Кітап Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бағыты бойынша 2025 жылы жарық көрген. Автордың Қарағанды облысына жасаған шығармашылық сапарының жемісі. Ақын бұл жинақта өзінің ойын, сезімін, танымын, түсінігін, жанын дала дидарымен, қала бедерімен, табиғат көрінісімен астастыра жырлайды.
Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай Еламанның шығармашылығына жоғары баға беріп, оның поэзиясынан ішкі қайшылық пен терең сыршылдық байқалатынын атап өтті. Оның пікірінше, «Болмысымның бояуы» – Ертіс-Баян өңіріндегі кейінгі жас толқын арасындағы шоқтығы биік туынды.
«Ақынның ішкі әлемінде үнемі қайшылықтар болып жататынын аңғарамыз. Бір өлеңін оқып отырып, оны мұңшыл деп ұғынсақ, енді бір жырынан сыршыл ақын деп қабылдаймыз. Әдебиеттің таразысына салсақ, алдыңғы толқын кейінгі толқынға бөгет болмауы керек, ал кейінгі толқын алдындағы ағаларынан асып түсуге тиіс», дейді қаламгер.
Кітапты парақтай отырып, ақынның поэзияға ізденіспен келгенін байқаймыз. Ондағы «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт», «Нықтұрақ», «Сайыпқыран» поэмалары кітап жүгін салмақтандырып тұрғандай. Ақын түйсік танымын, өзінің ішкі дауыс ырғағына салып, болмыс бояуымен суреттейді. Адамның болмысы – жеке бір әлем. Оны әлі күнге дейін ешкім дөп басып таныған емес. Сол бір ішкі әлемнің қандай болатынын әртүрлі түспен кескіндеп, адамның қуаныш, өкініш, үміт, сенім секілді ішкі иірімдеріне терең бойлайды. Мәселен, «Қасым үйінде. Ішіме үңілу» атты циклдік топтамасына өз ішіне көзбен емес, «көңілмен үңілгенін» көреміз.
Еламан – әдебиетпен қатар, журналистік қызметті қатар алып келе жатқан азамат. Бірнеше кітаптың авторы ретінде Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Өткен жылы «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанды.
Павлодар облысы