Кездесуге Мәжіліс депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Еуразия» бірінші арнасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская, С.Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген және өзге де азаматтар қатысты.
Жиында негізінен жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда республикалық референдумды өткізу жайы талқыланды. Жалпыұлттық коалиция осымен он сегізінші күн ел аралап, Мемлекет басшысының жаңа Ата заң бойынша референдум өткізу бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізген Аида Балаева жаңа Конституция жекелеген өзгерістерді емес, еліміздің одан әрі даму жолын стратегиялық тұрғыда айқындайтынын ерекше атап өтті.
– Небәрі 13 күннен кейін бүкіл халық болып мемлекетіміздің алдағы көпжылдық тағдырын ресми түрде айқындаймыз. Мән-мазмұны жағынан да, мақсат-мүддесі тұрғысынан да жаңа Конституцияны шын мәнінде «Халықтық» деп атауға толық негіз бар. Өйткені оның өзегінде қарапайым азаматтарымыздың көкейінде жүрген көп сұраныс көрініс тапты.
Атап айтқанда, азаматтық құқықтардың едәуір кеңеюі, олардың әлеуметтік мүдделерінің толық сақталуы, ілім-ғылым, инновация, мәдениет пен жалпы руханияттың салтанат құруы, ел экономикасының цифрлық дәуірдегі орны мен оған берер жауабы. Айта берсек, бұл тізім Конституцияның барлық 96 бабын тұтас қамтитын жаңалықтармен жалғаса береді, – деді Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі.
А.Балаеваның пікірінше, жаңа Ата заңымыздағы ең басты новелла – тұтас қоғамның заңдылық пен әділеттілікке деген ұзақ жыл бойы күткен сұранысын ең жоғарғы құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету.
Сондай-ақ Аида Ғалымқызы Конституцияның өне бойында Әділеттілік идеясы тұрғанын, ол Ата заң мәтініндегі әрбір жаңа нормаға рух беретінін атап өтті.
– Жаңа Конституциядағы прогрессивті жаңалықтар туралы айтқанда, 96 бап пен 312 тармақтан тұратын осы құжаттың өзегіндегі ең басты мәселені атап өткім келеді. Ол – Әділет идеясы. Дәл осы ұстаным Негізгі заңның кіріспесінде айқын көрініп тұр.
Әңгіме жай ғана заңнамалық нормалар туралы емес, бұл – адамдардың әділетті өмірге деген заңды әрі табиғи сұранысы туралы сөз. Ал мұндай өмірді тек «әділ заңдар», «жалпыға ортақ мойындалған тәртіп» пен қоғамның жоғары рухани-адамгершілік қағидаттары ғана қамтамасыз ете алады. Мұның бәрі – 2019 жылдан бері, билікке келген алғашқы күннен бастап Президент жүргізіп келе жатқан мемлекеттік саясаттың негізіне айналған құндылықтар. Осы кезең бойы Қасым-Жомарт Кемелұлы құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін ту етіп, жауапкершілік пен әділетті ұштастырған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын нық сеніммен алға жылжытып келеді, – деген А.Балаева «Әділет – қуатты прогрессивті қоғам құру жолында заң мен тәртіптің мүлтіксіз сақталуын әрі адал еңбекті талап ететін мемлекеттің моральдық темірқазығы» деген тұжырымды Мемлекет басшысы 2022 жылы, қаңтар оқиғасынан кейін бірден айтқанын атап өтті.
«Алайда саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихын, ондағы мінсіз қоғам туралы белгілі идеяларды терең түсінетін озық ойлы тұлға ғана емес, азаматтардың мәселелерімен көп жыл бойы тікелей айналысқан мемлекет қайраткері әрі қарапайым халыққа жақын адам ретінде Президент Тоқаев бұл құндылықтарды аталған оқиғалардан әлдеқайда бұрын ұстанып келгені бүгін анық байқалып отыр. Президенттің саяси қағидаттары мен жеке адам ретінде бастан кешкен ішкі сезімдерінің бүкіл рухани қырын оның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан көре аламыз. Онда Мемлекет басшысы «Біз 30 жылда қандай жетістікке жеттік?», «Болашақ ұрпаққа қандай ел қалдырамыз?», «Мемлекеттігімізді нығайту үшін тағы не істеу керек?» деген баршамызды толғандырған сұрақтар төңірегінде ой толғайды. Шындығында Мемлекет басшысы осылайша елді өзгерістерге, ең алдымен оның құқықтық негіздерін жаңартуға бастаған қазіргі шынайы жағдайларда дәлелі табылуы қиын сұрақтарға ашық жауап беруге шақырды. Бұл тұрғыда абстрактілі ұғымдарға емес, әділет қағидаттарына сүйену, әсіресе адамдардың өмір сапасын арттыру маңызды. Президент әрбір шешім қабылдағанда осы қағидатты басшылыққа алатынын айтады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сондай-ақ Президенттің сонау 2019 жылдан бері әрбір Жолдауында, әрбір бастамасында «Әділетті Қазақстанды» құрайық», «тәні де, жаны да таза қоғам қалыптастырайық», «азаматтарымыз тәртіпті, билік заңды ұстансын», «білім мен ғылым – қару, мәдениет пен руханият – қалқан болған мына заманда әлемнен қалмайық», деп келе жатқаны да сондықтан екенін айрықша атап өтті.
Аида Балаеваның айтуынша, осының бәрі бір ғана мемлекеттің мойнында емес, ең алдымен сол мемлекетті күшті де қуатты ететін азаматтарымыздың қолында екені анық. Сол үшін де Мемлекет басшысы «Адал азамат» идеясын қоғамның санасынан өткізіп, өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізуді міндет етіп отыр. Өйткені адал адам өз ортасының ұйтқысы болса, адал қоғам – берекелі өмірдің жаршысы, ал адал мемлекет – баянды болашақтың басты кепілі!
Сөз жоқ, оның ұшар биігінде әділетті, прогрессивті, адам мен азаматтың мүддесіне бейім заң тұр. Бірақ заң – көбіне сыртқы құрылым ғана, және ол негізі мықты болмаса жұмыс істемейді. Бұл – өмірдің аксиомасы. Сондықтан алдымен саяси реформалар пакеті жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде президенттік өкілет мерзімін қайта сайлану құқынсыз 7 жыл мерзімге белгілеу, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салу, сайлауда Мәжіліске партиялардың өтуіне мүмкіндік беретін дауыс шегін 7%-дан 5%-ға төмендету, саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, «Барлығына қарсы» бағанын енгізу сияқты жаңашылдықтар енгізілді.
Сонымен қатар Конституциялық сот қайта құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі күшейтілді, оның аймақтық өкілдіктері ашылды, аудан және облысқа бағынысты қалалардың әкімдерін сайлау және тағы басқа өзгерістер жүзеге асты.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева реформалардың кең ауқымды тізбегіндегі маңызды тармақтардың бірі – бірпалаталы Парламентке көшу болғанын да атап өтті. Ал бұл реформаны Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде ұсынған-ды.
– Қазан айының басында Президент бастамашылық еткен реформаны жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Кең ауқымды талқылауға заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, e-Otinish және eGov платформалары арқылы өз ұсыныстарын жолдаған азаматтар қатысты. Жарты жылға жуық уақыт бойы қызу әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп, келіп түскен мыңдаған ұсыныс жинақталып, сарапталып, жүйелендірілді, – деді А.Балаева.
Ал осы жұмыстың нәтижесінде ұсыныстардың саны соншалықты көп болып, жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі айқындалғанын атап өтті.
– Міне сондықтан, бүгін жаңа Конституция жобасын талқылағанда, біз ауқымды немесе шағын түзетулер туралы айтып отырған жоқпыз. Кейбір сынаушылар ойлағандай, бұл ескі заңды жаңасымен ауыстыру емес. Тіпті біз белгілі бір құқықтық немесе моральдық категориялардың қажеттілігі туралы да пікірталас жүргізіп отырған жоқпыз.
Біріншіден, сөз елдің дамуы траекториясындағы түбегейлі өзгерістер туралы. Біз осы дамудың сапасы жөнінде айтып отырмыз.
Екіншіден, бұл – өр басында Тәуелсіздік ұғымы тұрған біздің ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілігі туралы сөз. Енді біз оны жай қадірлеп қана қоймай, нық сеніммен қорғаймыз.
Үшіншіден, бұл – жан дүниесі таза, ой-өрісі жоғары, әлемде бәсекеге қабілетті Қазақстан азаматтарының жаңа буыны туралы сөз. Олардың ажырамас құқықтары мен бостандықтары қазіргі цифрлық ғасырда ғылым, мәдениет және инновация құндылықтарымен нығайтылған.
Қорыта келгенде, бұл – ұлттың қазіргі әлемдік тәртіптегі орнын және рөлін қайта қарау деген сөз. Бұл тағдыршешті процесс халқымыздың мыңжылдық тарихында басып өткен жолының сабақтастығы арқылы жүзеге асады.
Ең бастысы бұл идеялық желі шағын топтың кабинетінде пайда болған жоқ. Керісінше, бүкіл халықтың кең қатысуымен ашық диалог арқылы қалыптасты, деген А.Балаева өзінің Конституциялық комиссия басшылығы құрамында жұмыс істеу құрметіне ие болғанын және жаңа жоба баптарын талқылау барысында өткен қызу, кейде эмоцияға толы, бірақ әрдайым сындарлы пікірталастарға тікелей қатысқанын жеткізді.
Сондай-ақ Аида Балаева тарихта алғаш рет мемлекеттік тілде, өзге емес, өз конституционалист-мамандарымыздың қолымен жазылған Құжатқа қол жеткізгеніміздің де маңыздылығын атап өтті.
– Жаңа Конституцияның негізі Президенттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты тұжырымдамаларынан тұрады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын елдің Ата заңының негізгі авторы деп атауға толық негіз бар. Мемлекет басшысы халықтан түскен әрбір ұсынысты жеке өзі қарап, сын-ескертпелерді де назардан тыс қалдырмай, жан-жақты саралап отырды. Сол себепті Конституциядағы көптеген қағидатты өзгерістер оның бастамасымен әзірленіп, Конституциялық комиссияның қарауына ұсынылды, – деді ол.
Жиын барысында А.Балаева бұл өңірге шығысқазақстандық ағайыннан қолдау сұрап, тек үлкен үміт артып қана емес, берік сеніммен, нақты ұсыныспен, ел болашағын айқындайтын ақжолтай хабармен келіп отырғанын жеткізді. Баршаны алдағы келе жатқан референдумда жаңа Конституцияны қолдауға шақырды. Өңір жұртшылығының осы Ата заңды қолдағандарын – болашақты қолдағаны, осы Ата заңды құрметтегендерін – Президенттің еңбегін сыйлағаны деп білетінін айтты.
Жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа Конституция жобасы ауқымды қоғамдық диалогтің нәтижесі екенін, азаматтар мен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарына сүйене отырып әзірленгенін айтты. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов бірқатар институттардың тарихи сабақтастығына және билік сабақтастығын қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды. С.Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Конституцияда адам дамуын негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындау – технологиялық даму мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру секілді заманауи талаптарға сай келетінін атып өтті.
Пікірталас барысында қатысушылар құжат елдің болашағына айқын бағдар беретінін атап өтті. Мәтінде адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияларға, экологиялық жауапкершілікке және келешек ұрпақ алдындағы міндеттерге ерекше мән берілгені айтылды.
Кездесу соңында қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берілді.