Саясат • Бүгін, 08:18

Инвестициялық серіктестік нәтижесі

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесу өткізді. Онда эконо­ми­каның басым бағыт­тарын­дағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері мен ин­вес­тициялық ынтымақтас­тықты одан әрі кеңейту келешегі талқыланды.

Инвестициялық серіктестік нәтижесі

Кездесу барысында Премьер-министр ЕАДБ-ның кезекті стра­тегиялық кезеңінің аяқталғаны және елімізде жобаларды жүзеге асыру үдерісі туралы хабардар етті.

Банктің жинақталған портфе­лінде инвестициялардың жалпы көлемі 19,6 млрд доллар болатын 326 жоба бар. Тек 2022–2026 жылдардың өзінде ЕАДБ қатысушы елдердің экономикасына 9 млрд доллар инвестиция құйды. Оның ішінде 5,2 млрд доллар инвестициялық міндеттемелер елімізге тиесілі, бұл банктің бұған дейінгі 15 жылдағы инвестиция­лар көлеміне тең. Кейінгі төрт жылда ел экономикасына салған инвес­ти­­ция көлемі жыл сайын 1 млрд дол­лардан астам болса, был­тыр ол 1,5 млрд долларға жетті. Еліміздің ЕАДБ-ның қазіргі инвес­тициялық портфеліндегі үлесі бүгінде 64,9%-ды құрайды. Банк­тің елімізге салған инвестиция­лары негізгі секторларға қа­рай бөлін­ген: шамамен 2,1 млрд дол­лар – өнер­кәсіп­ті дамытуға, 1 млрд доллар – энер­гетикаға, 1 млрд дол­лар – көлік инф­ра­құрылымына, 1 млрд доллар  қаржы секторына бағытталған.

Қаржы бөлінген маңызды жобалардың ішінде «Силлено» газ өңдеу зауытының, Атырау об­лысындағы KPI газ-химия кешені­нің құрылысы, тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарын жаң­ғырту, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы ЖЭО-ларды қайта жаңарту, тағы басқалар бар. Банк дәстүрлі энергетиканың да, жаңар­тылатын энергетиканың да дамуын белсенді қолдайды. Атап айт­қан­да, елімізде шамамен әрбір 8 кВт ЕАДБ қатысуымен өндірілген. Бұл – Қа­ра­ғанды, Түркістан, Ақмола, тағы да басқа облыстардағы жо­ба­лар. Көлік саласында ҚТЖ үшін лок­о­­­мо­тивтер мен жүк вагонда­рын жет­­кізу, автомобиль жолдарын ре­конс­­­трукциялау жобалары қар­­жы­­лан­­дырылды. Цифрлық бас­та­ма­­­лар қоры мен техникалық жәр­дем­­­десу тетік­тері арқылы ЖИ мен цифр­­­лық платформаларды дамыту са­­­ла­­сын­дағы жобаларға қолдау көрсетіледі.

Биыл да ЕАДБ ірі жобаларды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде, тау-кен өндіру секторы мен тағы да басқа салаларда қаржыландыруды жалғастырады. Атап айтқанда, Өскемендегі ЖЭО-ны жаңғырту жалғасады. Бұл қаланы жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға, жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан мен Қызыл­орда облыстарында жаңа өндіру­ші қуаттарды іске қосатын екі күн электр стансасын салу жос­парланған. Телекоммуни­кация саласында байланыс инфра­құрылымы мен цифрлық қамтуды дамытуға инвестициялар көзделген. Өнеркәсіпте өндірісті ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру көзделген.  

ЕАДБ басқарма төрағасы Банк­тің ел экономикасын дамыту­ға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жан-жақты жәр­дем­­десуге дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жат­қан Конституциялық реформа ин­вестициялық ахуалды да одан әрі жақсартуға ықпал ететінін жеткізді.

Премьер-министр мемлекеттің қазіргі басымдықтарына сәйкес келетін базалық инфрақұрылымды дамы­туға инвестиция салудың маңыз­дылығына тоқталды. Өзара іс-қи­мыл­дың басты бағыттарының бірі – елі­мізде де, басқа елдерде де бел­сен­ді дамып келе жатқан цифр­лық күн тәртібі. Бұл бағытта бірлесіп жұ­мыс істеуге айтарлықтай әлеует бар.

Кездесу қорытындысында сын­дарлы әріптестікті одан әрі нығай­тудың, ел экономикасының тұрақты дамуы мүддесінде инвес­тиция­лық ынтымақтастықты кеңей­тудің маңызды екені атап өтілді.