Салтанатты шарада Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев кремний саласын дамыту еліміздің жоғары технологиялы өнеркәсібін қалыптастырудың, энергетикалық өтпелі кезеңді қамтамасыз етудің және елдің технологиялық егемендігін нығайтудың стратегиялық негізі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында белгілеген экономиканы әртараптандыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және тау-кен металлургия кешені аясында жоғары технологиялы өндірістерді іске қосу жөніндегі тапсырмаларға толық сәйкес келетінін атап өтті. Елімізде жартылай өткізгіштік кремний өндіруге арналған негізгі шикізат – кварцтың 40 миллион тоннадан астам қоры бар. Бұл елімізде шикізатты өндіруден бастап монокристалдық кремний құймаларын, жартылай өткізгіш пластиналарды және күн модульдерін шығаруға дейінгі толық технологиялық тізбекті қалыптастыруға бірегей мүмкіндік береді. «Критикалық материалдар өндірісі» жобасы аясында монокристалдық кремний құймалары мен жартылай өткізгіш фотоэлектрлік пластиналар шығаратын зауыт салу, сондай-ақ кристалл өсіру және жартылай өткізгіштік инжиниринг зертханасын құру көзделген», деп атап өтті А.Күрішбаев.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен еткен Кеңесте кремний саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оның барысында Ұлттық кремний кластері жобасы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асып жатқандығы, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілгендігі айтылды. Мақсаты – критикалық материалдар импортына тәуелділікті төмендету, күн энергетикасын, микроэлектрониканы және фотониканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, елдің экспорттық әлеуетін арттыру сияқты міндеттерді шешу. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының басым ғылыми-технологиялық жобаларды іске асырудағы, нәтижесін экономиканың нақты секторына енгізудегі рөлі туралы айтылды.
Кремний кластерін дамытуда Ұлттық ғылым академиясы ғылыми қолдау шараларын, озық технологияларды енгізу, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді, жоғары білікті кадрлар даярлауды, R&D-инфрақұрылымды дамытуды, патенттер алумен қатар халықаралық ғылыми басылымдарда нәтижелерді жариялауды қамтамасыз ететін болады.
Қазіргі кезде ғылым, мемлекет және бизнес арасындағы ұзақ мерзімді индустриялық және инновациялық нәтижеге бағытталған кешенді өзара іс-қимыл моделі қалыптасып жатыр. Ұлттық кремний кластері еліміздің өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық дамуының негізгі драйверінің біріне айналады. Ал зертхананың ашылуы мен өндірістің іске қосылуы еліміздің технологиялық тәуелсіздігіне, орнықты дамуына және болашағына салынған стратегиялық инвестиция болып табылады.