Спорт • Бүгін, 08:20

Жарыс күнделігі

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болгарияның бас шаһары – Софияда ұйымдастырылған Странджа кубогінде еліміздің боксшылары 9 жүлде – 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ерлер арасында 50 кг салмақта сынға түскен Даниял Сәбит жартылай финалда Асилбек Джалиловтан (Өзбекстан), шешуші сында Билалхабаши Назаровтан (Әзербайжан) басым түсті. Финалда Лавант Броунли (АҚШ) есе жіберген Фарух Тоқтасынов (70 кг) күміс медаль иеленді.

Жарыс күнделігі

Ал қыздардың табысы ерлерге қараған­да әлдеқайда қомақты болды. Бұрымды­лар бәсекесінде Элина Базарова (54 кг), Надежда Рябец (80 кг), Валерия Аксенова (80 кг) алтыннан алқа тақты. Лаура Есен­келді (65 кг) күміспен күптелсе, Әнел Сақыш (54 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Дина Исламбековалар (80 кг) қола медальға ие болды.

  • Софияда таеквондодан Bulgaria Open 2026 турнирі мәреге жетті. 56 мемлекеттен 645 спортшы қатысқан жарысты еліміздің құрамасы 11 жүлдемен қорытындылады. Еркебұлан Еңсегенов (54 кг), Жавохирхон Исламов (58 кг), Елдар Бірімбай (74 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Тоғжан Қазнабек (57 кг) алтыннан алқа алса, Бейбарыс Қаб­лан (+87 кг) күміспен күптелді. Айдана Құмар­таева (46 кг), Нодира Ахмедова (49 кг), Жа­зи­ра Исина (57 кг), Батырхан Күсетов (80 кг),­ Жәнел Сұлтанғалиева (46 кг) қолаға қол созды. Командалық есепте жерлестеріміз Ресейден кейінгі екінші орынды еншіледі.
  • Бұл күндері Мәскеуде шахматтан жүлде қоры 261 548 АҚШ долларын құрайтын «Аэрофлот» ашық турнирі өтіп жатыр. Қатысушылар рейтингтегі ұпайларына байланысты үш топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Жарыста еліміздің 8 ойыншысы өнер көрсетеді. Олар – Алдияр Аңсат, Даниял Сәпенов, Марк Смирнов, Сауат Нұрғалиев, Данис Қуандықұлы, Лия Құраманғалиева, Ораш Шоназаров, Зарина Нұрғалиева.
  • 26–29 наурыз аралығында Астанадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде семсерлесу­ден Әлем кубогінің кезеңдік сайысының жа­лауы желбірейді. Жарысқа әлемнің ­96 елінен ­600-ден астам спортшы қатысады ­деп күтіліп отыр. Бәсекелер ерлер мен әйел­дер арасында жекелей, командалық сын­дар үлгісінде ұйымдастырылады.
  • Boxing.media Instagram-аккаунты XXI ғасырдағы ең үздік кәсіпқой боксшылардың рейтингін жариялады. Мықтылар тізімінде бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған америкалық Флойд Мэйвезер көш бастап тұр. Екінші орында – филиппиндік Мэнни Пакьяо. Үшінші сатыға АҚШ-тың тағы бір шебері Бернард Хопкинс жайғасты. Сондай-ақ Александр Усик (Украина), Сауль Альварес (Мексика), Андре Уорд (АҚШ), Теренс Кроуфорд (АҚШ), Хуан Мануэль Маркес (Мексика), Рой Джонс (АҚШ), Наоя Иноуэ (Жапония) сынды саңлақтар ТОП-10-дыққа еніп отыр. Еліміздің мақтанышы Геннадий Головкинге 11-орын бұйырыпты.
  • Белгілі үстел теннисшісі Алан Құрманғалиев Сингапурде өткен халықаралық турнирде өнер көрсетті. U19 санатындағы жарыстың алғашқы кезеңдерінде даниялық Доминикас Самуолисті (4:1) 4:1, қытайлық Ю Хайянды (4:1), жергілікті ойыншылар Сеа Бенай (4:3) мен Лой Син Яоны (4:0) ұтқан Алан ширек финалда колумбиялық Эмануэль Отальвароға (3:4) есе жіберді.
  • Қостанайдың «Тобылы» футболдан еліміз суперкубогінің иегері атанды. «Астана Аренада» өткен матчта олар Алматының «Қайратын» қапы қалдырды. Негізі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. Қостанайлықтардың сапынан Луис Герра мен Асхат Тағыберген мергендік танытса, алматылықтар арасынан Александр Мрынский мен Яакко Оксанен қақпаны дәл көздеді. Пенальти соғуда «Тобыл» ойыншыларының бағы жанды – 5:4.
Соңғы жаңалықтар

Шекара дауы шиеленісті

Әлем • Бүгін, 08:55

Тобылдағы қоныстой

Аймақтар • Бүгін, 08:33

Өрт қаупін азайтқан жүйе

Аймақтар • Бүгін, 08:30