Суыт хабар жетісімен жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық бригадалар жедел жасақталып, зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Қолда бар барлық мүмкіндіктер жұмылдырылды. Білікті мамандар жедел жетіп, санитарлық авиация оқиға орнына бағытталды.
Щучинск қаласындағы жағдайды облыс әкімі Марат Ахметжанов жедел штаб мүшелерімен талқылады. Оқыс оқиғаның салдарын жою шаралары, сондай-ақ зардап шеккендердің жағдайы туралы аудан әкімі Арай Садықов, төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.
«Азаматтардың қауіпсіздігі басымдық болып қалуға тиіс. Осы бағытта қосымша шаралар қабылдап, зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», деп атап өтті М.Ахметжанов.
Облыс әкімі зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді, медициналық көмектің уақтылы жасалуын, жедел жәрдем бригадаларының тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ оқиға себептерін объективті тергеуді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды, қауіпсіздік талаптары сақталуының бақылауын күшейтуді тапсырды.
Қаза болғандардың жақындарына 2 млн теңге көлемінде біржолғы төлемдер берілді. Бұған қоса дәмхана иесі қосымша әр отбасына 2 млн теңгеден төледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 5 отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтеледі. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
Мұндай жағдай өңірде бірінші рет болып отыр. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, жеті адамның өмірін қиған, ондаған адам күйікке шалынып, бейнет шеккен оқиғаның салдары оңай болмасы анық. Төтенше жағдайлар департаменті жыл бойы жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде абай болу керегін ескертіп-ақ келеді. Салғырттықтың соңы осындай орны толмас оқиғаға жол ашқаны өкінішті.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы