Референдум • Кеше

Жетісуда коалиция өкілдері кәсіпорын ұжымымен кездесті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Талдықорғанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Орталық Азиядағы аккумулятор батареяларын шығаратын ең ірі кәсіпорын – «Қайнар АКБ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жетісуда коалиция өкілдері кәсіпорын ұжымымен кездесті

Кездесу Жаңа Конституция жобасын және алдағы референдумды түсіндіруге арналды. Қатысушылар Ата заңның орнықты әрі әділетті мемлекет құрудағы маңызын талқылады. Мұндай мемлекетте түсінікті ережелер жұмыс істеп, азаматтардың құқықтары қорғалып, қоғам мен билік арасындағы сенім нығаяды.

Кездесуге қатысушылар өндіріс алаңдарындағы диалогтің маңызын ерекше атап өтті. Себебі тұрақтылыққа, болжамдылыққа және әділеттілікке деген сұраныс дәл осындай ортада айқын сезіледі. Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева, Мәжіліс депутаттары Руслан Қожасбаев пен Никита Шаталов, Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Асет Қыдырманов, сондай-ақ кәсіпорын басшылығы қатысты.

д

Аида Балаева өз сөзінде жоба нормаларын дұрыс түсіндірудің маңыздылығына арнайы тоқталды.

«90-жылдары да, қазір де зауыт өңірдегі өз саласының көшбасшысы болды. Мен «Қайнар» зауытының қаладағы тұрақты жұмыс істеген санаулы кәсіпорындардың бірі болғанына куәмін. Нарық жағдайы өзгерді, соған сәйкес кәсіпорын да жаңғыртылып, өңірлік көшбасшылық орнын сақтау үшін дамып келеді.

Әлем де, ел де өзгеріп жатыр. Жаңа жағдайда даму және жоғары қарқынды сақтау үшін біз ұзақ жылдарға арналған құндылықтар мен бағдарларды айқындауымыз қажет. Біздің таңдауымыздың негізі – Жаңа Конституция.

Оның мәтінінің негізінде формалды заң терминдері емес, ең алдымен – Адам, оның құқықтары мен қажеттіліктері тұр. Конституцияның осындай адамға бағдарлануы азаматтар мен мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері арасындағы нақты тепе-теңдікті және олардың арасындағы жаңа қатынастар жүйесін белгілейтін құқықтық құжатқа айналдырады», деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, елдің жаңа Ата заңы әр азаматтың еңбек етуге, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге және әділ еңбекақы алуға құқығын ең жоғары деңгейде бекітеді, кемсітудің кез келген түрін жоққа шығарады. Конституциялық нормалардың бірқатары өндірістік жарақаттануды, кәсіби ауруларды азайтуға және еңбекке қабілеттілікті сақтауға тікелей бағытталған.

Кәсіпорын атынан «Қайнар АКБ» ЖШС директоры Ербол Әжмағамбетов жоба төңірегіндегі қоғамдық талқылау мен өзара құрметке негізделген диалогтің маңызын атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік ауқымдағы әрбір шешім қоғаммен ашық диалог арқылы қабылдануы аса маңызды. Сіздердің қатысуларыңыз бен коалиция мүшелерінің жұмысының арқасында талқылау үдерісі ашық, мазмұнды өтуде. Кездесулер, баяндамалар, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы атқарылған жұмыстың ауқымын көріп отырмыз. Бұл сенімді нығайтады», деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Қожасбаев жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, құжат құқықтық жүйені жаңартуға және әділеттілікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауды, қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге басымдық берілетінін айтты.

Сондай-ақ Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Қыдырманов өз пікірін білдірді.

«Конституциядағы жеке меншіктің қол сұғылмаушылығы мен заң алдында теңдік туралы нормалар жаңа жұмыс орындарының, технологиялар мен мүмкіндіктердің пайда болуына кепіл болады. Экономикалық тұрақтылық – жалақының уақытылы төленуі, заманауи жабдықтар және адамдардың ертеңгі күнге сенімі», деді ол.

Аида Балаева жұмыс беруші мен мемлекеттік органдардың лайықты еңбек жағдайын жасау және әділ еңбекақы төлеу жөніндегі жауапкершілігі елдегі ең жоғары заңнамалық акт деңгейіне көтерілгенін де атап өтті. Бұл азаматтарға олардың құқықтары бұзылмайтынына кепілдік береді. Сондай-ақ еңбек нәтижесі кәсіби өлшемдерге сәйкес, жұмыс беруші мен жұмыскердің өзара келісімі негізінде бағаланатынын қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында қатысушылар жобаны ашық талқылаудың маңызын атап өтіп, референдум азаматтардың кең қатысуымен өтуі үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.

Соңғы жаңалықтар