Айбын • Бүгін, 08:30

Цифрлық мүмкіндік – әскер әлеуетінің өзегі

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарулы күштеріміздің цифрлық трансформациясы – қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Бұл жұмыс Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сай жүргізіліп жатыр, сондай-ақ армиямыздың қазіргі кездегі әрі болашақта алдымыздан шығуы мүмкін қауіп-қатерлерге тиісінше тойтарыс беруі үшін оның жауынгерлік даярлығын, әскерді басқару жүйесінің орнықтылығын әрі мүмкіндіктерін арттырудың тетігі ретінде қарастырылып отыр.

Цифрлық мүмкіндік – әскер әлеуетінің өзегі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазіргі әлемдегі әскери-саяси ахуал­дың жедел өзгеруі, геосая­си тұрақ­сыз­дықтың белең алуы, қақтығыстың гибридті фор­­ма­ларының кеңінен таралуы мен әскери салада цифр­лық тех­но­­логиялардың бел­сенді енгі­зілуі цифрландыру мәселесін стра­тегиялық ма­ңызға ие міндет деңгейіне шыға­рып отыр. Мем­лекет басшысы бүгінгі әскері­міз мобильді, жоғары технология­лы, өзгермелі жағдайға бейім болуға, уақтылы әрі сенімді деректерге негіз­делген басқару жүйесімен толық қамта­масыз етілуге тиіс екенін жиі айтып келеді. Бұл орайда цифрлық трансформация әскердің жауынгерлік қабі­летін арттырудың, басқару тиімділігін күшейтудің және жаңа сын-қатер­лерге жедел ден қоюдың шешуші факторы саналады.

Қорғаныс министрлігі Ақпа­раттық технологиялар депар­таментінің бастығы, подполков­ник Бекжан Мырзағалиевтің айтуын­ша, осы орайда Қарулы күш­терді цифрландыру қосалқы бағыт ретінде емес, мемлекет­тің қорғаныс қабілетін нығайту­дың, әскерді басқару жүйесінің тиім­ділігін арттырудың және барлық деңгейде шешім қабыл­дау жүйесін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.

«Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Қарулы күш­терде әскер мен қару-жарақты басқарудың авто­маттандырылған жүйелерін құру мен енгізудің ұйымдастырушылық, техни­калық әрі нормативтік іс-шаралар кешені кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған жүйе­лер барлық деңгейдегі командирлер мен штабтарға әскери-саяси және ағымдағы ахуал туралы, күш­тер мен құралдардың құрамы, олардың дайындық деңгейі мен қамтамасыз етілуі жөніндегі өзек­ті ақпаратқа жедел қол жеткізу мүмкіндігін береді», дейді подполковник Б.Мырзағалиев.

Оның айтуынша, автомат­тан­ды­рыл­ған басқару жүйелерін пайдалану қабыл­данатын ше­шім­дердің жеделдігін арттыруға, жоспарлау мен бұйрықтарды жет­кізу уақытын қысқартуға, бөлімше­лер іс-қимылының үйлесімділігін күшейтуге, сондай-ақ адам фак­торына бай­ланысты тәуекелдерді төмендетуге мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, бұл әскерлердің жауын­герлік даярлық деңгейі мен қойылған міндеттерді орындау қабілетіне тікелей ықпал етеді.

«Кадр даярлау, әскерге ша­қыру мен жұмылдыру үдеріс­терін цифрлан­дыру да – басым бағыттың бірі. Жеке құрамды есепке алудың бірыңғай цифр­лық контурын қалыптастыру дерек­тердің толықтығын, өзек­тілігін және шы­найылығын қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеру рәсімдері­нің ашық­тығын арттыруға, сондай-ақ кадрлық ресурстарды жоспарлау тиімді­лігін күшейтуге септігін тигізеді», деп түсін­дірді ҚМ Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы.

Подполковник Б.Мырзағалиев логистика мен ресурс­тарды бас­қаруды цифр­ландыруға да ай­рықша ден қойы­лып жатқа­нын айтты. Беріл­ген мәліметтерге қара­ғанда, Қарулы күштерде қару-жарақ пен әскери техни­каны, оқ-дәрілерді, материалдық-­тех­ни­калық құралдарды, меди­ци­на­лық және тылдық қамтама­сыз етуді ­автоматты түрде есепке алу жү­йелері кезең-кезеңі­мен енгі­­зіліп, одан әрі дамып жатыр. Мұн­дай тәсіл бюджет қаража­тын жұмсаудың ашық­тығын қамтамасыз етіп, бақы­лауды кү­шейтеді әрі лауазымды тұлға­лар­дың жеке жауап­кер­шілігін арттырады.

Сондай-ақ цифрлық логис­ти­ка жаб­дықтау үдерістерін оңтай­ландыруға, жоспарлау дәл­дігін арттыруға, техниканы жөн­деу мен техникалық қызмет көрсету­ге деген қажеттілікті дер кезінде анықтауға, бұған қоса әскер­лерді қамтамасыз ету бары­сында бей­біт уақыттағы күнде­лікті қызметте де, жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде де іркі­лістердің туындау ықтимал­дығын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сала мамандары цифрлық трансфор­мация жүйесінде жасан­ды интеллект технологияларын енгізу ерекше орын алатынын айтып отыр. Бұл технологиялар басқарушылық шешімдерді қолдау, тәуекелдерді бағалау мен әскери нысандарды күзету, қорғау тиімділігін арттыру мақса­тында қолданылады.

Ауқымды цифрландыру үде­­рісін жүзеге асыру осы салаға маман­данған әрі білікті кадр­ларсыз мүмкін емес екені белгілі. Соған байланысты Қарулы күш­тер қатарында заманауи цифрлық біліктілікке ие офицерлер мен мамандар корпусы даярланып жатыр. Азаматтық IT-сектормен, отандық сала мамандарымен және ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылып, қол­дан­балы сипаттағы білім бағдар­ламалары енгізіліп келеді.

«Цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, оның тәуе­келдері де ескеріледі. Цифрлық трансформация кезінде сенімді киберқорғанысты қамтамасыз ету мен технологиялық егемен­дікті нығайту мәселелері бірін­ші кезек­тегі маңызға ие. Осы­лайша, Қарулы күштердің цифр­лық мүмкіндіктерінің дамуы Президент тапсырмала­рын жүйелі әрі дәйекті орын­даудың нәтижесі болып отыр және ол заманауи, орнықты әрі тех­но­ло­гиялық тұрғыдан дамы­ған ар­мия қалыптастыруға ба­­ғыт­тал­ған стратегиялық ба­ғыт­­ты айқын­дайды», дейді Б.Мыр­за­ға­лиев.

Қорыта айтқанда, маман­дар цифрландыру үдерісі әскерді басқарудың тиімділігін арт­ты­рудың, қорғаныс жүйесінің ор­нық­тылығын қамтамасыз етудің, Қарулы күштердің қазіргі және болашақ сын-қатерлерге қарсы тұруы үшін қабілетін жан-жақты арттыру­дың шешуші факторына айналғанын бірауыздан айтады. Бұл – заман көшінен қалып қоймай, алдыңғы қатарлы елдермен бірге дамып, ілгері басу­дың бірден-бір жолы.

Соңғы жаңалықтар