбек етіп, бала тәрбиелеп, ұзақмерзімді өндірістік жоспар құрып отырған елдің стратегиялық даму мәселесі. Біз 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға міндетті түрде қатысамыз», деді Т.Тоқжігітов.
Бұдан соң Өскемен қаласындағы Орталық мәдениет үйінде облыстың шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездесу өтті. Онда Аида Балаева тұрақты құқықтық ортаны құрудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасының инвестицияларды қорғауды күшейтуге, сот жүйесіне сенім арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға жағдай жасауға бағытталғанын айтты.
«Кәсіпкер ойын ережелерінің кенеттен өзгермейтініне, инвестицияларының қорғалатынына, сот жүйесінің дауларды әділ әрі ашық шешетініне сенімді болуы қажет. Осындай жағдайда ғана ұзақмерзімді стратегиялар жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндіріс дамиды. Сондықтан 15 наурыздағы референдум – осы қағидаларды конституциялық деңгейде бекітетін тарихи мүмкіндік. Жаңа Конституция жобасында меншік құқығын қорғау кепілдіктері күшейіп, заңдардың күші кері қолданылуына тыйым салынады, мемлекеттік басқарудың айқын әрі жауапты жүйесі қалыптасады. Бұл кәсіпкерлік үшін тәуекелдерді азайтса, ел үшін тұрақтылықты нығайтады, әр азамат үшін болашаққа сенімділік береді», деді А.Балаева.
Үкімет басшысының орынбасары «Заң және тәртіп» қағидаты шынайы бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал ететінін де сөз етті.
Кездесу соңында ШҚО-ның шағын және орта бизнесі мен агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері конституциялық өзгерістер тұрақтылыққа кепілдік беру, заңды құқықтарды қорғау, өндірісті жаңғырту және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасауға жол ашатынын атап өтті.
Бұдан соң Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында облыстың туризм саласының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел жиыны өтті.
Онда Премьер-министрдің орынбасары туризм саласы үшін құқықтық тұрақтылық, инвестиция мен табиғи-мәдени мұраны қорғау ерекше маңызды екенін айтты.
«Табиғатты қорғау қағидатын бекіту үлкен маңызға ие. Бұл – туристік сала үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қоршаған ортаны қорғау тек экологиямен байланысты емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың мәселесі. Табиғат – экономикалық ресурс қана емес, біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау – міндетіміз, ал оны жан-жақты дамыту – өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін ерекше маңызды дүние – алдын ала пайымдау мен сенім. Инвесторлар мен кәсіпкерлер заңның айқын болуына, меншік құқығының қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуға тиіс», деді А.Балаева.
Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысының туристік сала өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға азаматтардың қатысуы қоғам сенімін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.