Медицина • Бүгін, 08:52

Өтінім азаматтың жеке қатысуынсыз қаралады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтар айынан бері медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) шеңберінде мүгедектікті белгілеуге қатысты 9,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды.

Өтінім азаматтың жеке қатысуынсыз қаралады

Сурет: gov.kz

Былтыр сырттай форматта 113,1 мың өтінім қаралып, куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың 42,5%-ын қамтыды. Сырттай проактивті куәлан­ды­ру бірқатар нозологиялық нысанда қолданы­лады. Олардың қатарына онкологиялық ауру­лар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен, сонымен қатар жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, балалардағы мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар кіреді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметінше, былтыр  нозологиялық нысандар тізбесі едәуір кеңей­тіліп, гидроцефалия, аяқ-қолдың салдануы сияқты аурулар енгізілді. Осылайша, қазіргі таңда сырттай форматтағы куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысанда жүргізіледі.

Кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін­де Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша қо­лайлы жағдай жасауды, оларды инстанция­лармен, қағазбастылықпен әурелемей, көр­сетілетін қызметті берушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында елімізде медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы енгізілді. Бұл жағдайда өтініш берушіге тек тіркелген жеріндегі медицина­лық ұйымға жүгініп, қажетті тексеруден өту жеткілікті. Құжат­тар­ды жолдаудан бастап сараптамалық шешім шығаруға дейінгі барлық кейінгі кезең азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы жүзеге асырылады. Медициналық құжаттар ұйымдардан МӘС бөлімшелеріне электрондық форматта жолданады.

Сырттай куәландыруға көшу нәтижесінде әкімшілік, бюрократиялық кедергілерді жою­дың мүмкіндігі артады. МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мүгедектікті белгілеу мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анық­тауды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тәуекел­дері азаяды. 

Соңғы жаңалықтар